«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ТЖД хабарлайды

ТЖД хабарлайды
ашық дереккөз
ТЖД хабарлайды
Мектептерде оқу-жаттығу өтті Қыркүйектің 25-і мен 29-ы аралығында еліміздің мектептерінде төтенше жағдай кезінде әрекет етуге қатысты оқу-жаттығулар өтті. Шара барысында мектеп оқушылары, мұғалімдер мен мектеп әкімшілігі өрт, жер сілкінісі және тағы басқа төтенше жағдайлар кезінде әрекет етуге дайын болуы керек екені атап өтілді. Оқу-жаттығу шеңберінде Төтенше жағдайлар министрлігі қауіпсіздік жүйелерінің жұмысын бақылады. Мониторинг мектептердегі қауіпсіздік жүйелерінің тиімділігін бағалауға және әлсіз тұстарды анықтауға мүмкіндік берді. Оның нәтижелері бойынша білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік шараларына қажетті өзгерістер мен жетілдірулер енгізілмек. Ведомство мектептегі балалардың қауіпсіздігі басты назарда екенін, мұндай шаралардың өткізілуі балаларға қауіпсіз ортаның қалыптасуына ықпал ететінін атап өтті.   Еңбегіне қарай – Марапат Облыстық төтенше жағдайлар департаментінде Еңбек күніне орай азаматтық қорғау органдарының жүйесін дамытуға үлес қосып, ерекше көзге түскен, салада елеулі өтілі бар бір топ қызметкер марапатталды. Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Мақсат Әкімбаев облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, азаматтық қорғаныс басқармасының офицері, майор Думан Кудешов облыс әкімінің Алғыс хатымен, ал төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау майоры Дархан Жапаров Тараз қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Департамент бастығы Ермек Момбаев азаматтық қорғау органының қызметкерлерін құттықтап, игі істе шыдамдылық пен табандылық, еңбек жетiстiктерiн тiледi.   Кәсіби тәжірибені жетілдіру жолында Адам өмірін өрттер мен түрлі сипаттағы төтенше жағдайлардан құтқаратын азаматтық қорғау қызметінің мамандары әрдайым физикалық тұрғыдан мықты болуы әрі кәсіби білімдерін үнемі шыңдап жүруі тиіс. Осыған орай, жақында ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері газ-түтіннен қорғау қызметі буынының қолайсыз ортада жұмыс істеу тәсілдеріне машықтануы тақырыбында сабақ өткізді. Сабақтың бірінші кезеңі теория бойынша өтіп, одан әрі өрт сөндіру бөлімінің аумағында орналасқан жылу-түтін камерасы оқу ғимаратында тәжірибелік тұрғыда жалғасты. Түрлі жаттығулар мен дене қимылдарын жасап, бойларын қыздырған жеке құрам тыныс алу аппаратына қосылу әдістерін үйреніп, аппаратқа қосылған соң жылу-түтін камерасына кіріп, «зардап шегушіні» (маникен) алып шығу тәсілдеріне машықтанды.   Маңызды тақырыптар талқыланды Жуалы ауданында 7 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы мен төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбында жиын өтті. Сонымен қатар, жол ережесін, қызметте және қызметтен тыс уақытта қоғамдық орындарда тәртіп сақтау жайы кеңінен қозғалған жиынға «Аmanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбеков, әкімшілік полиция бөлімшесінің қызметкері Ержан Төрегелдиев қатысып, көтерілген маңызды тақырыптар бойынша сөз сөйледі. Жеке құрам да өз кезегінде көкейде жүрген сауалдарына тиісті жауаптар алды. Айта кеткен жөн, мұндай бағыттағы жиналыстар тоқсан сайын өткізіліп келеді.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Ұқсас жаңалықтар