Баспасөзі мықты өңірдің, өзі де мықты

Баспасөзі мықты өңірдің, өзі де мықты
ашық дереккөз
Баспасөзі мықты өңірдің, өзі де мықты

2Шулық оқырмандар «Ақ жолдың» бүгінгі ажары мен мазмұнын жоғары бағалады

«Газет – халықтың көзі, тілі, һәм құлағы» деп Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов баспасөздің қоғам дамуындағы рөліне ілгеріде-ақ жоғары баға берген. Билік пен халықтың арасындағы алтын көпір саналатын облыстық «Ақ жол» газетінің өз оқырман­дарымен кездесуі Шу ауданында жалғасын тапты. Тоғыз жолдың торабы саналатын, қасиет дарып, құт қонған шырайлы Шу ауданындағы кезде­суге газетіміздің бас редакторының бірінші орынбасары Ақылжан Мамыт арнайы барды.

Шулық жұртшылықпен жүздесуді аудан әкімі Бақытжан Нұркенов ашып, сөз сөйледі. «Қай қоғамда болсын, баспасөздің алатын рөлі зор. Еліміздің тұрмыс-тіршілігін, экономикалық тұрғыдан жеткен жетістігін, әлеуметтің әлеуетін, Елбасының сарабдал саясатын, тарихты, шежірені, жалпы жағымды жаңалық атаулының барлығын жұртшылыққа республикалық басылымдармен бірдей жариялап отырған өңіріміздің айнасы, облыстық басылымдардың қара шаңырағы – «Ақ жол» газеті екенін барлықтарыңыз білесіздер. Тоқсан жылдан астам тарихы бар газетті өз басым бұрыннан жіті бақылап отырамын. Сіздердің де оқитындарыңыз анық. Соңғы кездері басылымның бет-бейнесі де, мазмұны да өзгерді. Әрине, жақсы жағына қарай. Бүгінгі таңда оқырман қауым ақжолтай жаңалықтың жаршысы саналатын басылымнан өзіне керектінің бәрін таба алады. Сондықтан болар, ауданда газетті жазып алушылар қатары жылдағы межеден асып, 2500 адамды құрап отыр. Басылымға қатысты ойларыңызды бүгіп қалмай сіздер де ұсыныс-тілектеріңізді ортаға сала отырыңыздар», – деді Бақытжан Балтабекұлы көпшілікті пікір алмасуға шақырып.

Келесі кезекте сөз алған «Ақ жол» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Ақылжан Мамыт: «Газеттің қоғамдағы рөлінің қаншалықты маңызды екені баршаңызға мәлім. Алаштың алдаспан ұлдарының бірі – Міржақып Дулатов «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің ертеңі мықты» деп кезінде айтып та кеткен. Ертеректе газет ұжымдық насихатшы, қоғамдық пікір туғызушы саналса, қазіргі таңда баспасөздің мәні де, маңызы да арта түсті. Бүгінде баспасөз дегеніміз жарнаманың да, жылнаманың да, уақыттың да, жақсылықтың да жаршысы. Билік пен халық арасын жалғап тұрған алтын көпір. Қала берді қоғамдық ойды қозғаушы күш. Сонымен қатар, газет ол сол өңірдің қағазға хатталған шежіресі, тарихы. «Ақ жол» әрдайым өңірдің тыныс-тіршілігін елге жеткізуден танған емес. Қай кезде, қай дәуірде болсын, өзінің бағытын адал атқаруға бейіл. Әсіресе, соңғы кездері газетіміздің тынысы әрмен қарай ашыла түсті. Келбеті де өзгерді, мазмұны да байыды. Журналистердің қалам сілтер тақырыптарының аясы да кеңейе түсті. Оның бәрін өздеріңіз көріп, оқып отырсыздар. Иә, жаңадан ашылған көптеген айдарлар, «Тылсым дүние», «Пырақ» әдебиет беті, «Маздақ» жастар беті, «Айша бибі» қыз-келіншектер отауы, «Шөкеңнің шошаласы» секілді арнайы беттер үзіліссіз шығып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, оқырманның көңілінен шығу жолында әріптестеріміз аянып жатқан жоқ. Ал біздің Шу өңіріне келудегі басты мақсатымыз – оқырмандармен еркін пікірлесіп, олардың көзқарасымен танысу, ұсыныстарын назарға алу. Газет қашанда оқырманымен бақытты. Сондықтан, сіздердің ойларыңызды біліп, алдағы уақытта газетте қандай тақырыптар қаузалғанын қалайтындарыңызды естуді жөн көріп отырмыз. Айтар ойларыңызды іркіп қалмасаңыздар болғаны» – деді. Мұнан соң сөз алған аудандық мәслихаттың хатшысы Бақтыбай Саудабаев газеттің бүгінгі аяқ алысына ризашылығын жеткізіп, келер жылы қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы тойланатынын сөз етті. Осы ретте тарихи мақалалар көп жарияланса деген ойын да білдірді. Шу өңірі де тарихқа бай өңір екенін тіліне тиек еткен ол алдағы жылы өз ауданы туралы, ондағы тарихи оқиғалар мен тұлғалар өмірі хақында газет бетінен мақалалар оқығысы келетінін жеткізді. Сонымен қатар, газет туралы ойымен бөліскен аудандық мәслихаттың депутаты, Жамбыл орта мектебінің директоры Алтыншаш Молдашева басылымда алдағы уақытта экология тақырыбында мақалалар көптеп берілсе деген ниетін жеткізді. «Бізде Шатырқұл кеніші бар. Сол секілді облысымыздың өзге аймақтарында да осындай өндіріс ошақтары кездеседі. Шахта болсын, химиялық өндіріс орны болсын, оның қоршаған ортаға әсері қаншалықты зиян екені талдап жазылған мақалаларды «Ақ жолдан» оқығымыз келеді. Облысымыздың бас басылымы арқылы соның бәрінен хабардар болып отырсақ, жақсы болар еді» – дейді халық қалаулысы өз ұсынысын ортаға салып. Соңыра аудандық «Шу өңірі» газетін ұзақ уақыт басқарған, бүгінгі таңда сол басылымда тілшілік қызметін атқарып жүрген ардагер журналист Ахметжан Қосақов басылым туралы өз пікірін білдірді. «Ақ жолдың» бүгінгі қарқынына риза болған әріптесіміз де тарихи мақалалардың көбірек жазылғанын, одан Шу өңірінің де назардан тыс қалмағанын қалайтынын жеткізіп, жүректен шыққан ақжарма өлеңін оқыды. «Ақжолдықтарға» ақ жол тіледі. Кездесу барысында айтылған ұсыныстардың бәріне жауап берген газет бас редакторының бірінші орынбасары Ақылжан Мамыт әрбір пікірдің назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

Табиғат Абаилдаев,  «Ақ жол».

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар