Аманат жүгі ауыр

Аманат жүгі ауыр
ашық дереккөз
Аманат жүгі ауыр
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық мәслихаттың депутаттары Ерұлан Мағзұмбеков пен Оралхан Дәуіт БАҚ өкілдерімен мәслихат өткізді. Халық қалаулылары аманат арқалаған төрт айдан бергі атқарған жұмыстары жөнінде айтып берді. Депутаттыққа «Amanat» партиясынан Жуалы ауданы аумағынан сайланған Ерұлан Мағзұмбеков аталған ауданның Дихан ауылындағы мектептің күрделі мәселелерін, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолына аспалы көпір қажеттігін, №16 колледждің жатақханасын жөндеу туралы жұмыстарға тоқталып өтті. Халық қалаулысы құрылыс заттарының сапасыздығы, жолдардың жарамсыздығы туралы депутаттық сауал жолдапты. Жалпы, «Amanat» партиясынан сайланған халық қалаулыларына 41 аса маңызды аманат жүктелген. Депутаттар оны кезең-кезеңімен көтеріп отыруы тиіс. Тараз қаласының №11 округінен сайланған Оралхан Дәуіт те аманат арқалаған төрт айдың ішінде біраз тірлікті жолға қойыпты. Дегенмен, әлі атқарылуы тиіс іс шаш- етектен. Атап айтқанда, «Арай» алқабындағы 600 орындық мектеп құрылысы тым созылып кеткен. Жұмысты әуел баста мойнына алған мердігер компания тірлікті ақсатып, орта жолда қалдырған. Қазіргі жұмыс атқарып жатқан мердігер компанияға да кідіріссіз жұмыс атқару қиындық тудыруда. «Ұлы дала» шағынауданындағы 200 орындық мектептің құрылысы да мерзімінен көп кешігіп жатыр. Казарма ауылындағы 180 орындық мектептің де мәселесі аз емес. Өз сөзінде Оралхан Әбдірашұлы: – Халық аманатын арқалау оңай емес. Берген уәдемізді орындауға тиіспіз. Менің округіме қарасты ауылдардың Тараз қаласына жаңадан кіргені қиындық тудырып отыр. Олардың мәселелері де көп. Дегенмен, тұрғындармен жиі кездесіп, жұмыс жағдайымен жіті танысып отырмыз. Оларға мемлекет тарапынан жасалған игіліктерді, қаражаттың мүмкіндіктерін, ең бірінші аса өзекті мәселелер қаржыланатынын түсіндіріп жүрміз. Алайда, тұрғындар тарапынан көтерілген барлық мәселелер назардан тыс қалмайды, – деді. Брифинг барысында халық қалаулылары БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.  

 Есет ДОСАЛЫ.

Ұқсас жаңалықтар