«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тату елдің тасы өрге домалайды

Тату елдің тасы өрге домалайды
ашық дереккөз
Тату елдің тасы өрге домалайды

Шу ауданын мекендейтін ұлттар мен ұлыстардың арасында түбіміз бір түрік ағайындардың үлес саны басымырақ. Асқан еңбекқорлығымен ерекшеленетін олардың егін шаруашылығына жақсы бейімделгендігінің арқасында тұрмысы түзу, ырзығы мол. Ынтымақ пен берекенің бағасын терең түйсінетін түрік ұлтының өкілдері аумақтағы жерлестерімен ынтымағы жарасып күн кешуде. 

Биыл ахыска-түріктерінің Қазақстан жеріне қоныс аударғандарына 70 жыл толыпты. Тағдырдың талайын бастан кешірген түрік диаспорасының әу бастағы түп мекені – Грузия жерінің оңтүстігіндегі Месхетия және Жауахетия облыстары. Тарихқа үңілсек, ахыска-түріктері Осман империясының, кейіннен Ресей империясының құрамында болған. Ал 1944 жылы туып-өскен атамекенінен күштеп көшіріліп, едәуір бөлігі Қазақстанға жер аударылады. Содан бері ынтымағы ыдырамай келе жатқан түрік халқының өкілдері қасиетті қазақ жеріне қоныстанғандығының 70 жылдығын атап өтуді жөн санаған.

Міне, осыған орай, Шу ауданының бір күні мерекелік іс-шараларға арналды. Ахыска-түріктерінің Қазақстанның өзге аймақтарындағы қандастары қонақ болды. Олардың көшін бастап келген ахыска-түріктерінің бүкіләлемдік ассоциациясының президенті Зиятдин Касанов, республикалық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Махмутжон Давришев сынды құрметті меймандар қуанышқа ортақтасты. Алдымен көпшілік аудан орталығындағы Төле би ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Содан соң олар «Балуан Шолақ» спорт кешенінде ұйымдастырылған қол күрес пен еркін күрес турнирлерінің ашылу салтанатына қатысты. Спорттың аталмыш түрлеріне келгенде алдына жан салмайтын түрік жастары үздік ойын үлгісін көрсетті. Спортшылар бәсекесін тамашалағаннан кейін меймандар мен аудан өкілдері М. Жүнісәлиев саябағында орналасқан саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке гүл қою рәсіміне жиналды. Шу ауданы әкімінің орынбасары Е.Аймамбетов, «Датюб» республикалық түрік этномәдени орталығының президенті З.Қасанов іс-шарада сөз сөйлеп, жиналған жұртшылықты ахыска-түріктерінің Қазақстандағы 70 жылдығымен құттықтады. Сонымен қатар, диаспораның жергілікті өкілдері де лебіздерін білдіріп, бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүруге жағдай жасаған Елбасы саясатына, жақын тартып, жат санамайтын жерлестеріне алғыстарын білдірді. Осы орайда аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті. Оған аудан әкімі Б.Нұркенов қатысып, сөз сөйледі. Ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, еңбегімен көпке өнеге болып жүрген бірқатар азаматтар аудан әкімі мен түрік этномәдени бірлестігі атынан Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталды. Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласып, аудандағы этномәдени орталықтардың мүшелері өнерлерін ортаға салды.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар