Пиязға өзге өңірлерден сұраныс көп

Пиязға өзге өңірлерден сұраныс көп
ашық дереккөз
Пиязға өзге өңірлерден сұраныс көп
Облысымыздың пияз өсірушілерімен республикамыздың басқа өңірлері арасында келісімшарт жасау мақсатында пияз жәрмеңке-көрмесі ұйымдастырылды. Оған республиканың барлық өңірінен келген мемлекеттік органдардың және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктерінің өкілдері қатысты. Жалпы, еліміздегі пияздың 70 пайызы облысымызда өсіріледі. Қазіргі уақытта өнімді жинау жұмыстары қолға алынған. Бүгінгі күні 302,4 мың тонна өнім жиналып, әр гектардан алынған орташа өнім гектарына 284,6 центнерді құрап отыр. Бұл дақылдың егіс көлемі соңғы 5 жылда 10 мың гектарға артып, 1 гектардан алынатын өнім көлемі де көбейген. Қазіргі уақытта Әулиеата пиязы Ресейдің Қиыр Шығысынан бастап, Еуропа елдеріне дейін экспортталуда. Айта кету керек, аймақта өсірілетін пияз дақылының 19,1 мың гектарына су үнемдеу технологиялары қолданылады. Көрмеге қатысушылар Жамбыл ауданы, Гродеково ауылдық округіндегі пияз өсіруші «Надежда» шаруа қожалығының пияз алқабымен танысты. Онда Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ербол Жиенқұлов егістік пен шаруа қожалықтың қызу тірлігі жайлы баяндады. – Биыл ауданда 5 595 гектар жерге пияз егілді. Мұнда 17 ауылдық округ, 42 елді мекен бар. Осы жылы «Надежда» шаруа қожалығы 15 гектар жерге пияздың ұзақ уақыт сақтауға болатын «Манас» тұқымын екті. Шаруашылық суды үнемдеу технологиясын пайдаланып отыр. Қазіргі таңда жинау жұмыстары жүріп жатыр, болған соң қоймаға жіберіледі. Өздеріңіз білесіздер, егер осы 154 гектар жерді арықпен суғаратын болсақ, 4-5 күн кетеді. Егер тамшылатып суғарсақ, 15 гектарды бір күнде тегіс суғарып шығамыз. Бұл өнімді де көп беруге көмектеседі. Былтыр шаруашылық осы «Манас» сұрпын егіп, гектарынан 100-120 тонна пияз алған. Биылғы ауа райының қолайсыздығына байланысты 80-100 тонна алармыз деп жоспарлап отырмыз. Жоғарыда айтқан 5 500 гектар жерден орташа есеппен 70 тоннадан өнім аламыз дейтін болсақ, онда алдағы уақытта Жамбыл ауданынан 400 мың гектар пияз жиналады. Қазірдің өзінде ерте пісетін мың гектар жердің пиязы жиналып, басқа облыстарға өткерілуде. Ауданда пияздың «Голланд», ұзақ уақыт сақталатын, сапасы жоғары, бірақ өнімділігі төмен «Қаратау» тұқымы егіледі. Мұнда көбіне гербицид, пестицид және селитра қолданамыз, – деді Ербол Жұмабекұлы. Мұнан соң қонақтар «Надежда» шаруа қожалығының пияз, көкөніс сақтау қоймасымен танысты. Айта кетейік, облыс бойынша көкөніс сақтау қоймалары Жамбыл ауданында орналасқандықтан көбіне облыстың шаруалары көкөністерін осы қоймаларға әкеліп сақтайды. Шаруа қожалық басшысы Ислам Сабировтың айтуынша, қойманың сыйымдылығы 4 мың тоннаны құрайды. Оның жартысы арнайы мұздатқышпен жабдықталған. Мұнда тек пияз ғана емес, сәбіз де сақталады. Әр қойманы тиімді пайдалану үшін екіге бөлген. Жоғары жағында сәбіз сақталса, төмен жағына пияз жиналады. Сақтау мерзімі – 5 ай. Бұдан кейін, семинар қатысушылары «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінің «Көрме» залындағы пияз көрме-жәрмеңкесін тамашалады. Онда Жамбыл өңірінде өндірілетін ауылшаруашылық тауарлары мен пияздың да барлық түрлері қойылған. Шараны алдымен облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек құттықтау сөзімен ашып, көрме жұмысына сәттілік тіледі. – Пияз жәрмеңкесінің мақсаты – бүгінге дейін өндірілген өнімдерді өзіміздің өңірге және еліміздің барлық облыстарына тарату және пияздың арзан кезінде келісімшартқа отырып, оны сақтау және келесі маусымға дейін арзан бағамен пайдалануды ұйымдастыру. Негізінен бұл іс-шараны ҚР Сауда және интеграция министрлігі ұйымдастырып отыр. Осы жерге облыста пияз егетін ірі шаруашылықтар шақырылды. Облыста 25 мың гектарға дейін пияз егетін болсақ, одан жиналатын өнім биыл 800 мыңға жуық болады деп күтілуде. Оның 18-20 мың тоннасын жан басына шаққандағы біздің облыстың тұрғындары пайдаланатын болса, жалпы республикада 350-400 мың тоннаға дейін пиязға қажеттілік бар. Сондай-ақ, пияздың жартысынан көбі шетелге экспортқа шығарылады деген сөз. Алайда, пияздың шетелге экспортталуының әсерінен бізде қыс айында бағаның қымбаттап кетуі байқалып жүр. Кей жерлерде 3-4 есеге қымбаттап кеткені туралы фактілер кездеседі. Сондықтан, біз осы шараны ертерек ұйымдастырып отырмыз, – деді Қанатбек Қайшыбекұлы. Келесі сөз кезегі ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабековке берілді. – Биыл пияздың жағдайын көріп, бағасы қандай болатынын бағамдадыңыздар. Өткенде дәл осындай шара Қызылорда облысында өтті. Бірақ өкінішке қарай, көптеген компаниялар белсенділік танытпай, келісімшартқа отырмай, меморандуммен ғана шектеліп қалдық. Негізі ережеде келісімшарт бойынша 30 пайызын сатып алсын деп қарастырылған. Бірақ, министрлік атынан берер кеңесім, 30 пайыз емес, одан көбірек алсаңыздар дұрыс болар еді. Себебі, маусымаралық кезеңде бағаны тежеу жұмыстарын жүргізуге едәуір әсерін тигізеді деп ойлаймын. Қазір шаруалармен сақтаумен немесе сақтаусыз саудаласуға келісіп, көптеу алып алыңыздар, – деді Айдар Ахметбекұлы. Іс-шара аясында облысымыздың пияз өсірушілері республикамыздың 10 өңірімен пияз өнімінің 8 800 тоннасын сатып алу туралы меморандумға қол қойылды. Түстен кейін көрме қонақтары Тараз қаласының тарихи-мәдени орындарына экскурсия жасады.  

Айжан ӨЗБЕКОВА,

журналист.

Ұқсас жаңалықтар