Бізге бос жобалар қажет емес

Бізге бос жобалар қажет емес
ашық дереккөз
Бізге бос жобалар қажет емес
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен инвестициялық штабтың отырысында аймақта атқарылып жатқан жобалардың жұмыс барысы қаралды. Штаб отырысында барлығы 94 жобаның жұмыс барысы сөз болды. Бұл жобалардың жалпы құны – 2,6 триллион теңгені құрайды. Биыл жыл соңына дейін жалпы құны 91,3 миллиард теңге болатын 16 инвестициялық жоба іске асырылуы тиіс. Аталған жобалар аясында 272 жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда. «Тараз» ӘКК» АҚ басшысының міндетін атқарушы Еркін Жылысбек «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысы, агротехникалық қызметтің жұмысы туралы баяндады. Биыл «Ауыл аманаты» жобасы аясында 24 миллиард теңгеге 10 ауданнан 26 округ қаржыландыруға ұсынылған. Агротехникалық қызмет 43 ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерін құру бойынша жұмыс жүргізуде. Өңір басшысы сондай-ақ, «Тараз» индустриялық аймағының директоры Ғалымжан Қайназаровтың да есебін тыңдады. Ол индустриялық аймақта жалпы көлемі 125,7 миллиард теңгеге 12 инвестициялық жоба іске асырылып, 1375 жұмыс орны ашылатынын айтты. Оның айтуынша, осы жылы 4 жобаны іске қосу жоспарланған. Олар «Нұрхим 2021» ЖШС (аралас кешенді минералды тыңайтқыштар өндірісі), «Нұрхим 2021» ЖШС (тігін өндірісі), «Асқар – Тау НС» ЖШС (асфальт-бетон қоспасын өндіру) және «Jeti bulaq» ЖШС (битум эмульсиясын өндіру). Сондай-ақ, инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді ұйымдастыру мәселесі бойынша облыс әкімінің кеңесшісі Ұлжан Шилібекова баяндама жасады. – Инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жұмысты қайта қарау қажет. Егер белгілі бір мерзім ішінде нақты нәтиже болмаса, басқарма басшылары жауапкершілікке тартылатын болады. Компания тарапынан міндеттемелер орындалмаған жағдайда, біз басқа инвестормен жұмыс істей бастаймыз. Бізге бос жобалар қажет емес, – деді облыс әкімі.    

Ұқсас жаңалықтар