Жеті қыз бен бір ұлдың анасы

Жеті қыз бен бір ұлдың анасы
ашық дереккөз
Жеті қыз бен бір ұлдың анасы

Ері – оңтүстіктен, өзі болса – Шығыс Қазақстан облысынан. Екеуін тағдырластырған ерінің әскери қызметі болды. Қордайлық Әлімхан Тұрғымбаев Өскемен қаласында міндетті әскери борышын өтеп жүріп, қалаға демалысқа шыққанда жолықтырған Әлияны бір көргеннен-ақ құлай сүйіпті. Ол кезде он тоғыз жастағы қылымсыған бойжеткен еді бұл әрі медучилищеде оқитын. Солдат киімі бойына құп жарасқан жігіт мұның да көңілінен шықты. Ақыры үш жылдық әскери қызмет мерзімі де аяқталып, екеуі қолтықтасып, Қордайға келді. Шаңырақ көтерді. Бұл 1968 жыл болатын.

Содан бері қырық бес жыл артта қалды. Екі арада қаншама су ақты, өмір өзгерді. Қуанышы да, өкініші де болды, әрине. Бірінің артынан бірі қыздары өмірге келіп жатты. Сайран, Замира, Эльмира, Гүлзейне, Салтанат, Ұлпан, Жаңыл. Осы жеті қыздан соң сағындырып өмірге ұл келгендегі қуаныштарын айт! Айхан деп айғайлатып атын қойды. Бірақ, тосын қасірет килігіп, сол жылы Әлімхан көлік апатынан ажал құшты да, зайыбы осынша бала-шағамен жалғыз қалды. Қыздарының алды бұл кезде оқуын бітіріп, тұрмыс құрып, қызметке де араласа бастаған. Отбасының басына түскен тауқыметті бірге көтерісіп, анасының жүгін жеңілдетуге тырысты. Әлия да қайғыра жүріп жұбанатын, майысса да сынбайтын қайратты қазақ әйелдерінің тегінен еді. Зейнетке шыққанша еңбектен де қол үзбеді, балаларын да өсірді. Қатарынан кем қылмай тәрбиеледі, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп әрқайсысының жоғары білім алуына барын салды. «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар», «Көп бала көгергенімізге жақсы» деп жатамыз. Әлияның ата-енесі Әбдіхалық пен Жамал да бар байлығымыз балаларымыз деп көптеп ұрпақ өрбіткен жандар болыпты. Тұңғыштары Рамазанның Ұлы Отан соғысынан қайтпай қалғаны болмаса, басқасы өсіп-өніп, қазір ұрпақтарымен бір қауым елге айналған. Қайын әпкелері Зейнеп, Зейнекүл, қайнағасы Жұмаділ, қайындары Дүйсебай мен Махамбеттің әрқайсысы ендігі бірнеше немеренің ата-әжесі атанып отыр. Әлімхан жол апатынан қайтыс болғанда осы бауырларының бұларды жетім-жесір дегізбей жан-жақтан көмек қолын созған ағайынгершілігін қалай ұмытсын. – Жамал енем бір алтын адам еді,– дейді Әлия өткенді еске алып. – Атамды көрген жоқпын. Ал енемнің қолына жиырма жасымда келін болып түсіп, ол дүниеден өткенінше жеті жылдай бірге тұрдық. Атамыз молда болған екен, енем де бес уақыт намазын қаза қылмайтын тақуа адам еді. Мен ол кісіден көп жақсылық қасиеттерді үйрендім. Орысшалыс өңірде өскен, тік мінезді қаланың қызы маған, қазақ тілінің мәйегін, ұлттық салт-дәстүрдің қыр-сырларын енем жалықпай үйретумен болды. Айналдырған жиырма бес сотық бақшада көкөністің небір түрлерін өсіретін еңбекқорлығы және бар. Қорадан мал кетпейтін. Сондағы үйренгендерім әлі күнге өміріме өзек болып келеді. Қолдағы азын-аулақ мал-жанның арқасында балалардың тамағы тоқ, көйлегі көк болды... Әлімхан мен Әлия алғаш отау көтерген жылдары ері жұмыс істейтін мекеменің аядай пәтерінде тұрып та көрді. Жылдан-жылға балалары көбейіп, үйдің тарлығы айқын сезіле бастаған соң екі жақтап жұмыс істей жүріп әкесінен қалған қара шаңырақтың төмен жағынан жаңа үй салып алды. Ері аудандық қаржы бөлімінде жұмыс істейтін, өзі перзентханада алты жыл медбике, одан кейін санитарлық эпидемиялық стансада жиырма бес жыл үзбей еңбек етіп, көпбалалы ана ретінде елу екі жасында зейнетке шықты. Шүкір, балалары ана үмітін ақтап, ел қатарлы тірліктерін жасап жатыр. Тұңғыш қызы Сайран Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген, экономист. Одан кейінгі қызы Замира он шақты жыл аудандық зейнетақы төлеу орталығында жұмыс істеп, қазір Алматыда «Батыс консалтинг» ЖШС-да қаржыгер. Эльмира мен Гүлзейне де Алматыда жеке меншік фирмаларда бірі менеджер, бірі есепші. Араб тілінің маманы Салтанат болса мектепте мұғалім. Оның ері Құсан екеуінің егіз ұлдары Әбдірахман мен Әбдірахим екінші сыныпта оқып жүр. Ұлпан да мектепке дейінгі мекеме маманы, күйеуі Ришат қаржыгер, Тахмина, Данелия, Темірлан атты сүйкімді бүлдіршіндері бар. Тек, кенже қызы Жаңылдың тағдыры ана жүрегін ауыртады. Туа бітті бірінші топтағы мүгедек осы қыз ғана Тараз маңындағы Қызылтаң жүйке аурулары интернатында. Ал барлық қыздарын бір төбе, жалғыз ұлын бір төбе санайтын ана үшін Айханның жөні, әрине, бөлек. Қордайдағы Қонаев атындағы мектеп-гимназияны былтыр үздік бітірді. ҰБТ-дан 113 балмен өтіп, қазір ҚазМҰУ-да мемлекеттік грантпен оқып жүр. «Орнында бар оңалар» демекші, міне, осыдан қырық бес жыл бұрын Әлімхан мен Әлия көтерген жас шаңырақтан бүгінде қаншама жаңа отаулар енші алып, бөлініп шығуда. Отан – отбасынан басталады. Қазақ мемлекетінің іргесі осындай жүздеген, мыңдаған әлеуеті мықты жаңа отбасыларымен нығая түспек. Ал біз сөз еткен үлкен әулеттің отанасы Әлия Жағыпарқызы Тұрғымбаева көп бала туып, тәрбиелегені үшін Президент Жарлығымен жуырда «Алтын алқа» алқасымен марапатталды.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар