Жаңа тұрғын үй бағдарламасынан құр қалмаңыздар!

Жаңа тұрғын үй бағдарламасынан құр қалмаңыздар!
ашық дереккөз
Жаңа тұрғын үй бағдарламасынан құр қалмаңыздар!

32Қазақстанда 35 жасқа дейінгі ерлі-зайыптылар жаңа тұрғын үй бағдарламасы бойынша пәтер ала алатын болды. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының парламенттік фракциясының отырысында «Бәйтерек» «Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. «Бағдарлама жас отбасыларға арналған, біз Үкіметпен бірге жасы 35-ке дейінгі азаматтардың да пәтерлерге үміткер болуын қарастырып жатырмыз. Барлық пәтердің 50 пайызы жас азаматтарға, жасы 35-ке дейінгі отбасыларға ұсынылатын болады. Біз «жас отбасы» ұғымының заңда 29 жасқа дейін деп көрсетілген анықтамасынан бас тартып, осы бағдарламаның мақсаты үшін бұл межені 35-ке дейін ұлғайтамыз», - деді Бишімбаев. Бұған дейін Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев жаңа тұрғын үй бағдарламасы шеңберінде жас отбасылардың жас шамасы 29-дан 35-ке дейін өзгертілуі мүмкін екенін хабарлаған болатын. Бишімбаев жаңа бағдарлама бойынша баспаналардың тек кезекте тұрған адамдарға ғана бөлінетінін айтты. «Бұл бағдарламаға үміткерлерді 2014 жылғы 11 қарашадағы мәлімет бойынша жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандар, яғни, тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж немесе баспанасы жоқ азаматтар арасынан жасақтаймыз», - деді ол. Сонымен бірге, бағдарлама арқылы көпбалалы отбасылар, толымсыз отбасылар, жетім балалар, білім беру, денсаулық сақтау саласы жұмысшылары мен мемлекеттік қызметкерлер де пәтер ала алады. «Баспаналардың 50 пайызы жасы 35-ке дейінгі, тұрғын үйі жоқ, жергілікті атқарушы органдардың кезегінде тұрған отбасыларға беріледі, қалған жартысы кезекте тұрған әлеуметтің әлжуаз топтарына беріледі», – деді Бишімбаев. Еске сала кетейік, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол» саясаты аясында жаңа тұрғын үй бағдарламасының қолға алынатынын 2014 жылғы 11 қарашада жария етілген Жолдауында айтқан еді. Бұл бағдарлама бойынша тұрғын үй алғашқы жарнасыз әрі пайызсыз берілуі тиіс. Сонымен бірге, жаңа тұрғын үй бағдарламасы бойынша баспананың бір шаршы метрінің қанша тұратыны да жария етілді.

Ал Жалға берілетін үйлер кімдерге тиесілі? «Тұрғын үйдің берілу тәртібіне келсек, ол «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» Ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамы мен жергілікті атқарушы органдар арқылы жүзеге асырылады. Тұрғын үйлердің 30 пайызы мына топтардың арасында үлестіріледі: мемлекеттік қызметкерлер, бюджет қаржыландыратын ұйымдар, әскерилер, ғарышкер болуға үміткерлер, арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, мемлекеттік сайлау қызметіндегі азаматтар, оралмандар, көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар, мүгедек баласы бар отбасылар, жетімдер мен асыраушысыз қалған балалар», - деді Бақыт Сұлтанов. Баспананың 20 пайызы барлық категориядағы адамдарға үлестіріледі, мұның ішінде басымдық мына категорияларға беріледі: білім, ғылым, медицина, журналистика салаларындағы мемлекеттік заң органдары мен мемлекеттік емес ұйымдардың, мәдениет және өнер салаларындағы қоғамдық бірлестіктердің жұмысшылары. Қалған 50 пайыз үйленгеніне екі жылдан асқан, екеуінің де жасы 29 жасқа жетпеген (бағдарлама бойынша өтініш берілген уақытта) жас отбасыларға беріледі. Баспана алушылардың қатарында толық емес отбасылар да бар: баланы отбасыда 29 жасқа жетпеген бір адам асырайтын жағдайда, мұның ішіне ажырасқандар мен жесір қалғандар да кіреді. Оның айтуынша, 2020 жылға дейін республикада 1,4 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй тұрғызылады, оның ішінде жалға берілетін баспананың 60 пайызы Астанада, Алматыда, Шымкентте және Ақтөбеде соғылады. 40 пайызы өзге облыс орталықтарында, моноқалаларда және ауылдарда салынады. Астана мен Алматыда жалға беріліп, кейін сатып алуға құқық беретін екі бөлмелі үйдің ай сайынғы төлемі 56 мың теңгеден аспайды. Ал сатып алу құқығы жоқ үйлердің ай сайынғы төлемі - 28 мың теңгеден аспайды. Өзге өңірлерде сатып алу құқығымен жалға берілетін үйлердің ай сайынғы төлемі 47 мың теңгеге жетпейді, сәйкесінше сатып алу құқығы жоқ үйлер үшін 23 мың теңгеден жоғары болмайды. Тұрғын үй бағдарламасына мемлекет 2020 жылға дейін Ұлттық қордан 180 миллиард теңге бөледі. Сонымен қатар, жеке инвесторлардың қаржысы үй салуға пайдаланылады. ҚР Қаржы министрлігінің есебі бойынша, бұл бағытта 2020 жылға дейін жалпы 250 миллиард теңге жұмсалып, 29 мың пәтер беріледі.

«Ақ жол-Ақпарат».

Ұқсас жаңалықтар