Мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерді жұртшылыққа кеңінен түсіндіру мақсатында өңірге арнайы атбасын бұрған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді. Бұл шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Масат Берік қатысты. Қоғамдық қабылдауға жазылған азаматтардың талап-тілектері алуан түрлі. Министрге алдымен өтінішін айтқан Тараздағы олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығының жеңіл атлетика спорты бойынша жаттықтырушысы Зифа Галиулина спорттық іс-шараға қатысуға басқа мемлекеттерге немесе өзге облыстарға шыққан спортшылардың тамақтану нормасына бөлінген қаражаттың аз екенін, осы мәселені қайта қарау қажеттігін жеткізді. Облыстық мамандандырылған спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат директорының орынбасары Ердос Акимов бұл мектеп қалада орналасқанымен, 70 пайыз ауылдың балалары жаттығатынын айтып, сол спортшы балаларға Ұлттық Бірыңғай тестілеу кезінде арнайы квота қаралса деген өтінішін айтты.
Қабылдауда болған облыстық қазақ драма театрының актрисасы Анар Сағымбекова Мәдениет және спорт министрінен 2016 жылы аталған театрдың 80 жылдығын лайықты атап өтуге ықпал етуді, облысымыздағы қара шаңырақ театрға академиялық статус алып беруге, жаңа ғимарат салуға, осы театрға Асқар Тоқпановтың есімін бергізуге назар аударуын өтінді. Облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы басшысының орынбасары Нұрхат Серікбаев Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Таразда ашылуы жоспарланған тарихи және мәдени маңызы бар орталықта қандай инфрақұрылымдар қарастырылғанын сұрады. Ал Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова кітапханашылардың әлеуметтік беделін жоғарылату жөнінде ұсынысын айтты. Министр барлық өтініш айтушыларды мұқият тыңдап, сауалдарының оңды екенін тілге тиек етті. Арыстанбек Мұхамедиұлы спорт мәселелері бойынша айтылған өтініштер назарында болатынын, ауылдан келген спортшы балаларға ҰБТ кезінде квота бөлдіруге ықпал ететінін айтты. Сондай-ақ, Таразда ашылатын орталық жайлы арнайы бағдарлама халыққа жария етілетінін, жақында мәдениет саласының тұжырымдамасы бекитінін, Парламент депутаттары мәдениет қызметкерлерінің жағдайын Заңмен қорғауға ерекше күш салып жатқанын, айтылған өтініштерге өзі де ықпал ететінін жеткізді. Актриса Анар Сағымбекованың ұжымдастары атынан айтқан өтініштері де назарда болатынын айтты.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді