Озат ұстаз да, білімді шәкірт те көп

Озат ұстаз да, білімді шәкірт те көп
ашық дереккөз
Озат ұстаз да, білімді шәкірт те көп
ШУ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ТӨЛЕ БИ АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕП ТІЗГІНІН БАСШЫ РЕТІНДЕ ҚОЛЫНА АЛҒАН АРДАҚ ЖАҢҒАРАШЕВАНЫҢ БАСҚАРУЫМЕН БІЛІМ ШАҢЫРАҒЫ ІЗДЕНІС ЖОЛЫНА АЙҚЫН БАҒЫТ АЛДЫ. «БОЛСАҢ, БІРІНШІ БОЛ!» ДЕГЕН ҰЖЫМНЫҢ БАСТЫ ҚАҒИДАСЫ ОҚУДЫҢ ЖОҒАРЫ САПАЛЫ БОЛУЫНА НЕГІЗДЕЛЕДІ. Дарынды оқушыларға арналған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетімен бірлескен екіжақты меморандум аясында «Педагогика» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан педагогика ғылымдары академиясының және Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Клара Бұзаубақова атындағы «Кіші академия» ашылды. Аталған университеттің «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру» кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Нарима Есенова, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының доценті Сейсекүл Исматова, «Ұстаз» институтының директоры Орынқыз Жолдасова ғылыми- зерттеу жұмыстарына бағыт берді. Бұл іс одан әрі педагогика мамандығын таңдаған шәкірттерге дәріс оқумен жалғасын таппақ. Әр мұғалім күнделікті ізденіс арқылы барлық жаңалықтар мен өзгерістерді өз тәжірибесіне енгізіп отырады. Сол білім сапасын арттыру мақсатында білім кеңістігінде кеңінен танымал жапондық «Lesson study-іс тәжірибедегі оқыту мен оқуды жетілдірудің тиімді жолы» оқу-әдістемелік құралдың да тұсауы кесілді. Директордың ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Салтанат Жұмабаеваның ұйымдастыруымен «Ізденіс» шығармашылық мектебі құрылды. Түрлі ұлыстар мен ұлт өкілдерін біріктірген білімгерлерге бір шаңырақ аясында Балқия Есеева, Шәмші Абаева, Ғалия Әбілғазинова, Ұлбике Ысқақова, Гүлжан Құлмахамбетова, Раушан Қарабекова, сондай-ақ Кембридж университетінің тәжірибесін біліктілік жетілдіру курсында оқып, түрлі оқу- тәсілдерін ұжыммен бөлісетін Мөлдір Шынарбекова, Ақтолқын Асылбекова, Жанат Аңсағаева, Айгүл Сатқынова, Нағима Қуанышбекова сияқты өз ісіне шебер ұстаздар дәріс береді. Мектеп ұжымы жыл сайын жаңа буын толқындарымен толығуда. Мектеп шәкірттері қазақ тілі мемлекеттік тілге деген ерекше ықылас-ілтипатпен «Оқу-тәрбие процесіне жаңаша мазмұн беру арқылы жан-жақты дамыған, қоғам талабына сай, шығармашылық қабілеті дамыған тұлғаны тәрбиелеу» мақсатында бағытталған мазмұнда білім кеңістігінде бәсекеге түседі. Облыстық «Мағжан оқуларында» Айдана Бүкембай бас жүлде, «Ахмет Байтұрсын оқуларында» Нұрай Қуаныш, «Қазақстанның флорасы мен фаунасы 3D атласын» жасаған Аружан Жұмахан, «Жарқын болашақ» қазақ тілінен сөз шебері Сона Рзаева, Әбілмажан Қалижан ақындар айтысының майталманы. Амина Ержан халықаралық өнер фестивалінің жеңімпазы, мектеп жеткіншектері Зүләйха Наманова, Темірлан Әбіш, Наиль Асанходжаев, Артур Калашников, Лесбек Бексұлтан сияқты бокс, баскетбол, гиэпплинг, футбол, спорттық күрес жекпе-жегінің республика мен Азия чемпионаттарының жүлдегерлері де аз емес. Мектептің «Жас ғалымдар мінбесінде» республикалық, халықаралық деңгейдегі ғылыми жобалар марапатталып, білім саласының озық қызметкері, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, мектеп басшысы Ардақ Төлепбайқызының шәкірті Нұрмұхаммед Бердауылдың жұмысы ҚР Ғылыми зерттеу Ұлттық орталығы шешімімен ең үздік деп танылды. Мектеп оқушысы Інжу Тұрардың ғылыми жобасына Қазақ Ұлттық университетінің тарих, этнология, археология, музеология кафедрасының доценті Ерлан Тұрғынбаев жоғары баға берді. Ғылымға ден қойған жас ғалым әл-Фараби ғылыми орталығындағы құндылықтарды зерделеуді мақсат етті. Мектептің «Алтын белгі» түлегі Мерей Бейсетбай Қазақ Ұлттық университетінің грант білімгері. Халықаралық физика пәні 11-сынып оқушыларына ашық олимпиададан екінші орын алған Әнел Ауесхан мен Мұратхан Сұңқарбек оқу жылын «Алтын белгіге» тәмамдап, үздік аттестат иесі болған Зере Жұмахан ҰБТ- ның жоғары ұпайларына қол жеткізіп, мектеп мерейін асқақтатты. Республика көлемінде өткізілген аудандық пән олимпиадасында барлық пәндерден мектеп озық білім үлгісін көрсете білді. Облыс әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруымен алғашқы әскери дайындық пәнінің ұйымдастырушылар арасындағы облыстық ХVII сапта жүріп ән айту байқауында жүлделі орынды Сағындық Мырзахметовтің жетекшілігімен иеленіп, мектепішілік «Болашақ сарбаздар мектебінің» жетістігі аудан көлемінде өткізілген семинарда таратылды. «Смарт сарбаз» сыныбының ашылуына Қарағанды қаласындағы екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы «Жас Ұлан» республикалық мектебінің взвод командирі, майор Е.Жақыпбеков келіп, ынтымақтастық келісімшарт меморандумға қол қойды. Жас сарбаздарға куәліктер табысталды. Алтын ұяларына әр жылдары мектеп бітірген түлектер демеушілік пен көмек көрсетеді. Мектеп жаңа оқу жылына оқу-техникалық құрал-жабдықтарымен, жиһаздармен қамтамасыз етіліп, істен шыққан су мен жылу құбырларының ақауы жөнделді. Ұстаздар қауымы шәкірттерімен мектеп ауласын көгалдандырып, шыршалар мен әр алуан гүл отырғызды.  

Ләззат ОРАЗБАЕВА,

мұғалім.

Шу қаласы

 

Ұқсас жаңалықтар