Қайсар рухты жан

Қайсар рухты жан
ашық дереккөз
Қайсар рухты жан
«Адамды адам еткен – еңбек» деген қағида жер бетіндегі алғаш тіршілік пайда бола бастаған сәттен бері күні бүгінге дейін өз құндылығын жойған жоқ. Себебі, әрбір адамның, кез келген мемлекеттің қалыптасуынан, қарыштап дамуына дейін сарқылмас қуаты әрі мәңгілік қозғаушы күші – еңбек. Сол секілді еңбек еткен адам ғана қиыншылықтарды еңсеріп, нәтижеге жете алатыны өмір дәлелдеген шындық. Мүмкіндігі шектеулі жамбылдық белгілі кәсіпкер Анар Бексұлтанова бұл күнде өз кәсібін дамытумен ғана шектелмей, аймақтағы өзі секілді мүмкіндігі шектеулі қыз-келіншектердің тағдырын бір арнаға тоғыстырып, кәсіп бастауына қолдау білдіріп келеді. Қазақстанда алғаш болып Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесіне мүше болған қолөнерші кәсіпкер Анар Бексұлтанованың есімі көпшілікке жақсы таныс. Тумысынан мүмкіндігі шектеулі болып өмірге келген қайсар рухты қыз әрбір қиыншылыққа темірдей төзіммен төтеп беріп, есесін есіл еңбекпен қайтаруды өмірлік қағидаға айналдырған. Он жылдан аса ұлттық өнерді ұлықтап, өзінің кәсібін аяққа тұрғызған кәсіпкер қазіргі таңда өңірдегі мүмкіндігі шектеулі қыз-келіншектердің басын қосып, өзі құрған «Шебер шаңырақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігінде тегін кәсіпке баулу курсын ұйымдастырып келеді. – Жалпы, осы тігін ісімен айналысып келе жатқаныма он жылдан асты. Орталық жайдан- жай ашылған жоқ. Біз қоғамнан өздерін таба алмай жүрген немесе мемлекеттік гранттарды алып, ары қарай жүргізе алмай отырған аналармен, өнімін сата алмай жүрген кісілермен жұмыс істейміз. Екі жыл қатарынан елімізге танымал қолөнер шебері, «Алтын сапа» сыйлығының бес мәрте иегері Ырза Тұрсынзада ханымның мастер класына қатыстық. Нәтижесінде күні бүгінге дейін еңбек етіп келеміз. Шеберлік сағатына екі жүз ана қатысқан еді. Қазір сондағы ең белсенді деген 70-ке жуық ана біздің бірлестікте жұмыс істеуде. Осы уақытқа дейін қаншама көрме, фестивальдарға қатысып келеміз. Тараз шаһарымыз еліміздегі алғашқы болып дүниежүзілік қолөнершілер қаласы қатарына енгені де біз үшін үлкен жетістік. Қазір 70 ананың 40-ы мүгедек аналар болса, қалғаны мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған және көпбалалы аналар. Нәтижесі өте жақсы. Жетпіс ананың жетеуінің іс бастауына қолғабысымыз тисе, біз үшін ол үлкен жеңіс. Осы күнге дейін мемлекеттен көптеген көмек алдық. Қазір өзіміз отырған 300 шаршы метр жерді де облыс басшысы кезінде Нұржан Молдиярұлының қолдауымен тегін алдық. Тігін машиналарын да облыс әкімінің тікелей қолдауымен алдық. Мен еліміздегі теңгенің құлдырауын да, кешегі пандемияны да көрген, соған мойымай, кәсібімді тоқтатпаған жанмын. Осы уақытқа дейін үш рет алған грантымды сол бағытқа жұмсаған адаммын. Әр кезде алған қолдауды өз мақсатында жұмсау – менің басты қағидам. Қандай істе де нәтижені көргенді жақсы көремін. Үнемі нәтижеге баратын жолдарды іздестіремін. Орталыққа келген аналарға «әр істі нәтижесін көремін деп бастаңыздар» деп айтып отырамын. Әрине, алдан жолығатын көптеген кедергілер болады. Соны жеңгенде ғана нәтижеге жетесің. Бұл тек бизнесте ғана емес, өмірде де солай. Алда өте көп жоспарымыз бар. Биыл курс оқыту бойынша грант ұтып алып отырмыз. Бізге тек мүмкіндігі шектеулі ғана емес, жалпы үйде отырған аналар қатыссақ деген ұсыныстарын айтып жатыр. Сол бағытта жаңа жобаларды да қолға алсақ дейміз. Қазір орталықта екі ұстазымыз бар, соның бірі – көпбалалы ана болса, екіншісі – ерекше жағдайдағы бала тәрбиелеп отырған ана. Осы секілді басқа да аналарды жұмыспен қамтуды армандаймын, – дейді «Шебер шаңырақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Анар Бексұлтанова. Анар Сағынтайқызы шеберлер шаңырағындағы кез келген жанның жағдайымен жақсы таныс. Себебі, мүмкіндігі шектеулі әрбір азаматтың басынан кешкен қиындықтарды ол әуелі өзінің басынан өткерген. Сондықтан, ол мүмкіндігі шектеулі барлық адамды кез келген мекеме жұмысқа ала бермейтініне алаңдаушылық білдіріп, оларды кәсіпке бағыттауға ниеттенген. Қазір қолөнершілер орталығындағы қыз-келіншектердің өнімі еліміздің әрбір өңіріне ғана емес, сонымен қатар, шетел асып жатыр. Тіпті, оның бірін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі өңірге іссапары барысында тамашалап, арнайы сатып алыпты. – Адами тұлға ретінде өмірім осылай болды деп бір орында қалып қойған жоқпын, себебі мен санасы сау адаммын. Физикалық тұрғыда туғандағы кемшілікті кедергі деп санамаймын. Егер санамда кемшілік болса, өзімді кемтар деп ойлайтын едім. Қазіргі таңда он екі мүшесі сау, бірақ рухани мүгедек адамдар өте көп. Сол үшін де ең бастысы сананың сау болуы мен жүректің тазалығы. Осы ұстаныммен өмірде жеткен жетістіктерім аз емес. Соның бірі – Мемлекет басшысымен екі мәрте кездесуім деп айтар едім. Ол кісі Президент болып сайланған кезде бірінші рет жолықтым. Сол кезде ол кісінің біздің өнімдерге берген бағасы қанаттандырғаны жасырын емес. Одан кейін облысымызға соңғы келген іссапарында біздің бірлестік киіз үй тігіп, барлық қазақи атрибуттарды көрсеттік. Сол кезде Президентіміз біздің өніміміздің бірін сатып алғаны да біз үшін қаншама жылдық еңбектің нәтижесі болды, – дейді қайсар рухты кәсіпкер. Анар Сағынтайқызының бастамасымен ашылған орталықта жас аналардан бастап, зейнет жасындағылар да бар. Қыз жасауы, тойбастар бұйымдары мен ұлттық нақыштағы кез келген өнімінен табыс тауып отырған ісмерлер алар асуының әлі алда екеніне сенімді. – Құрақ құраумен бала күнімізден айналыстық. Менің анамның өзі көзі тірісінде тігін ісінің шебері еді. Бар білгенін маған үйретіп кетті. Қазір жасым жетпістен асты. 16 немерем бар. Жастайымнан денсаулығыма байланысты жұмысқа шыға алмадым. Қаншама жыл үй шаруасымен отырдым. Бірер жыл бұрын өзім тіккен бірнеше өнімді көрмеге шығарып көрдім. Артынша телефон арқылы Анар қоңырау шалып, танысып, ісіме қолдау білдіруге ұсынысын айтты. Қатты қуандым. Қазір бірінші Алла, екінші осы Анар қызымыздың арқасында ырзық нәсібімді осы кәсіптен көріп отырмын, – дейді Айша бибі ауылының тұрғыны, зейнеткер Алтыншаш Қаныбетова. Отандық өндірістің дамуына үлес қосу, бірлестіктің өз өнімдерін нарыққа шығару, ұлттық дәстүрлі бұйымдарды заманауи жаңғырту, күнделікті қолданысқа енгізу, еліміздегі әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету, мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта ұйымдастыру, олардың кәсіп ашуына жол ашу, орта және кіші бизнес иелеріне өз бизнесін дамытуға жол көрсету, тәжірибемен бөлісу, ақпараттық базамен қамтамасыз ету, өндіріс базасында оқу-ағарту жүйесін атқару, нәзік жандыларға бағыт-бағдар беру, әлеуметтік статусын көтеруге себепкер болу, қайырымдылық іс-шаралар атқару секілді кешенді игі істерді басты мақсат еткен орталықтың жұмысы көпке үлгі, өскелең ұрпаққа өнеге. Табыс табу бір бөлек, сол арқылы ұлттық құндылықты атадан-балаға мирас етіп отырған Анар Сағынтайқызының еңбегі ел тарихында ерлер жасаған ерліктен еш кем емес. Ізгі ісі сұлулық пен еңбексүйгіштіктің ғана емес, қажыр-қайрат, ерік-жігердің, қарапайымдылық пен қайсарлықтың символы деп айтуға лайық жанның бастамасына, жауапкершіліктің жүгін арқалаған әрбір қадамына толағай табыс тілейміз.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар