«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ел сүйгендей досың болсын

Ел сүйгендей досың болсын
ашық дереккөз
Ел сүйгендей досың болсын

этномәдени бірлестіктерге мемлекеттік қолдау қомақты

Ел саясатының елеулі бөлігін іске асырып, ынтымақтастық пен бірліктің артуына, халықтар достастығының беки түсуіне көп үлес қосып жүрген, Елбасының озық идеяларының бірі ретінде дүниеге келген Қазақстан халқы Ассамблеясының қай кезде де атқарып жүрген жұмысы ауқымды. Облысымызда орын алатын кез-келген істің басы-қасынан табылатын да Ассамблея құрамындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері. Ендеше, қоғамдағы белсенді топқа да мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау-көмек көрсетіліп отырады. Соның бір дәлелі, облыс әкімінің этномәдени бірлестіктерге арнайы грант тапсыруы болды. Елбасы жүргізіп отырған саясаттың арқасында қарыштап дамып, өркениетті елдер қатарына қадам басуымыз елімізде күн кешіп жатқан барлық тұрғынның татулығы мен бірлігінің, еңбекқорлығы мен Отанға деген адал қызметінің арқасында екенін тілге тиек еткен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қасиетті Жамбыл жерінің де соңғы жылдары даму көрсеткішінің еселене түскенін нақты дәйектермен дәлелдей түсті. – Өңіріміздің қай саласын алып қарасаңыз да көңіл қуантарлық көрсеткіштер бар. Өткенімізге көз жүгірте отырып, осының барлығын біз бірге жасағанымызды түйсінуіміз қажет және алдағы уақытқа үлкен жоспармен, тың күш-жігермен нық қадам басуымыз керек. Келер жыл еліміз үшін айтулы мерекелер жылы болмақ. Олай дейтінім, Елбасының тапсырмасымен 2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып бекітілді. Сондай-ақ, Конституциямыздың 20 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы. Осы мерекелерге арналған іс-шараларды өз деңгейінде өткізу баршамызға ортақ абырой. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерекелік шаралар Тараз қаласында тойланатыны біз үшін зор қуаныш және бізге жүктелген үлкен жауапкершілік. Халқымыздың ынтымағы мен берекесін молайту, еліміздің күш-қуатын еселей түсу жолындағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, – деген облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы этномәдени бірлестік жетекшілеріне арнайы грант сертификаттарын табыс етті. Жиын барысында сондай-ақ, ел тәуелсіздігіне қосқан үлесі және халықтар достығы мен бірлігін арттыруға атсалысқандары үшін бірқатар бірлестік жетекшілері медальдармен марапатталды. Атап айтқанда, «Корё» кәрістер қауымдастығы облыстық филиалының вице-президенті Полина Ким, республикалық «Барбанг» күрді этномәдени орталығы облыстық филиалының директоры Латиф Айдаров және «Ахыска» түрік ұлттық орталығы» этномәдени бірлестігі облыстық филиалының директоры Махмутжан Давришев Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен марапатталды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің мақұлдауымен «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісі Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының бас инспекторы Зүбайра Сембинаға тағылса, бірқатар бірлестік жетекшілеріне ассамблея төрағасының орынбасары Ералы Тоғжановтың Алғыс хаттары табысталды. Облыс әкімі этномәдени бірлестіктерге арнайы автокөлік сыйға тартты. Осынау айтулы күнде Кәрім Нәсбекұлы тағы бір қуанышты жаңалықпен бөлісті. Алдағы уақытта Тараз қаласының орталығында, Абай көшесінің бойынан зәулім «Достық үйі» бой көтеретін болады. Марапатқа ие болып, қолдау мен қошеметке бөленіп, жағымды жаңалыққа қуанған бірлестік жетекшілері мен мүшелері Қазақстанның гүлденуі жолында бар күш-жігерлерін аямай еңбек ететіндерін айтып тарасты.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар