Уақыт – зымыран. Облыс әкімиятының 2004 жылғы 29 желтоқсандағы 337 қаулысымен құрылған облыстық «Жастар орталығына» биыл 10 жыл толды. Бастапқыда ішкі саясат департаментінің бағынысындағы коммуналдық қазыналық кәсіпорын болып ашылған орталық бүгінде облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасына қарасты мекеме ретінде жұмысын жалғастыруда. Сонымен қатар, осындай орталықтар облысымыздың барлық ауданы мен Тараз қаласында да ашылып, бүгінде 250-ден астам жас осы мекемелерде еңбек етуде. Мұның бәрі де мемлекет тарапынан жастарға жасалып жатқан қамқорлықтың ұшан-теңіз екенін көрсетсе керек.
Міне, осылайша алғашқы онжылдықты артқа тастаған облыстық «Жастар орталығы» өзінің төл мерейтойын танымдық-тағылымдық мәні зор шаралармен атап өтті. Ең алдымен, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Жастар сарайында» «Жастар орталығының қызметі мен болашақ перспективалары» тақырыбында конференция жұмысын бастады. Оны облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Құралбаев ашып, жүргізді. Басқосу барысында облысымызда мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асу барысы, «Жастар орталығының» қалыптасу жылдары мен алдағы айқын мақсаттарын қамтыған мазмұнды баяндамалар жасалды. Конференция «Нұрлы жол – болашақ жолы», «Ғаламтор кеңістігі – жастардың ақпарат алмасу құралы», «Жастардың бүгінгі мүмкіндіктері және болашаққа бағдар» тақырыптарындағы секция отырыстарымен жалғасты. Басқосуларда облыстық «Жастар орталығының» директоры Ерболат Әмірбеков, облыстық «Арай» газеті бас редакторының орынбасары Дәулет Төленді, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының төрайымы Парида Мамедова және басқалар жастар мәселелеріне қатысты құнды ұсыныстарымен бөлісіп, жан-жақты пікір алмасуға сеп болды. Конференция соңында арнайы қарар қабылданды.
Осы күні сондай-ақ, облыс жастары активінің қатысуымен Назарбаев зияткерлік мектебі аумағында шырша егу рәсімі және Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Жастар орталығының» кубогы үшін «Жайдарлы» жастар лигасының ойыны өткізілді. Көңілді тапқырлар сайысында арнайы кубокты М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің командасы жеңіп алды. Мерекелік шаралар «Жеті қазына» мейрамханасындағы салтанатты кеште қорытындыланды. Іс-шара барысында жастар саясатының дамуына үлес қосқан үздіктер марапатталып, бағалы сыйлықтар табыс етілді. – «Жастықтың оты жалындап, жас жүректе жанған шақ» деп Абай атамыз айтқандай, қазір қол қусырып қарап отыратын уақыт емес. Елбасы өзінің «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында атап көрсеткендей, мемлекет жаңа буынның алдында барлық жолдар мен есіктерді ашты. Мемлекеттік жастар саясатына баса назар аударылуы да – соның бір дәлелі. Біздің алға қойған мақсатымыз айқын. «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара» отырып, біз межеленген биіктерді бірге бағындыратын боламыз. Бүгінгі шаралар барысында облысымыздың түкпір-түкпірінде жұмыс істеп жатқан жастар көшбасшыларының басын қосып, ынталандыруды мақсат тұттық, – дейді облыстық «Жастар орталығының» директоры Ерболат Әмірбеков. Сонымен жыл қорытындысы бойынша Талас аудандық «Жастар орталығы» «Ең үздік орталық» деп танылды. Тараз қаласы мен өзге аудандар да сый-сияпатсыз қалған жоқ. Сонымен қатар, үздік жоғары және арнаулы оқу орындары, бұқарлық ақпарат құралдары, қоғамдық бірлестіктер, жастар ісі жөніндегі комитет төрағалары мен ауылдың ең үздік инструкторлары марапатталды. Жас әнші Серік Ибрагимов пен «Әдемі-ай» дуэті әсем әуендерімен кеш көрігін қыздырды. Салтанатты шара «Жастар орталығы» Әнұранының шырқалуымен өз мәресіне жетті.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді