Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған
Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, төл тарихымызды таразылап, салт- дәстүрімізді дәріптеп, мерейін үстем ету маңызды. Осы ретте Жамбыл ауданының құрылғанына 95 жыл толуына орай, ауданда мәдениет күні өтті. Жамбыл ауданы 1928 жылы 29 қазанда Әулиеата деген атпен Әулиеата уезі Сырдария өлкесінің құрамында іргесі қаланған. 1938 жылы ауданға жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың есімі берілген. Аудан орта ғасырлық Ақыртас қалашығының орны, Тектұрмас әулиенің бейіті, Айша бибі мен Бабаджа хатун кесенелері мен Талас өзенінің астынан өтетін жерасты жолы бар тарихи жәдігерлер орналасқан құтты мекен. Сондай-ақ, қарт Қаратау мен ақбас Алатаудың аралығын жайлап, арындап аққан Талас пен Аса өзендерінің кәусар суын арда емген жерұйық. Бұл өңірден еңбегімен еленген, Одақ тұсында 25 Социалистік Еңбек Ері шыққан, сүйем жері сүйкімді, қадам жері қасиетті өңір.
Тойдың беташары қазақтың біртуар перзенті Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды. Концерттік бағдарлама Ұлы Жібек жолы керуені жүріп өтті. Түйе мініп, сауда-саттыққа арналған түрлі дүние артқан керуеншілер Жамбыл ауданының тарихи маңызы бар мекен, тасын түртсең тарихы сыр шертетін өңір екенін көрсетті. Іс-шараны облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев ізгі тілегімен ашып берді.
– Мәдениет күндерін өткізудегі басты мақсат – ауылдың өркендеуін жан- жақты таныту, ауыл тұрғындарының ел тәуелсіздігін баянды ету және ұлтаралық келісім мен бірлікті одан әрі нығайтудағы рөлін көтеру. Ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрді дәріптей отырып, өскелең ұрпақтың бойына отаншылдық қасиет пен ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілікті сіңіру, өнерге қадам басқан жаңа есімдерді анықтап, оларды кеңінен насихаттау, – деп атап өтті.
Бұдан кейін, облыс әкімі аппаратының басшысы Мәди Мәтен, аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы аудан жетістіктеріне тоқталып, туған топырақтан түлеп ұшқан құтты мекеннің танымал перзенттері жайлы сөз қозғады.
Кезінде Қобыланды батырдың тұлпарының тұяғының ізі қалған Кіші Бурыл, биігінде арқар ойнаған Үлкен Бурыл, таусылмас қазынасын бауырына бүккен қарт Қаратау – жамбылдықтардың айбыны, асыл мұрасы. Осының бәрі айналып келгенде өңіріміздің тарихи және мәдени өмірінің мазмұнын байыта түсетіні сөзсіз. Жамбылдық елдің іші – тұнған өнер кеніші екенін айғақтаған аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы «Айша бибі» композициясымен әрленді. Ең басты көрініс – аудан көркемөнерпаздарының тамсандырар, таңғалдырар, таңдай қақтырар өнерлері көрерменді тәнті етті. Ауданның мерейтойына арнайы келген белгілі әнші Құрмаш Махан ән салып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Мұнан соң, орталық стадионда іс- шара шырайын ашқан қазақтың ұлттық ойындары – аударыспақ, көкпар, теңге ілу өткізілді. Сондай-ақ, қазақша күрес, дойбы, арқан тартыс, қол күрес, шекемтас ойындарына қатысушылар көп болды. Аудан өнімдері ұсынылған жәрмеңке де өткізіліп, жамбылдықтар сапалы, табиғи өнімдерді қолжетімді бағада сатып алды. Жамбыл жерінің ұлттар мен ұлыс өкілдері жиналған қауымды ұлттық тағамдар қойылған ақ дастарқандарымен қарсы алып, салт-дәстүрлерінен көрініс көрсетті.
Диас МАРАТҰЛЫ.
Жамбыл ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді