Татуласу – дауды шешудің ең тиімді тәсілі

Татуласу – дауды шешудің ең тиімді тәсілі
ашық дереккөз
Татуласу – дауды шешудің ең тиімді тәсілі
Қазіргі таңда елімізде түрлі дауларды шешудің қосымша әдісі ретінде «Медиация туралы» Заңы қолданысқа енгізілген. 2011 жылдың 28 қаңтарында қабылданған заң республика көлемінде қоғамдық қатынастарды жүргізу қағидаттары мен рәсімін реттейді. Ал, бұл тәсіл Америка, Аргентина, Ұлыбритания, Германия мен Австрия сынды әлемнің дамыған елдерінде ертеректе-ақ кеңінен қолданылып келді. Ал, ТМД елдерінің ішінде «Медиация туралы» Заң бізге дейін Молдовада ғана болған еді. Латын тілінен аударғанда «делдалдық» деген мағынаға ие медиация ұғымы қазақ халқына т аңсық емес. Олай дейтініміз, біздің ата-бабаларымыз ежелден-ақ бітімгершілік пен татулықты ту етіп, араздасқан ағайынды татуластыруға күш салды. Бүтін елге билік айтуда белгілі дара тұлғалар – Төле би, Қазыбек пен Әйтеке би халқымыздың бірлігі мен тұтастығын сақтауда үлкен рөл атқарғаны тарихтан белгілі. Ал, бүгінде бұл міндет барлық деңгейдегі судьяларға жүктеліп отыр. Мәселен, облыс бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында есепті кезеңде азаматтық істер бойынша 401 іс қаралса, оның 39-ы тараптарды татуластыру нәтижесінде тоқтатылды. Аталған соттың бас маманы-сот отырысының хатшысы Самат Әбілдаев тараптардың татуласуы судьяларға түсетін жүктеменің де азаюуына әсерін тигізетінін айтады. Оның сөзінше, бүгінгі таңда азаматтық істер бойынша сотқа жүгінген дауласушы тараптарды татуластыру рәсімдері кең ауқымда жүргізілуде. Сот мейлінше, алимент мөлшерін азайту, баланың тұрғылықты жерін анықтау және баламен кезде су уақытын белгілеу бойынша азаматтық істерді қарау барысында қос тарапты бір мәмілеге келтіру жолында аянбай еңбек етуде. Қоғамдағы көптеген шиеленістерді азайтуға оң ықпал ететін «Медиация туралы» Заңының қарқынды жұмыс істеуі қуантарлық жағдай. Әрине, бұл тәсілді қылмыстық істердің барлық санатына қолдануға жатпайтынын ескеру қажет. Яғни, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстық істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында және сотқа дейінгі дауларды шешу мен атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастар бойынша қолдануға мүмкіндік бар. Елдегі медиация институтының дамуына мемлекеттік билік органдары барынша қолдау көрсетіп, институттың одан әрі жандандырылуына ықпал етсе, медиацияның біздің елімізде болашағы зор екендігінде күмәнім жоқ, – дейді Самат Қалмаханұлы. Қорыта айтқанда, аталған заң өркениетті елдердегідей бейтарап медиаторды тарту арқылы істі бітімге келтіріп, заманауи құқықтық жүйенің дамуына ықпал етіп келеді. Бұл заңның жиі қолданылуы адам құқықтарын ең қымбат қазынасы ретінде қастерлейтін мемлекеттің алғышарты десек те, артықтық етпейді. Сондықтан, заңгер айтқандай, медиация институтының кең құлаш жаюына ықпал етсек, оның пайдасы халқымызға тиері сөзсіз.  

Есен ӨТЕУЛІ.

Ұқсас жаңалықтар