Ауылға үлгі ақсақал

Ауылға үлгі ақсақал
ашық дереккөз
Ауылға үлгі ақсақал
Жуалы ауданы, Қарасаз ауылының қадірлі қариясының бірі – Құнанбай Нартаев ақсақал. Атына заты сай Құнанбай ақсақал ауылдың барша жас отбасыларына үлгі. Үнемі сабырлы қалпымен, көркем мінезімен, әдепті істерімен талайға тағылым болып келеді. Ауылдағы отбасылардың ынтымақпен алға басуына, береке-бірліктерінің артуына өзінің өсиетті сөзімен, қасиетті болмысымен ықпал етіп келеді. Ақсақалдың бағбандықпен айналысатын қасиеті бар екен. Біз бұл кісінің ауласының гүлге көмкеріліп тұрғанын көрдік. Төңірекке хош иіс бөлетін, жан сарайыңды ашатын гүлдердің құлпырып өсіп тұрғаны қандай жақсы. Кәдімгі қымбат роза гүлдерінің бірнеше түрі өсіп, жайқалып тұр. «Ақсақалдың гүл өсіргені ауылға үлгі. Ауыл жастарына осындай істі мысалға келтіріп, еңбекке жұмылдырамыз», дейді Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы. Түрлі түсті роза гүлдері көздің жауын алады. Одан бөлек, гиорген және сан алуан өзге түрлері де өсіп тұр. Тіпті, есік алдындағы бір сәт отбасымен демалып отыратын орындарды да гүлмен көмкеріп, төбесіне дейін сәндеп қойыпты. Бір сөзбен айтқанда, ақсақалдың гүлмен өмір сүріп, гүлмен тыныстайтыны көрініп тұр. Құнанбай ақсақал қарапайым еңбек адамы болған. Бұрынғы Карл Маркс атындағы ұжымшарда 46 жыл көлік жүргізушісі болып еңбек еткен. Құдай қосқан жұбайы Күлбала Нартаева екеуі 5 ұл-қызды тәрбиелеп, өсірді. Күлбала әже есепшілік қызметте болып, әртүрлі жұмыстар атқарыпты. Қазір ұлдары ұяда, қыздары қияда. Үлкен қыздары Майра Қарағанды медициналық институын бітірген білікті дәрігер. Қазіргі таңда жұбайы Ержан екеуі 5 ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Еркінбек су шаруашылығының жоғары білімді инженері. Қазіргі таңда өзінің көлік жөндеу орталығы бар. Ерлан – мал дәрігері қызметінде алғысқа бөленіп жүрсе, Ерғали – Жуалы аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары болып абыройлы қызмет атқара білді. Қазіргі таңда да елдің алғысына бөленуде. Кенже қыздары Гүлнар – мұғалім. Өсіп-өнген перзенттерінен 22 немере, 11 шөбере сүйіп отыр. Ол да адамның өзінше бір бақыты. Бейнелеп айтқанда, гүл өсіруші қарттың ұрпақтары да гүлдей жайнап өсіп келеді. Бір айта кетерлігі, ауладағы самсаған гүлдерге Құнанбай қария өзі қарап, оларды өзі күтіп баптайды екен. 77 жастағы Құнанбай қария ауылдағы түрлі жиындарға қатысып, өзінің ақсақалдық сөзін айтып, жұртты жақсылыққа жұмылдыруға күш салып жүр. Абайдың әкесі Құнанбайдай әйгілі болмаса да, бір ауылдың жақсы қариясы. Ауыл жастары ақсақалға сәлем беріп, түрлі кеңес алып, батасына құлақ түріп, ақылын тыңдап тұрады. Өмірден түйгені көп қарттардың ақыл айтып, бағыт беруі ешкімге де артық болмайтыны анық. – Барлық ғұмырым осы ауылда өтті. Жұмысым болды. Отбасыммен бақытты ғұмыр кешіп, өстім, өндім. Венгрия жерінде Отан алдындағы әскери борышымды өтедім. Әрине, ауылдан ұзап барып, үлкен қалаларда жоғары білім алуыма да болатын еді. Оған бара алмауыма түрлі себептер болды. Әкем Нартай майдангер кісі еді. Сол кісі ауырып, әкемнің қасында отыруым қажет болды. Асқар тау әкеме қарадым. Ол кісі 1973 жылы 63 жасында өмірден озды. Анам Тұрсынкүл кеңшарда кітапханашы болды. Анама да қарадым. Осындай перзенттік парызбен ауылда қалып, бір шаңырақ болып түтін түтеттім. Ауылдың үлгілі отбасының бірі болдым деп ойлаймын. Ұжымшарға бас инженер болмасам да, озат шопыр болдым. Өз жұмысымды қай кезде де жауапты атқардым. Мұны мақтаныш үшін емес, жастарға үлгі ретінде айтып отырмын. Қазіргі жастар бәрі жоғары білім алып әкім, заңгер болғылары келеді. Бәріне бірдей ондай қызмет қайда? Шағын кәсіптік мамандықтарды меңгеріп, кәсіппен айналысқан азаматтар да жақсы табысқа жете алады. Мен жастарға осылай ақыл айтар едім, – дейді ақсақал Құнанбай Нартаев.  

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар