Басты бағыт – егістікті сумен қамтамасыз ету
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға төмендеу мүмкін екенін атап айтып, жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге, су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқтығын және бұл – аса маңызды міндет екенін айтқан болатын. Жалпы, өңірдегі 763 мың гектар егістік жердің 181 мың гектары суармалы. Суару жүйелерінің едәуір тозуына байланысты 2019 жылы егіс дақылдары орналастырылған суармалы жерлердің ауданы 60 мың гектарды құраған.
Осыған байланысты қолданыстағы суармалы жерлерді ағын сумен қамтуды жақсарту мақсатында 2019 жылдан бастап облыстың алты ауданында халықаралық қаржы институттарының несиесі есебінен жалпы құны 40 миллиард теңгені құрайтын екі жоба жүзеге асырылуда.
Аталған жобалардың әкімшісі Экология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» мекемесі.
Бүгінде жобалар аясында 20,5 миллиард теңге игеріліп, бұл қосымша 34 мың гектар алқапты ағын сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. Осылайша, облыс бойынша «Қазсушар» кәсіпорны 94 мың гектар егістік алқапты сумен қамтамасыз етуде. Шаруа қожалықтармен келісімшарттар жасалған.
Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Қанатбек Қайшыбекұлының сөзіне сүйенсек, аталған екі жоба бойынша жұмыстар 2021 жылы аяқталуы керек еді. Алайда, жобалық-сметалық құжаттаманың сапасыз әзірленуіне, жосықсыз мердігерлердің жұмысына және «Қазсушар» мекемесі тарапынан бақылаудың әлсіздігіне байланысты жобалардың аяқталу мерзімі осы жылғы желтоқсан айына дейін ұзартылған. Бұл жыл сайын вегетациялық кезеңнің сапасын төмендетіп, егістік алқаптарға айналма арналар арқылы мәжбүрлі түрде беріліп отырған көрінеді. Өз кезегінде бұл 20-30 пайызға дейін судың шығынына алып келіп отыр.
– Облыста ауыл шаруашылығы дақылдарын суару үшін жергілікті атқарушы органдардың теңгеріміндегі 113 шағын су қоймасының суы пайдаланылады. Қоймалардың жалпы көлемі 130 миллион текшеметрді құрайды. Бұл қосымша 13 мың гектарға дейін егістік алқапты суаруға мүмкіндік береді.
Биыл 23 маусымда Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Қырғыз Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары қызметі арасында өткен жылдан Талас өзенімен 35 пайызға, Шу өзенімен 44 пайызға төмен көлемде су беру кестесіне қол қойылды.
Айта кету керек, жергілікті атқарушы органдар тарапынан шаруа қожалықтармен «Қазсушар» кәсіпорны арасында су беру туралы бірлескен шартқа қол қойылып, содан кейін ғана егіс жұмыстарын бастауға міндеттер қойылған. Жоғарыда аталғандай шарттар 94 мың гектарға жасалды, – деген Қанатбек Қайшыбекұлы су үнемдеу технологияларын қолдану бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.
Мәселен, 2021 жылы облыс бойынша су үнемдеу технологияларымен қамтылған алқап 40 мың гектарды құраса, биыл бұл алқап 57 мың гектардан асқан. Сонымен қатар, су тапшылығы бар аудандарда жерасты суларын пайдалану үшін ұңғымаларды бұрғылау жұмыстары басталып, бүгінгі таңда 103 ұңғыма пайдаланылып отыр.
Алайда, ұңғымаларды бұрғылау жөніндегі жұмыстардың құны шаруа қожалықтарына экономикалық жағынан тиімсіз болып отырған көрінеді. Өйткені, облыстағы шаруа қожалықтарының шамамен 50 гектарға дейінгі егістік аумақтары бар. Тіпті Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұл жұмыстарды 50 пайыз мөлшерінде субсидиялау факторы ескерілсе де, жергілікті бюджет қаражатынан тағы 30 пайыз субсидиялау туралы шешім қабылданған.
Сондай-ақ, Қанатбек Қайшыбекұлы Қырғыз Республикасы тарапынан бұқаралық ақпарат құралдарында суармалы судың барлық лимитін пайдаланғаны туралы таратылған ақпаратқа да кеңінен тоқталды.
Біріншіден, суармалы жерлердегі ауыл шаруашылығы дақылдарының алаңдары еліміздің Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Қырғыз Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары қызметі арасындағы бірлескен хаттама негізінде орналастырылған.
Екіншіден, ауылшаруашылық дақылдарын сақтау қажеттігі негізге алынып, шаруа қожалықтарды суармалы сумен барынша қамтамасыз ету туралы шешім қабылданған.
Үшіншіден, Киров су қоймасындағы су қоры секундына 45 текше метр жылдамдықпен беріліп, 5 тамызға дейін сумен қамтамасыз еткен. Бұл өз кезегінде шаруа қожалықтарының шығынын барынша азайтуға мүмкіндік берген. Себебі, 5 тамыздан кейін көкөніс, жеміс және бақша дақылдарын жинау науқаны басталған.
Төртіншіден, жүгері мен қант қызылшасының және қалған дақылдарды суармалы сумен қамтамасыз ету үшін Қырғыз Республикасының аумағында дренаждық арналарды тазарту шаралары қабылданып, суармалы су алуға мүмкіндік берілген.
Осылайша, сыртқы температура 40 градустан жоғары болған маусым-шілде айларында суды үнемдей бастаған болсақ, егістік жерлердің 50 пайызына дейін шығын болар еді. Ал, бұл жағдайда қабылданған шешімдер дақылдарды іс жүзінде сақтауға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда шығындар егіс алқаптарының 10-15 пайызын құраған.
«Шығынданған дақылдардың негізгі үлесі Қордай ауданына тиесілі. Онда вегетациялық кезеңнің басынан су жеткізу біздің өтінімнен 50 пайызға төмен берілді. Жалпы, облыс бойынша суармалы судың жетіспеушілігі мен температураның қалыптан жоғары болуына байланысты дақылдардың шығыны өткен жылмен салыстырғанда 25-30 пайызға төмен болады деп күтілуде. Бүгінде ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Топ құрамына Ауыл шаруашылығы, Қаржы, Төтенше жағдайлар, Экология және табиғи ресурстар министрліктерінің, Су ресурстары комитетінің, «Қазсушар» мекемесі облыстық филиалының және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кірді. Жұмыс тобы егіс алқаптарын аралап, жергілікті жерлердегі жағдаймен танысып және шаруа қожалықтарымен кездесулер өткізді», – дейді Қанатбек Қайшыбекұлы.
Оның айтуынша, жұмыс тобының нәтижесінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің атына өңірлік сипаттағы төтенше жағдай режимін жариялау және шаруа қожалықтарының шығындарын өтеуге қаржы бөлу туралы ұсыныс енгізілген. Бүгінгі таңда облыстың Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Талас, Байзақ және Жамбыл аудандарындағы шығынды анықтау бойынша жұмыс топтары құрылған. Ендігі кезекте шаруа қожалықтарына келтірілген шығын вегетациялық кезеңнен кейін айқындалады деп күтілуде. Ал, су тапшылығын кезең-кезеңімен шешу мақсатында Экология және табиғи ресурстар министрлігіне ұсыныстар енгізілген.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қойған сұрақтарға жауап берді.
Мақпал СҮЙІНБАЙ.
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестікке серпін берген сапарлар
- 23 қараша, 2024
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді