Шалғай ауылға серпіліс берген жоба
«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» қанатқақты жобасы бүгінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында өз жалғасын тауып отыр. Есте болса, 2019 жылы облыста аталған жобаның бес бағыты бойынша жалпы алғанда 9,2 миллиард теңге бөлініп, игерілген болатын. Оған облысымыздағы 10 ауданның 11 ауылдық округінен 25 елді мекен таңдап алынған еді. Онда 2478 аула мен 11 жаңа құрылған ауыл шаруашылығы кооперативі жобаға қатысқан. Сөйтіп, аймақта қанатқақты жобаға қатысқан елді мекендерде үй іргесіндегі жерді тиімді игеру 95 пайызға артыпты. Ал, мал шаруашылығы бағытын дамытуға сол тұста 6,4 миллиард теңге бөлініп, 45032 бас мал сатып алынған еді. Қазір ол мал басы 186100 басқа жетіп отыр. Елді мекен маңайындағы игерусіз жатқан 10113 гектар алқап игеріліп, 21 мың тонна өнім жиналды. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін қажетті техникамен және ауыл шаруашылығы тіркемелерімен қамтамасыз ету мақсатында 972,4 миллион теңге бөлініп, 190 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған болатын. Бұл техникалардың бүгінгі таңда кооперативтердің жұмысының алға басуына септігі тиюде. Соңғысы, жергілікті тұрғындарға шағын бизнес ашу үшін 56,2 миллион теңгеге 11 жоба қаржыландырылып, шағын цехтар өз жұмыстарын жүргізуде.
Осы алғашқы жобаның аясында қол жеткізілген жетістіктер де аз емес. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековтің айтуынша, қанатқақты жоба енгізілген соң жеке кәсіпкер саны 2282-ге артқан. Жұмыссыздар саны 194 адамға кеміп, 589 жаңа жұмыс орны ашылған. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 1058 отбасыға, яғни 65 пайызға кеміген. Атаулы әлеуметтік көмек төлеу есебінен үнемделген қаражат 10358 миллион теңгені құраған. Қанатқақты жобаға қатысушылардың орташа айлық табысы 44 мың теңгеден 73 мың теңгеге немесе 65 пайызға артқан.
Осы жоба аясында 2021-2022 жылдары револьверлік кредиттеу жолымен 7,2 миллиард теңге қайтарылып, қанатқақты жобаға тағы үш ауылдық округ қосылған болатын. Олар Байзақ ауданындағы Үлгілі, Жамбыл ауданындағы Өрнек және Жуалы ауданындағы Ақсай ауылдық округтері. Онда 253 жобаны қаржыландыруға 1,096 миллион теңге қаралған. Бүгінгі күні ол округтердегі жұмыстар жандана түскен.
Өткен жылдың желтоқсанынан бастап республикалық бюджеттен «Ауыл халқына ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау үшін микрокредиттер беру» жобасы шеңберінде 6,047 миллиард теңге бөлінді. Оған облысымыздың барлық ауданы енгізіліп, олардың ішінен 10 ауылдық округ таңдап алынды. Жобаға енген он аудандағы Жалғызтөбе, Қаракемер, Жетітөбе, Кенен, Ақермен, Биназар, Бірлікүстем, Абай, Жайылма, Ойық ауылдық округтерінде қазір табысты жүзеге асырылуда.
Жобаға қатысушының бірі – Сарысу ауданындағы Жайылма ауылдық округінің тұрғыны Қайыржан Отарбаев.
– «Ауыл аманаты» жобасының халыққа берері көп. Жоба аясында бұған дейін Байқадам ауылдық округінде атқарылған жұмыстарды көріп, біліп отырмыз. Жобаға біздің округте де құлшыныс танытқандар қатары көп. Мен сол жобаның екінші бағытына қатыстым. Жалпы, округте бұл бағыт бойынша 193 азамат «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына несие рәсімдеу үшін өтініш тастаса, оның бүгінде 148-і қанағаттандырылған. Менің өтінішім де қанағаттандырылып, 2,5 пайызбен 3,5 миллион теңге несие рәсімдеп, жылқы алып, кәсібімді бастап кеттім, – дейді ол.
Тағы бір ауыл тұрғыны Айболат Тотан да осы жобаның игілігін көруде. Ол 3,5 миллион теңгеге мүйізді ірі қара алды.
– Жобаның тиімді тұстары өте көп. Ең бастысы, ауылда отырған шаруаға өте қолайлы. Мал басын арттырып, бордақылап, сиыр сауып, сүт өнімдерін өндіруге мүмкіндік бар. Бұл жоба ауылға зор мүмкіндік пен серпін әкелді деп ойлаймын, – дейді ол.
«Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Дәулет Әбілқайыровтың айтуынша, жобаға қатысуға ниет танытқандардың өтінімдерін қарау кезінде жұмыссыздарға басымдық беріледі екен. «Осы жылдың мамыр айының басында «Ауыл аманаты» жобасына қатысушыларға 11,563 миллиард теңге бөлінді. Бүгінгі таңда келіп түскен өтініш саны – 1675. Бұл өтініштердің қазіргі уақытта 489-ы мақұлданған. Ендігі кезекте қанатқақты жобаға барлығы 26 ауылдық округ еніп отыр. Соның ішінде Сарысу ауданының Игілік, Жаңаталап, Жаңаарық ауылдық округтері де бар. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2019 жылдан бастап биыл сәуір айына дейін 14,343 миллиард теңге көлемінде 3951 азаматқа несие берілді. Жобаға қатысушылар тарапынан бүгінге дейін «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на 4,614 миллиард теңге қайтарылды» дейді ол.
– Осы жылдың соңына дейін 3923 жоба мақұлданып, 26 ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жоспарлануда. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін 3,199 миллиард теңге қаралған. Оған 332 бірлік техника алынады. Айналым қаражатын толықтыруға кооперативтерге екінші бағыт, мал шаруашылығы бойынша несие алған ауыл шаруашылығы кооперативтері мүшелерінің жемшөп базасын қамтамасыз ету үшін 545 миллион теңге беру жоспарлануда, – дейді аталған басқарма басшысы Нұрби Жігітеков.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Сарысу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді