Мұғалім мәртебесі мәңгі биік
Мұғалім – адам жанының бағбаны. Ел ертеңінің қызметшісі және барлық келелі ой мен асқақ арманға ақылдың дәнін сеуіп, жемісін асыға күтетін ізгілік иесі. Өйткені, «оқыта отырып тәрбиелейтін, тәрбиелей отырып оқытатын» одан басқа жан иесінің қолынан келмейтін кәсіп. Мұғалім – адамзат қауымындағы ардақты есім. Ұлағатты тұлға. Өйткені, қоғамдағы барлық бастаманың биік эталоны, моделі, әлемдегі ескірмейтін адамгершіліктің үлгісі. Есті тұлғаның өміріндегі адамдықтың жолын нұсқайтын нұрлы жан иесі. Мұғалімге баланың мінез-құлқының, дүниетанымының, адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуы, өсіп-дамуы сияқты ең маңызды кезеңдер жүктелген.
Ендеше, ұстаз қандай тұлға?
Осы сауалға ұстаз сөзімен жауап беріп көрейін. «Мен оқушы өміріндегі үш түрлі мінезімнің көркемдігіне мән беремін», – дейді Ш.А.Амонашвили. Өйткені, мінез Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай: «Ең зиянды адам – мінезі тайғақ, екі сөйлейтін адам. Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек – осы төртеуі кімнің бойында болса, сол шын адам болады», – деген еді.
Бірінші, ұстаздың оқушыға деген мейірімі – оқушының болашаққа деген шынайы жүрегінің айнасы. Екінші, мұғалімнің шынайылығы – оқушы мен ұстаз арасындағы рухани байланыс. Үшінші, мұғалімнің адалдығы. Бұл сезімдегі сенімділік, үміттегі ұшқын, өмірдегі қорған. Міне, педагог имиджінің негізі осы болса керек. Имидж ағылшынның «image» сөзінен алынған, «образ», «түр», «келбет» сөздерінің сипаты ретінде ұсынылады. Меніңше, ұстаз – қайталанбас образ, өңін бермес өзгермейтін түр, теңдесі жоқ келешек келбеті.
«...Өлмес жанға өзгермес орын керек,
Сондай iске ұмтылсақ, шаттанады», дейді Шәкәрім.
Сонымен, ұстаз қандай болуы керек?
Мүмкін, Ш.А.Амонашвили айтқандай: «Оқушының өмір сапарына деген алғашқы қадамы – мен нұсқаған жол. Ол – ұстаздың жолы. Өйткені, маған қарай да қадам жасайды», – дейді. Шынымен де, алдыңда, партада отырған бала орта білімді аяқтаған соң еңбек етеді. Міне, сол кезде мектептен алған өмірлік дағдылары оларға көмекке келуі керек. Бақытқа апаратын ұстаз жолы – осы. Бақытты болу деген не? Өмірде өз орнын табу. Өмірден өз орнын табу деген не? Өзін және отбасын асырау деген сөз.
«Мұғалім өзі – адвокат, өзі – прокурор, өзі – судья» болуы керек шығар. Қазақ даналығында «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз бар. Ұстанымы мықты ұрпақты жақсы ұстаз ғана қалыптастыра алады. Парсы халқында ұстаз сөзі «Шебер ұста» деген мағына береді екен. Мүмкін, нағыз педагог «Шебер ұста» болуы керек шығар.
Ұлы Абай «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан», дейді.
Жақсы ұстаз. Ол қандай ұстаз? Ыбырай Алтынсарин айтқандай: «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» емес пе?!
Ойымды қорытындылай келе, пайғамбарымыз Мұхаммедтің сөзімен түйіндегім келеді. «Ілім үйреніңіздер, ілімге қажетті байыптылық пен байсалдылықты да қоса үйреніңіздер. Сіздерге ілім үйреткен кісіні құрметтеңіздер, сыйлаңыздар!».
Нағыз педагог – ілім үйрететін, байсалды, байыпты тұлға.
Мақсат САРЫБАЕВ,
«Дарын» лицей-интернатының информатика пәнінің мұғалімі.
Ұқсас жаңалықтар
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді