Өңір өнеркәсібінде оң үрдіс бар
Облысымыздың табиғаты, құнарлы топырағы ауыл шаруашылығына өте қолайлылығымен қатар, химиялық элементтерге де бай. Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану арқылы өңірде өндіріс өркен жайған десек, артық айтқандық емес. Қазыналы Қаратаудың қойнауынан алынатын сары фосфор мен оның өнімдері өз еліміздің сұранысына қарай қажетін қамтамасыз етумен қатар, шетелдерге де ұзақ жылдан бері экспортталып келеді. Бүгінде облыста жыл басынан бері 839 өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істейді. Оның ішінде он төрті ірі кәсіпорын болса, жиырма бірі орта, сегіз жүз төрті шағын кәсіпорындар. Аталған кәсіпорындарында 45,7 мыңнан астам адам еңбек етеді. Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, өңірде өнеркәсіп саласының даму динамикасында оң үрдіс сақталуда.
– Биыл қаңтар мен шілде айлары аралығында облыстың өнеркәсіп кәсіпорындарымен 510 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 107,8 пайызды құрады. Тау-кен өндіру өнеркәсібі саласында өндірілген өнім көлемі 60,3 миллиард теңгені, яғни өткен жылмен салыстырғанда 114,2 пайызды құрады. Бұл саланың жалпы өндірілген өндірістік өнім көлемінде үлес салмағы 11,8 пайызға жетті. Ал, өңдеу өнеркәсібі саласында өнім көлемі 365,5 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 108,2 пайызды көрсетті. Бұл саланың жалпы өндірілген өндірістік өнім көлеміндегі үлес салмағы 71,6 пайыз. Келесі салаларда өнім көлемінің артуының нәтижесінде өнеркәсіп өнімінің көлемінде өсім байқалады. Нақтырақ тоқталсам, олар – химия өнеркәсібі (+56,0%), жеңіл өнеркәсіп (+29,3%), машина жасау (+49,6%).
Өнеркәсіп өнімі көлемінің артуына кәсіпорындарда жаңа өнім түрінің өндірілуімен және жаңғырту жұмыстарының жүргізілуі нәтижесінде қол жеткізілді. Облыс өнеркәсібінің дамуын ынталандыру үшін өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының дамуына, ішкі нарықты отандық бәсекеге қабілетті тауарлармен қамтамасыз етуге негізгі міндеттерді іске асыру арқылы кедергі келтіретін жүйелі проблемалар мен кедергілерді шешуіміз қажет. Осы орайда ішкі және сыртқы нарықтарда тауарлар номенклатурасын кеңейту жөніндегі міндеттерді іске асыруда мынадай шаралар атқарылып жатқанын атап өткім келеді.
Алдағы 2026 жылға дейін қара металлургияда құрылыс арматурасын, түсті металлургияда Доре қорытпасының алтын өндірісі, химия өнеркәсібінде натрий цианиді, минералды тыңайтқыштар және тағы басқа құрылыс индустриясында кірпіш (керамика, керамзит), темірбетон, бетон, құрғақ қоспалар және тағы басқа тауарлар өндірісін ұлғайту жоспарлануда.
Мәселен, қара металлургия саласында – «Тараз арматура зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылдық қуаттылығы 200 мың тоннаға дейінгі құрылыс арматурасын өндіру жобасын іске асыруда. Химия өнеркәсібінде – «Talas Investment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі натрий цианидін өндіруді 30 мың тоннаға дейін кеңейтуді жоспарлап отыр.
«ЕвроХим Тыңайтқыштар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Минералды тыңайтқыштар өндіретін Химиялық зауыт құрылысын жүргізуде. «Qazaq Soda» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кальцийленген сода өндіретін зауыт салу жобасын іске асыратын болады.
Құрылыс материалдары өндірісінде «Жамбыл гипс» акционерлік қоғамы өндірілетін тауарлар номенклатурасын, яғни гипсокартон, құрғақ қоспаларды, «Алина ПРО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі плиталар, құрғақ қоспалар және басқа да өнімдерінің қатарын кеңейтуде.
Жеңіл өнеркәсіпте отандық шикізатты қайта өңдеуге, сондай-ақ аяқ киім, маталар, тоқыма бұйымдарын өндіруге бағытталған тауарларды өндіру жоспарлануда. Өңдеу өнеркәсібі саласындағы жобаларды іске асыру үшін «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы және «Тараз» Республикалық маңызы бар индустриялық аймақтарының қызметтері жандандырылуда. Кәсіпорындар үшін «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде қажетті инженерлік – коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады, – дейді Аспандияр Мұраталыұлы.
Облысқа тартылған инвестиция қатары артып келеді
Биылғы 8 айда облысқа 268,1 миллиард теңге инвестиция тартылыпты, өсім 7,2 пайызды құраған. Өткен жылы 62 миллион АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылған. 2021 жылдың тиісті кезеңінде 20,2 миллион АҚШ долларына инвестиция тартылғанын салыстырғанда 3 есеге артқаны байқалады. Биылғы І тоқсанның қорытындысында 30,9 миллион АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылған. – Облысымыздың инвестициялық ахуалын бағалауда, сондай-ақ қажетті шараларды ұйымдастыру мақсатында апта сайын осы бағыттағы штаб отырысы өткізіліп тұрады. Жыл басынан бері 38 штаб отырысы өткізіліп, 95 жоба, оның ішінде жалпы құны 1,3 триллион теңгені құрайтын 23 шетелдік инвестициялық жобалар қаралды. 80 миллиард теңге инвестиция тартылды. Атап айтсақ, құрылыс саласына 10 миллиард теңге («Кнауфгипс Тараз» ЖШС, «Kazchemtraiding» ЖШС), химия саласына 13 миллиард теңге («Талас инвестмент компани» ЖШС, «Азиячем» ЖШС), жаңартылған энергия көздеріне 7 миллиард теңге («Шокпарская ВЭС» ЖШС), өнеркәсіп саласына 39 миллиард теңге («Жанашыр Проджект» ЖШС, «Корцем» ЖШС, «Шагала Майнинг» ЖШС, «Qazaq Soda» ЖШС) инвестиция әкелінді. Бұдан бөлек, құны 1,2 миллиард теңгеге 22 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Құны 500 миллиард теңгені құрайтын 17 перспективалық жобалар әзірленді. Келесі жылға дейін 1,9 триллион теңгеге 4 мың жұмыс орнын құра отырып, 60 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Оның ішінде құны 1,6 триллион теңге болатын ТОП-10 әлеуметтік және экономикалық маңызды инвестициялық жобалар қалыптастырылды. Құны 1,6 триллион теңге боларлық шетелдік 12 инвестициялық жоба іске асырылуда. Биыл жыл аяғына дейін 93,1 миллиард теңгені құрайтын 16 инвестициялық жобаның іске асырылуы жоспарланып, 272 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде, – дейді Аспандияр Мұраталыұлы. Сондай-ақ, облыста өнеркәсіптік-инновациялық жобалардың бірыңғай индустрияландыру картасы бойынша жалпы құны 1842,8 миллиард теңгені құрайтын 42 өнеркәсіптік-инновациялық жоба жүзеге асырылуда. Жобаларды іске асыру барысында құрылыс кезінде 2936 және іске қосылу кезінде 4565 жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Биыл жалпы құны 27,7 миллиард теңгені құрайтын 4 жобаны іске асырумен 200 жаңа жұмыс орнының ашылуы жоспарлануда. Келер жылы жалпы құны 34,9 миллиард теңгені құрайтын 5 өнеркәсіптік-инновациялық жобаны іске асырып, сол арқылы 426 жаңа жұмыс орнының ашылуы көзделуде. 2025 жылы жалпы құны 501,3 миллиард теңгені құрайтын 20 жоба іске асырылып, 2088 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Ал, 2026 жылы жалпы құны 1222,2 миллиард теңге болатын 5 жобаны іске асыру және 1226 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарда бар.Баға тұрақтылығы – басты назарда
Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының инфляциясы жыл басынан бері 3,9 пайызды құрап, республикада 9-орыннан көрінгенімізді ескеріп, баға тұрақтылығын қамту үшін нендей жұмыстар атқарылып жатқанын да басқарма басшысынан сұрадық. – Көкөніс тауарларының маусымаралық кезеңде бағасын тұрақтандыру мақсатында ақпан айының басынан бері барлығы 3063 тоннаға интервенция жүргізілді. Жыл басынан бері артық делдалдық буынды жою комиссиясының 70 отырысы өтіп, нәтижесінде осындай 43 делдалдық буын жойылды. Облыс бойынша 180 ірі сауда дүкеніне делдалсыз 2961 тонна 9 тауар (ұн, тауық еті, сүзбе, тұздалмаған сары май, рожки, жұмыртқа, тұз, қант және айран) түрі бойынша тікелей жеткізу жұмыстары ұйымдастырылды. Өңіріміздегі 244 ірі сауда желілерімен 11 412,5 тонна көлемінде 10 (ұн, тауық еті, ет, тұздалмаған сары май, рожки, сүт, пияз, картоп, қырыққабат және сәбіз) тауар түрі бойынша күзгі форвардтық келісім жасалды. Сонымен қатар, 103 жәрмеңке өткізіліп, 993,3 миллион теңгеге 3,8 мың тонна арзандатылған ауыл шаруашылығы өнімдері сатылды. Бұл ретте сауда үстемесін көтермеу туралы 199 тауар өндірушілермен, 1091 сауда дүкендерімен 1290 меморандум жасалынды. Өткен жылы облыста «айналым схемасы» арқылы қаржыландыруды 5,5 миллиард теңгеге жеткізу бойынша индикатор белгіленген болатын. Бүгінгі таңда жергілікті бюджеттен индикатор толық орындалып, «айналым схемасына» бағытталған қаражат 5,5 миллиард теңгені құрады. Бөлінген қаражат әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және тапшылығын болдырмау мақсатында игерілуде. Бүгінде жыл басынан бері барлығы 11 103 тоннаға көкөніс тауарларына форвардтық келісімдер жасалды, – дейді басқарма басшысы Аспандияр Сейсебаев.Жамбылдық кәсіпкерлер қолдаудан кенде емес
Айта кету керек, кәсіпкерліктің өрісін кеңейтуде несие беріп, мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау көрсету де жүйелі жүзеге асырылып келеді. Мәселен, биылғы сегіз айда облыста орналасқан қаржы институттарымен 38 615 кәсіпкерге 111,9 миллиард теңге несие берілген. Бұл қаражаттың 59,8 пайызы, яғни 66,9 миллиард теңгесі екінші деңгейлі банктер арқылы, 12,8 пайызы, яғни 14,3 миллиард теңгесі «ҚазАгро» Ұлттық Басқарушы Холдингінің еншілес компаниялары арқылы, 21,4 пайызы, яғни 23,9 миллиард теңгесі микроқаржы ұйымдары арқылы, 6 пайызы, яғни 6,7 миллиард теңгесі «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы несиелендіріліпті. Берілген несиелердің 44,4 миллиард теңгені құрайтын 3417 жобасы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылған. – Облыста кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде шағын және орта бизнес субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын іске асыруға биыл 15,6 миллиард теңге бөлінді. Жалпы, сегіз айдың қорытындысымен «Ұлттық жоба» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында 21,5 миллиард теңгені құрайтын 1002 жобаға қолдау көрсетілген. Облысымыз 2010-2023 жылдар аралығындағы облыстар бөлінісіндегі рейтингте субсидия құралы аясында қаржыландырылған 6144 жобамен 5-орында, кепілдендіру құралы аясында қаржыландырылған 4348 жобамен 2-орында тұр. Ал, биыл облыстар бөлінісіндегі рейтингте субсидия құралы аясында қаржыландырылған 537 жобамен 6-орында болса, кепілдендіру құралы аясында қаржыландырылған 477 жобамен 4-орыннан көрінді. Өткен жылдың қорытындысымен облысымыз субсидия құралы аясында қаржыландырылған 2124 жоба арқылы 2-орынмен, кепілдендіру құралы аясында қаржыландырылған 2005 жобамен де 2-орынмен жылды аяқтаған еді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жыл басынан 15 145 кәсіпкерлік субъектісі жұмысын бастап, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 107717 бірлікті құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 135,4 пайызға өсті. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың І тоқсанына шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны 157 125 адамнан асып, жыл басымен салыстырғанда 122 пайызға өсті. Ал, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан 129,5 миллиард теңгенің өнімі (жұмыс, қызмет) өндіріліп, 11,5 пайызға артты. Жалпы, өңірлік өнімдер үлесі 20,5 пайызды құрап, қосылған құн көлемі 112,3 миллиард теңгені құрады. Жыл соңына дейін жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін 110 мыңға дейін, оларда жұмыспен қамтылған адамдар санын 160 мыңға дейін өсіру жоспарлануда. Сонымен қатар, жалпы өңірлік өнімдер үлесінің биылғы жоспары 23,5 пайызды құрайды, – дейді А.Сейсебаев. Жамбылдық кәсіпкерлер мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауды пайдалана отырып, өңірдің экономикасын ілгерілетуге үлкен үлес қосып отырғаны байқалады. Кәсіпкерлік саласының аясы да күн санап кеңейіп келеді.Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді