4 мың жұмыс орны... 60 инвестициялық жоба...

4 мың жұмыс орны... 60 инвестициялық жоба...
ашық дереккөз
4 мың жұмыс орны... 60 инвестициялық жоба...
Өңірде биыл 839 өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс атқарса, оның ішінде, 14 ірі кәсіпорын, 21 орта, 804 шағын кәсіпорын бар. Аталған кәсіпорындардың 45,7 мыңнан астамында жалпы 43 151 адам жұмыс істейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында кәсіпкерлік саласына ерекше назар аударғаны белгілі. Ел Президенті өз сөзінде бұл жұмыста бәрін басынан бастап реттеу керектігін және тапсырма екі жылдан бері орындалмай келетінін айтқан болатын. Сонымен қатар, жүздеген, тіпті мыңдаған заңнамалық құжат пен нұсқаулықты қайта-қайта түзете бергеннен ештеңе шықпайтынын, оның орнына ықшам әрі түсінікті жаңа ережелерді бекіткен жөн екенін мәлімдеген еді. Одан бөлек, мұндай тәсілді 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап толық енгізу қажеттігін жеткізді. «Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл – негізгі талап. Сонымен қатар, мемлекеттен көмек алатын бизнес өкілдерін анықтайтын автоматты жүйе енгізіледі. Мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалады. Бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басты назарда болады. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуды бірыңғай платформаға көшіру қажет. Осының бәрін жүзеге асыру үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылдануға тиіс. Қазір көптеген жоба кейбір кәсіпкерлер мен шенеуніктердің майшелпегіне айналды. Келісімшарттар ашық және конкурстық негізде жасалуға тиіс. Осы мақсатта тиісті заң қабылдау қажет», деді ел Президенті. Ал, біздің өңірде кәсіпкерлік саласына қатысты Президент тапсырмалары қаншалықты деңгейде орындалуда? Осы және өзге де толғандырған сұрақтар бойынша облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевпен сұхбаттасқан едік. Басқарма басшысының айтуынша, биыл қаңтар-шілде айларында облыстың өнеркәсіп кәсіпорындарымен 510,0 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 107,8 пайызды құраған. Сонымен қатар, қара металлургия саласында – «Тараз арматура зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылдық қуаттылығы 200 мың тоннаға дейінгі құрылыс арматурасын өндіру жобасын іске асыруда. Сол секілді химия өнеркәсібінде – «Talas Investment Company» серіктестігі натрий цианидін өндіруді 30 мың тоннаға дейін кеңейтуді жоспарлап отыр. «ЕвроХим Тыңайтқыштар» серіктестігі минералды тыңайтқыштар өндіретін химиялық зауыт құрылысын жүргізуде. Одан бөлек, «Qazaq soda» серіктестігі кальцийленген сода өндіретін зауыт салу жобасын іске асыратын болса, құрылыс материалдары өндірісінде «Жамбыл гипс» акционерлік қоғамы өндірілетін тауарлар номенклатурасын кеңейтуде. Жеңіл өнеркәсіпте отандық шикізатты қайта өңдеуге, сондай-ақ аяқкиім, маталар, тоқыма бұйымдарын өндіруге бағытталған тауарларды өндіру жоспарланған. Өңдеу өнеркәсібі саласындағы жобаларды іске асыру үшін «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы және «Тараз» Республикалық маңызы бар индустриялық аймақтарының қызметтері жандандырылуда. Кәсіпорындар үшін «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады. Аспандияр Мұраталыұлының сөзіне сүйенсек, облыста биылғы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша, 268,1 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұдан бөлек, құны 1,2 миллиард теңгеге 22 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Құны 500 миллиард теңгені құрайтын 17 перспективалық жобалар әзірленген. 2026 жылға дейін 1,9 триллион теңгеге 4 мың жұмыс орнын құра отырып, 60 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Осы жылы 93,1 миллиард теңгені құрайтын 16 инвестициялық жобаның іске асырылуы жоспарланып, 272 жаңа жұмыс орны ашылуы көзделіп отыр. Жалпы сегіз айдың қорытындысымен «Ұлттық жоба» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында 21,5 миллиард теңгені құрайтын 1002 жобаға қолдау көрсетілген. – Облысымыз 2010-2023 жылдар аралығындағы облыстар бөлінісіндегі рейтингте субсидия құралы аясында қаржыландырылған 6144 жобамен 5-ші орында, кепілдендіру құралы аясында қаржыландырылған 4348 жобамен 2-ші орында тұр. Биыл облыстар бөлінісіндегі рейтингте субсидия құралы аясында қаржыландырылған 537 жобамен 6-орында, кепілдендіру құралы аясында қаржыландырылған 477 жобамен облыстар бөлінісінде 4-ші орында. Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау арқасында жыл басынан 15 145 кәсіпкерлік субъектісі жұмысын бастап, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 107 717 бірлікті құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 135,4 пайызға өсті. 2023 жылдың 1-ші тоқсанында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан 129,5 миллиард теңге өнімін өндірді. 2023 жылдың 1-ші тоқсанына жалпы өңірлік өнімдері үлесі 20,5 пайызды құраса, жалпы қосылған құн көлемі 112,3 миллиард теңгені құрады. Жыл соңына дейін жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 110 мыңға дейін және шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылған адамдар санын 160 мыңға дейін өсуі жоспарлануда, – дейді басқарма басшысы. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту – елімізде алдыңғы орынға шығарылып отырған мәселелердің бірі десек, экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралы. Сондықтан, облысымызда да шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында түрлі жобалар қолға алынып, сәтті жүзеге асып келеді.  

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар