«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаңа жетістіктерге жігерлендірді

Жаңа жетістіктерге жігерлендірді
ашық дереккөз
Жаңа жетістіктерге жігерлендірді

17Мырзабай БЕКНАЗАРОВ, «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС директоры.

Мемлекет басшысы жексенбі күні еліміздің жетекші телеарналарының журналистеріне берген сұхбатында сөзді бірінші көлік инфрақұрылымын дамытудан бастады. Биылғы қараша айында жарияланған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында да осы салаға басымдық берілген еді. Сұхбаттағы «...Тек қана мемлекет, күшті мемлекет, жағдайы бар мемлекет жол салады» дегеннен-ақ еліміздің экономикасының қарыштап өскенін аңғару қиын емес. Жол салуға бетон керек, асфальт керек, темір керек, басқа да толып жатқан материалдар керек. Ал жолға негізгі қажетті материал – бетон екенін ескерсек, ол гипссіз шықпайды. Қандайда құрылыс болсын, оған гипс қажет. Жалпы біз Елбасы Жолдауы жарияланысымен жұмысымызды одан сайын ширата түскен едік. Сұхбат жұмыс қарқынын одан сайын арттыра түсуге ұмтылдырды. Біздің серіктестік «Үлкен-Бұрылтау» кен орнынан гипс тасын өндіріп, ұсақтап, тұтынушыларға өткереді. Өнімімізді құрылыс және цемент зауыттарына жөнелтеміз. Негізгі тұтынушыларымыз – «Жамбыл өндіріс-цемент», «Бұқтырма-цемент» компаниялары мен Қарағанды, Семей цемент зауыттары. Өнім көлемін жылдан-жылға ұлғайтып келеміз. Мәселен, 2005-2009 жылдары жылына 300-350 мың тонна ғана гипс тасын өндірсек, былтыр 590 мың тоннаға жетті. Биылғы болжам – 680 мың тонна. Кен орындарында әлемге әйгілі «Вольво», «Комацу» және «Сандвик» сынды компаниялардың техникалары пайдаланылады. Биыл халықаралық сапа менеджменті жүйесінің «ОНSAS 1800: 2007» стандарты және экология мен сапалық сертификаттарын иелендік. Қызметкерлерден өнімді еңбекті талап ету үшін бірінші олардың жағдайын жасау керек. Бұл мәселе серіктестік ашылған 2005 жылдың қазан айынан бері күн тәртібінен түскен емес. Қызметкерлер арнайы киіммен қамтамасыз етілген. Өндіріс қауіпсіздігін сақтау мақсатында қажетті жабдықтар берілген. Түскі ас серіктестік есебінен. Бізде еңбек ететін 71 қызметкердің орташа жалақысы 108 мың теңге. «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС еңсесін көтеріп, өңір экономикасының өркендеуіне үлес қосып жатса, бұл – Елбасының шағын және орта бизнеске жасап отырған ерекше қамқорлығының арқасы. Сондықтан да, біз бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында аудандағы Бірлесу-Еңбек және Жеміс-Октябрь ауылдарына қамқорлық жасап келеміз. Атап айтсақ, медициналық пункт, стадиондар, балалар алаңдарын салып бердік. Бұдан да бөлек, әртүрлі шараларға демеушілік көрсетеміз. Аудан бойынша бірнеше жыл қатарынан ең үздік салық төлеуші ретінде марапатталсақ, 2010 жылдың қорытындысы бойынша облыс бойынша ең үздік салық төлеуші атандық. «Парыз» конкурсына жыл сайын қатысып, мерейіміз үстем болуда. Елбасының «... Бұл бағдарламадағы ең басты тармақ – шағын және орта бизнесті қолдау. Жұмыс орындарын шағын және орта бизнес құрады. Онда адамдар жұмыспен қамтылған. Ал өндіріс икемділігімен ерекшеленеді» деуі бизнесте еңбек етіп жүрген миллиондардың көңілін тағы да шат-шадыман күйге бөледі әрі үлкен міндеттер жүктейді. Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар