Этносаралық келісім – өміршеңдік оттегі

Этносаралық келісім – өміршеңдік оттегі
ашық дереккөз
Этносаралық келісім – өміршеңдік оттегі

21Рано Убайдуллаева, облыстық «Достық үйінің» директоры.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қай кезде болмасын көпұлтты еліміздегі ұлттар достығын әрдайым нығайта түсуді күн тәртібінен түсірген емес. Құс ұшса қанаты талатын сахара даланы ен жайлаған қазақ топырағында жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері бақытты да баянды ғұмыр кешіп келеді. Оның бәрі Елбасының сарабдал саясатының арқасы. Елбасы он бірінші қараша күні Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында да этносаралық келісімнің маңызына айрықша тоқталды. «Ақпыз, қарамыз, сарымыз, ағайынбыз бәріміз» деген пайымды ойды тағы бір мәрте еске салды. Алдағы жылдың басты құжатында Елбасы ұлы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген пәлсапалық ұғымын кезекті мәрте ойымызға түсірді. Иә, ынтымағы берік, іргесі нық, татулығы жарасқан елдің ғана болашағы жарқын болмақ. «Этносаралық келісім – ол өміршеңдік оттегі. Біз дем алған кезде оны байқамаймыз, ол өздігінен болады – біз тек өмір сүреміз. Бірлігіміз бен этносаралық келісімді біздің өзіміз сақтауға тиіспіз. Оны біз үшін ешкім ешқашан сырттан келіп жасамайды. Біздің жастарымыз жаңа, тәуелсіз елде өсіп келеді. Бүгінгі буын 90 жылдардағы этносаралық соғыстар мен қақтығыстарды, күйреуді көрген жоқ. Сондықтан көпшілігі Қазақстандағы тұрақтылық пен қолайлы өмірді туғаннан солай болуға тиіс сияқты қабылдайды», – деді Президент өз сөзінде. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Әбішұлы алдағы жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституцияның жиырма жылдығын атап өту керектігіне де айрықша тоқталды. Бұл бізге жасалған қамқорлық. Өңірімізде 25 этномәдени бірлестік бар болса, сексеннен астам ұлт пен ұлыс өкілдері бейбітшілік пен келісімнің, тұрақтылықтың куәсі болып, шадыман өмір сүруде. Олардың әрқайсысы көпұлтты еліміздің баянды дамуына, өркениет көшімен бірге өркендеуіне ден қойып, жұмыс жасап, атсалысып жүр. Елбасының бұл Жолдауы бізді де жігерлендірді. Қанаттандырды. Үлкен әсермен тыңдадық. Алдағы уақытта да біз өз тарапымыздан Президент тілге тиек еткен айқын мақсаттар мен мұраттар жолында аянбай еңбек ететін боламыз. Өйткені, елдің дамуына этнос өкілдері де қолдарынан келгенше сүбелі үлес қосуға әзір.

Ұқсас жаңалықтар