22 адам қауіпсіз орынға көшірілді

22 адам қауіпсіз орынға көшірілді
ашық дереккөз
22 адам қауіпсіз орынға көшірілді
Күн жылынып, жаз маусымы басталғалы облыста өрт оқиғаларының жиі орын алуы байқалады. Осыған байланысты өңірдегі өрт сөндіруші-құтқарушылардың жұмыстары да қым-қуыт болып жататыны рас. Олар бір тәуліктің ішінде бірнеше мәрте түрлі оқыс оқиғалардың алдын алуға немесе олардың салдарын жоюға шығып жатады. Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 29 шілдеде күштер мен құралдарды жедел басқару орталығына Байзақ ауданы, Талас ауылындағы ашық алаңда жүк автокөлігінде тиелген шөп өртенгендігі жөнінде хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына 2 өрт сөндіру автокөлігі мен 7 от жауынгері шығып, «қызыл жалынды» жарты сағаттан астам уақытта ауыздықтады. Өрт салдарынан автокөлік зақымдалып, жүк бортындағы 85 түк шөп жанып кетті. Сол күні түсте Меркі ауданы, Ақтоған ауылындағы жеке тұрғын үйдің ауласындағы шөпхана өртке оранған. Аумағы 180 шаршы метрді құраған жалынды 5 өрт сөндіруші екі сағаттан астам уақытта сөндірді. Өрт салдарынан шөпхана және ішіндегі 22 тонна шөп жанып кетті. Жуалы ауданының Ақтөбе ауылындағы жеке тұрғын үйдің ауласында өртенген сарай мен бастырмадағы 4 тонна болатын 200 түк те түгел күлге айналған. Өткен сенбіде Тараз қаласы, «Қарасу» шағын ауданындағы бес қабатты үйдің біріндегі пәтерден өрт шыққан. Оқиға орнына 3 өрт сөндіру автокөлігі мен 1 автосаты, кезекшілік өрт сөндіру қызметі мен Медициналық апаттар орталығынан 18 адам барып, өртті бір жарым сағатта сөндірді. Оқиға орнында 2 газ-түтіннен қорғау қызметінің буыны жұмыс атқарды. Оқиға орнынан 22 адам, оның ішінде 10 бала қауіпсіз орынға көшірілді. Мұнан өзге құтқарушылар су каналына түсіп кеткен автокөлікті шығаруға, 14 рет қураған шөп пен қоқыстың жану оқиғасына, 2 рет тұрғындардың құлыптанып қалған есіктерін ашып беруге, 2 рет полиция қызметіне көмек көрсетуге, бір рет тұрғын үйді түтіннен тазарту жұмыстарына жедел шыққан. Осыған байланысты өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі облыс тұрғындары мен қонақтарына өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды, ал үйден шығарда газ және электр құралдарын қуат көздерінен ажыратуды, мүмкіндігінше қарттар мен балаларды қараусыз қалдырмауды ескертеді. Сондай-ақ, шомылу маусымында тұрғындар сақтық шараларын сақтауы және су көздеріне жақын маңда тұратын балалар қауіпсіздігін қатаң бақылауы қажет. Сондай-ақ, өрт немесе өзге де төтенше жағдайлар туындағанда «101», «112» нөмірлеріне қоңырау шалу ақысыз негізде жүзеге асырылатынын еске салады.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Ұқсас жаңалықтар