«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ынтымақ түбі – игілік

Ынтымақ түбі – игілік
ашық дереккөз
Ынтымақ түбі – игілік

Кезінде, унитарлық-тоталитарлық жүйенің өктем үстемдігінің зардабынан автономиялық құрылым статусынан айырылып, Сібірге, Орта Азияға және Қазақстанға жер аударылған неміс этносының өкілдері еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде тілін, дінін дамытуға, салт-дәстүрін қайта жаңғыртуға мүмкіндік алуда. Соның бір көрінісі ретінде, өңірдегі неміс диаспорасының кейінгі жылдары Рождество мерекесі қарсаңында ұлттық музыка туындылары негізінде мерекелік концерт ұйымдастыруды үрдіске айналдырғандығын айтуға болады. Ал ағымдағы жылғы желтоқсан айының соңын ала келетін Рождество мейрамы құрметіне, Қазақстан халқы Ассамблеясы «Жамбыл облысы немістері қоғамы» қоғамдық бірлестігі орта мектептердің оқушыларымен бірлесіп, концерттік бағдарламаны театрландырылған қойылымдармен толықтыруды ұйғарыпты. Тараз қалалық мәдениет үйінде ұйымдастырылған бұл игі іс-шараны аумақтағы неміс этносының өкілдерімен қатар, Алматы және Шымкент қалаларынан келген қонақтар да тамашалады. Неміс халқының өздері «Weinachten» деп атайтын, желтоқсан айының соңғы апталарымен тұспа-тұс келетін Рождество мерекесіне айдың алғашқы күндерінен бастап тыңғылықты дайындалып, тағатсыздана күткендіктен бе концерт залы көрермендерге лықа толған. Олар өздерінің назарларына ұсынылған жас өнерпаздардың орындауындағы балаларға арналған ертегілердің желілері бойынша қойылған сахналық көріністерді, «Х – pljuse» Тараз музыкалық- аспаптар рок және «Поющие сердца» вокальдық топтарының орындауындағы әндерді, Оңтүстік Қазақстан облысының Леңгір қаласынан келген би ұжымының өнерін сүйсіне тамашалады. Биыл ғана «Жамбыл облысы немістері қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен құрылған «мини-театрдың» көрерменмен алғашқы қауышуының сәтті өткендігінің куәсі болған қоғамдық бірлестіктің төрағасы Александр Гибнер ұлттық өнерді дамытудағы бұл игі қадамның алдағы уақытта да сәтімен сабақтастық табатындығын, «мини-театр» құрамындағы жас өнерпаздардың облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясы бағдарламалары аясында облыс аудандары орталықтарында да өнер көрсетуді жоспарлап отырғандықтарын жеткізді.

Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар