«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қылмыс хроникасы

Қылмыс хроникасы
ашық дереккөз
Қылмыс хроникасы

100 КИЛОГРАМҒА ЖУЫҚ БАЛЫҚ ТӘРКІЛЕНДІ

Облыстық табиғатты қорғау полициясы қызметкерлерімен профилактикалық іс- шараларды жүргізу барысында Шу ауданындағы Тасөткел су қоймасының жағасынан 47 жастағы жергілікті тұрғын аулаған жалпы салмағы 100 келіге жуық 5 қапқа салынған әртүрлі балықтар мен резеңке қайық табылды. Ер адамның айтуынша, ол балық ауламаған, бірақ одан әрі сату үшін балықшылардан сатып алған. Нәтижесінде оған балықты заңсыз сатып алғаны үшін әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 389-бабының 1-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылды. Материалдар облыстық балық шаруашылығы инспекциясына процессуалдық шешім қабылдау үшін жолданды. Тәртіп бұзушы мемлекетке келтірілген зиянды өтеуге және 10 айлық есептік көрсеткіш (34 500 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл төлеуге міндеттелді. Облыстық полиция департаменті әуесқой балық аулау тиісті ережелермен егжей- тегжейлі реттелетінін ескертеді. Балық аулаудың бұл түрі ауланған балықты жеке тұтыну үшін рұқсат етіледі. Сондай- ақ, балық аулау ережелері белгілі бір жабдықты пайдалану қажеттігін қарастырады.

ЕСІРТКІ ӨСІРІП, ІСТІ БОЛДЫ

Өңірлік полиция департаментіне бағынысты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Қордай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірлесіп, кезекті рет құрамында есірткі бар өсімдікті өсіру дерегін анықтады. «Қарасора-2023» жедел-профилактикалық іс-шарасының аясында Қордай ауылында 51 жастағы азаматтың тұрғылықты жеріндегі үйді тінту барысында бақта өсірілген есірткі бұталары табылды. Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған бұталар құрамында есірткі заты бар жалпы салмағы 62 келі 895 грамм болатын «қарасора» өсімдігі екені анықталып отыр. Бүгінде ұсталған азамат өз кінәсін мойындап, оған қатысты Қылмыстық Кодекстің 300-бабы 2-бөлігі (өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді егу немесе өсіру немесе қарасора, көкнәр немесе құрамында есірткі заттары бар басқа да өсімдіктердің сорттарын өсіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.

«КЕПТІРІЛМЕГЕН МАРИХУАНА» ӨСІРГЕН ЕР АДАМ ҚҰРЫҚТАЛДЫ

Жамбылдық тәртіп сақшылары есірткі бизнесіне қарсы күресте пилотсыз ұшатын аппараттарды пайдалана отырып, жаңа әдістерді қолдануда. Мәселен, «Қарасора-2023» жедел- іздестіру іс-шараларын өткізу барысында жедел ақпараттарды іске асыру кезінде «БПЛА» пилотсыз ұшатын аппараттарын пайдалана отырып, Бесжылдық ауылының 39 жастағы тұрғынының мекенжайы бойынша тінту жұмыстарын жүргізген. Аумақты және қосалқы шаруашылық құрылыстарын тексеру барысында каннабис өсімдіктері табылып, тәркіленді. Күдікті осындай 1396 бұта егіп, өсірген. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттар жалпы салмағы 1 тонна 718 келі 980 грамм «кептірілмеген марихуана» есірткі құралы екені белгілі болды.  – Ұсталған азамат кінәсін толық мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Қазіргі уақытта аталған дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің 300-бабының 2-бөлігі (егу немесе өсіру тыйым салынған өсімдіктерді немесе құрамында есірткі заттары бар қарасора, көкнәр немесе басқа да сорттағы өсімдіктерді өсіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Осы баптың санкциясы үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді, – деді өңірлік полиция департаментіне бағынысты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Әлім Бажықбаев.

ЗАҢДЫ БҰЗҒАН 17 АЗАМАТ ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛҒАН

Қазіргі таңда өңірлік ҚАЖ қызметкерлерінің тарапынан сотты болғандардың туған-туыстары мен жақындарына тиісті түсіндірме жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілгенімен, абақтының қоршауынан тыйым салынған заттарды лақтыру фактісі азаймай тұр. Жазасын өтеушілерге «жақсылық» жасауға асыққандар бұл тұста неше түрлі жымысқы әрекеттерге баратыны тағы анық. Жыл басынан бері облыс орталығындағы жабық мекемелерден 144 бірлік ұялы байланыс телефондары тәркіленген. Сондай-ақ, жазасын өтеушілерден 8 қалта телефоны табылған. Өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің режим және қадағалау бөлімінің бастығы, әділет подполковнигі Асхат Пірімқұлов заңсыз әрекетке барғандар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын жеткізді. – Қолданыстағы заңға сәйкес сот үкімімен кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айырылған азаматтарға ұялы телефондарды қолдануға тыйым салынған. Жазасын өтеушілер белгіленген тәртіпке сай, отбасы мүшелерімен қысқа және ұзақ мерзімді кездесуде әңгімелесе алады. Түзеу мекемесінің қызметкерлері сотталғандардың туған- туысымен түсіндірме жұмыстарын жүргізу барысында бұл жөнінде айтудай-ақ айтып келеді. Десе де, тәртіп бұзып, заң бұзушылыққа баратындар да жоқ емес. Мәселен, осы жылы түрлі тәсілмен тыйым салынған заттарды мекеме аумағынан кіргізуге талпынған 23 адам ұсталды. Оның ішінде, 17 азамат Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 481-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Осы тұста мұндай әрекеттерге барғандар жазасыз қалмайтынын ескертеміз, – деді Асхат Мұстапаұлы.  

 Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар