Өз кәсібінің хас шебері

Өз кәсібінің хас шебері
ашық дереккөз
Өз кәсібінің хас шебері
Маржандай тізілген әдемі тіс адамның көркі ғана емес, денсаулығының да кепілі. Көп аурудың түрі дәл осы тіс арқылы келетінін тіс дәрігерлері жиі айтса да, мән бере бермейміз. Анығында, тіс дәрігерін тіс ауырғанда ғана іздейміз. Гиппократ заманынан бастап адамдар тіс емдеумен айналысқан. Қазіргі стоматология – бұл ауыз қуысы ауруларының емдеу және алдын алу тәсілдерін ұдайы жетілдіретін жоғары технологиялық ғылым. Әлеуметтік маңыздылығы тұрғысынан мамандықтар тізімінде көшбасшы болып тұратын стоматология саласы. Бұл мамандық білімнің жоғары деңгейін, тісті емдеу және жұлу машықтарын және протездеуді талап етеді. Мұндай жұмыс байсалдылықты, шыдамдылықты және науқастарға көмек көрсетуге деген ынтаны қажет етеді. Тіс емдеумен айналысып келе жатқанына ширек ғасырдан астам уақыт болған, өз мамандығының шебері, бірінші санатты стоматолог-терапевт Алмаз Большебековқа аудан, облыс, еліміздің барлық аймақтарынан келіп емделетін жұртшылық тек ризашылықтарын білдіріп жатады. 2021 жылы қыркүйек айында Алматы қаласында оң тіземе эндопротездік ота жасатып, ауруханадан шығып келгеннен кейін бір ай шамасында тісім ауырып шыдатпады. Содан ұлым Алмаздың емханасына апарды. Машинадан екі балдақпен түсіп жатқанымда Алмаз Инкарбекұлы шығып келе жатыр екен. Сөйтіп ол емханасына кіргізіп, арнайы орындыққа отырғызып, жайымды сұрады. Тісімді емдеп, дәрі-дәрмегін жазып бергені өз алдына, отадан кейінгі жабырқаған, қиналған жаныма жалау болған ыстық ықыласы мен аялы алақанын сезінген едім. Бір иілген адамға он иілетін қасиетім менің қолыма қалам алғызып осы мақаланы жазуға себеп болды. Алмаз Инкарбекұлы еңбек жолын 1997 жылы Сарыкемер ауылында Байзақ шаруашылық есеп емханасында тіс дәрігері қызметінен бастаған, 1998-2004 жылдар аралығында «Арай-ДЕНТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мекемесінде тіс дәрігері болып, директорлық қызметке дейін көтеріледі. «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек», деп Алаштың қайраткері Ахмет Байтұрсынов айтып кеткендей, Алмаз Инкарбекұлы 2010-2015 жылдары Алматы қаласындағы С.Д.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінде білім алып, «Денсаулық сақтау және басқару» мамандығын игереді. Қазіргі таңда Қырғыз мемлекеттік медициналық академиясының Ординатура бөлімшесінде білім алуда. Тынбай еңбектеніп, науқастардың тісін емдеуден еш жалықпаған еңбекқорлығының нәтижесінде 2013 жылы өзінің жеке емханасын ашып, сүйікті ісін жалғастырып, қазіргі күнге дейін емханасын басқарып келеді. Көреген әкеден тәлім алған Алмаз Инкарбекұлы тек мамандықпен шектеліп қалмай, ауданымыздың өсіп-өркендеуіне, гүлденуіне үлес қосқан қоғамдық жұмыстардың сан түрімен айналып жүрген азаматтардың бірегейі. Аудан көлемінде өтетін барлық іс-шараларға, тұрмысы төмен отбасыларға, Алланың үйі – мешіттерге демеуші болып, өзінің жомарттығын көрсетуде. Алмаз Инкарбекұлының еңбегі, қоғамдық белсенділігі еленбей қалған жоқ. 2019 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, 2022 жылы Тәуелсіздік күні мерекесіне орай «Байзақ ауданына сіңірген еңбегі үшін» мерекелік төсбелгісімен марапатталды. – Өзім әлі күнге мамандығымды жақсы көремін. Күнде жаңа дүниені үйренесің, білім-тәжірибе жинақтайсың. Тәжірибе барысында көзге түскен білімді жастарды жұмысқа алуға тырысымын. Қазір бәсекелестік көп, үнемі өзіңді жетілдіріп, қазіргі заманауи технологиямен жұмыс істей білуді үйрену қажет. Қарамағымдағы тіс дәрігерлері түрлі семинар, вебинарларға онлайн, оффлайн қатысып отырады, емханаларда шеберлік сағаттарын өткізеді. Медбикелер мен мейірбикелеріміз өз міндеттерін жауапкершілікпен орындап, дәрігерлерге көмектесіп, емханамыздың тазалығын сақтауға бар ынта-жігерлерін салады, – деді Алмаз Инкарбекұлы.  

Рахила ТАЙШЫБЕКОВА,

Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі, ардагер ұстаз,

«Күміс алқа» иегері.

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар