«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі – Мәңгілік Елдің Ұлы тарихы

Қазақстан Республикасының  Тәуелсіздігі – Мәңгілік Елдің Ұлы тарихы
ашық дереккөз
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі – Мәңгілік Елдің Ұлы тарихы
23«Астана Опера» театрында еліміздің қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күніне орай салтанатты шара өтті. Оған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі

Құрметті қазақстандықтар!

Елдігіміздің тұмары, ерлігіміздің шынары болған Тәуелсіздік күні құтты болсын! Осыдан 23 жыл бұрын адамзат көгінде жарық жұлдыз пайда болды. Ол – көк байрағын шалқытып, әлем тарихына мөрін басқан Тәуелсіз Қазақстан. Ғасырлар бойғы халқымыздың арманы 1991 жылдың 16 желтоқсанында бүгінгі буынның тарихи таңдауына айналды. Бұл күн – өз тағдырымызға өзіміз қожалық етіп, өз болашағымызды өзіміз айқындауға қолымыз жеткен Ұлы күн. Тарихи әділет салтанат құрып, азаттық үшін төгілген өлшеусіз қанның өтеуі қайтқан Ұмытылмас күн! Сан дәуір өтсе де ұрпақтарымыз ұлықтап өтетін Ұлағатты күн! Алтай мен Атыраудың, Сырдария мен Есілдің арасында еліміздің жылнамасы алтын әріппен жазылған Ардақты күн! Жер бетінде мыңдаған ұлттар мен ұлыстар бар. Біз – дербес мемлекет құру бақытына ие болған 193 ұлттың біріміз. Басқа бақыттың қонуы бір бөлек, сол бақытты бағалай білу бір бөлек. Тәуелсіз елдердің барлығы бірдей тұрақтылық пен татулыққа ұйып, дамудың даңғылына түсе алған жоқ. Тәуелсіздік – тарихтың сыйы немесе бү­гінгі буынның меншігі емес. Ол – өткен ба­балардың алдындағы қасиетті борыш және келешек ұрпақтың алдындағы зор жауап­кершілік. Біз Тәуелсіздігімізге тәу етіп, тәубе деп, тәуекелмен болашаққа бет түзеп келеміз. Біз бүгін Ұлы тарихымыздың тағы бір шебінен сенімді өтіп келеміз. Қымбатты отандастар! Жаңа сын-қатерлерге біздің лайықты жауабымыз «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты болды. Біріншіден, әлемнің құбылмалы жағ­дайында инфрақұрылымды дамытуға басым­дық берілуі – қазіргі дүниедегі табысты ұлттардың ортақ тренді. Екіншіден, сапалы жолдар мен коммуникациялар сала отырып, біз өңірлік және жаһандық экономикалық байланыстарға тереңірек кооперацияланамыз. Үшіншіден, инфрақұрылымдар құрылы-сының кең ауқымды жобалары – шетел инвестицияларының тұрақтылығы. Олар ұзақ мерзімді экономикалық өсімді қамтамасыз етеді. Төртіншіден, бұл лайықты еңбекпен қамтылудың, еңбек өнімділігі өсімі мен халық әл-ауқатының берік кепілі. Бесіншіден, «Нұрлы Жол» – барлық өңірлер үшін жаңа мүмкіндіктер.

* * *

Мемлекетіміздің жүрегі – Астанадан тарайтын жолдар адам мен тауарды ғана емес, елорданың жасампаз рухын күллі елімізге тарататын күретамыр. Дағдарыстар өтеді, кетеді. Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана ғұмырлы. «Нұрлы Жол» – бізді елдік құн­ды­лықтардың қадіріне жеткізіп, асқақтата түсетін мәнді жол. * * * «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатын Ұлттық қорсыз көзге елес­те­тудің өзі қиын. 13 жыл бұрын біз оны экономикалық қауіпсіздіктің маңызды тетігі ретінде құрған болатынбыз. Ол 2007-2009 жылдардағы жаһандық дағдарыстың салдарын жеңуде маңызды рөл атқарды. Ұлттық қор экономиканы әлемдік нарықтарда баға құлдыраған жағдайларда құтқарады. Біз инфрақұрылым мен өндірісті инвес­тициялап, бизнеске, бірінші кезекте, шағын және орта кәсіпкерлерге көмек­тесеміз. Керісінше, өткен бес жыл ішінде оның валюталық портфелі 3,8 есеге өсті! Экономикаға жаңа бір мезгілдік инвестиция өсімнің жаңа тетіктерін іске қосады. Құрметті қазақстандықтар! Алда аумалы-төкпелі заман келе жатыр. Әлемдік саясаттағы дағдарыс пен санкциялар жаһандық экономика үшін тәуекелдерді күшейте түсуде. Бүгін барлық елдерге қиын. Әлемдік нарықтар көмірсутектеріне, металдарға, біздің өзге де экспорттық өнімдерімізге бағаның құлдырауымен жауап беріп отыр. Бізге де оңай болмайды. Мұны да назарға алу керек. Сондықтан бізге де бюджеттің бекітіп үлгерілген шығыс бөліктерін қысқарту қадамына баруға тура келеді. Бірақ мұның әлеуметтік шығыстарға қатысы болмайды. Өздеріңіз білетіндей, мен қазірдің өзінде Үкіметке халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындауды қамтамасыз етуге тапсырма бердім. Бүгін Үкімет пен Ұлттық банк алдына тағы екі маңызды міндет қоямын. Біріншіден, экономиканы долларсыздандыру. Екіншіден, инфляциялық шектеуге өту. Олар «Нұрлы Жол» Жаңа Эконо­мика­­лық Саясатының құрамдастары болуы тиіс. Дағдарыстар ұзаққа созылмайды. Жоға­­рыда айтқанымдай, бұл дағдарыс та өтеді. Әлемдік экономикадағы қиын­дық­тарды еңсеруімізге, әлемдік нарық­тар­дағы бағалардың тұрақтануына, экономикалық жобаларымыздың жүзеге асырылуына орай, біз міндетті түрде өсім қарқынын қайта оралтамыз. * * * Тұтас дүниені шарпыған дағдарыстар бүгінгі күннің басты сипатына айналуда. Жаһандық экономика кезекті рет соқтықпалы, соқпақсыз жолға аяқ басты. Сондықтан, біз алдағы сын-қатерлерге дайын болуға тиіспіз. Біз жағдай ширыққан сайын шынығуға, кедергіге кездескен сайын келесі серпіліске қуат жинауға дағдыландық. Алысты көздеген даму жолында кездесетін уақытша кедергілерге мойымаймыз. Еңсені түсірмей, ертеңге сеніммен қараймыз. Құрметті менің отандастарым! Біздің ұлы тарихымызда қазақ­стандықтардың қазіргі ұрпағының тарихи іс-әрекеттеріне ерекше орын беріледі. Біз Ұлы жолдан жүріп өттік. Бұл – 1995 жылдың наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясының өмірге келуі. Бұл – 1995 жылдың 30 тамызында ел Конституциясын бүкіл халық болып қабылдау. Бұл – 1998 жылы Астананы еліміздің елордасы деп жариялау. Біздің бас қаламыз барлық қазақ­стан­дықтар үшін нағыз киелі мекенге, Отанымызға деген біздің ортақ сүйіс­пеншілігіміздің символына айналды. Біз, қазақстандықтардың қазіргі заманғы ұрпағы бір халық ретінде жаңа тарихымыздың «кіндік уақытын», бола­шағымыздың басты векторын айқындап алдық. Біз, сондай-ақ, тарихи дамудың жү­рі­сін өзгертіп, оны ырғақты ете түстік. Біз өз тарихымызда алғаш рет оқиға­лар­дың соңынан ермей, әуелі 2030 Стра­те­гия­сын, ал енді «Қазақстан-2050» Стра­тегиясын ілгерілетіп, олардың алдын орап отырдық. ХХІ ғасырдың әрбір жылы Тарихқа елдің үдемелі табыстарының уақыты ретінде кіретін болады. Біз, қазақстандықтардың қазіргі буыны жаңа Қазақстанның Ұлы жылнамасын нағыз жасаушылар болдық. Біз жаңа ел жасап, халқымызға Жаңа тағдыр сыйладық! Қадірлі халқым! Тарихсыз болашақ жоқ. Ұлы Далада күллі Еуразия құрлығын уысында ұстаған алып мемлекеттер болған. Алып кеңістікті ен жайлап, еркін билеп-төстеген айбарлы халықтар өмір сүрген. Бүгінгі Қазақстан – сол бабалардың заңды мұрагері. Адамзат тарихында қазіргі қалыптағы мемлекет үлгісі тек соңғы бірнеше ғасырда ғана пайда болды. Бұл кез халқымыздың бостандықтан айырылып, бодандыққа түскен мезетіне тап келді. Көк түріктер мен Алтын Орданың айбарын айтпағанда, Қазақ хандығы – біздің елдігіміздің түп-тамыры. Тәуелсіз Қазақстан халқымыздың азаттық жолындағы сан ғасырлық арманын ақиқатқа айналдырды. Біздің буын жаңа тарихқа Қазақстан Республикасы деген атпен аяқ басып, жас мемлекетті әлемнің төріне оздырды. Қымбатты отандастарым! Ұлан-ғайыр жері бар, ұлы мұратты Елі бар, бабалар жазған ұлы тарихы мен ұрпағы көз тіккен ұлы болашағы бар менің халқым – Ұлы халық! Тәуелсіздікті алу үшін қандай қажыр-қайрат керек болса, оны баянды ету үшін одан да зор қажыр-қайрат керек. Табысқа тоқмейілсімей, кейінгі ұрпаққа кемел Қазақстанды табыстау – ортақ парыз. ХХI ғасырдың сын-қатерлеріне төтеп беріп, ең дамыған елдердің біріне айналу – ортақ жауапкершілік. Біз халқымыздың қаһармандық тарихын жасампаздық тарихына ұластырдық. Әлемдегі ең мықты 50 елдің сапына еркін қосылып, енді ең қуатты 30 елмен иық тірестіруге бет алдық. Рухы биік, еңсесі тік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Елдің мәртебесі асқақ болуы үшін бізде бәрі бар. Ендеше, барды бағалап, дамыта білейік, қадірлі халқым! Құрметті қазақстандықтар! Біз бірнеше күннен кейін жаңа 2015 жылдың бірінші парағын ашамыз. Біріншіден, Қазақстан халқы Ассам­блеясы жылына және Қазақстан Респуб­ликасының Конституциясын бүкіл халық болып қабылдаудың 20 жылдығына арналған шаралар өтеді. Бұл – біздің мем­лекеттілігіміздің басты негіздері. Екіншіден, ұлттық тарихымыз бен мә­дениетіміздегі маңызды датаны – Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын атап өтетін боламыз. Үшіншіден, Біз ТМД елдерімен және бүкіл әлеммен бірге Ұлы Отан соғы­сын­да фашизмді жеңудің 70 жылдығын мерекелейтін боламыз. Біз үшін соғысқа қатысушылардың ер­лік­тері туралы естеліктер қашанда қа­сиетті. Біз – өзіміздің өткенімізге қай кезеңде де ризашылықпен және кешіріммен қа­райтын халықпыз. Біздің тарихи өткенді қабылдауымыз қашанда біртұтас және оң пайымды болуы тиіс. Ол барлық қазақстандықтарды бөлуі емес, біріктіруі тиіс. * * * Біздің ұлттық тарихымыз – теңдессіз тарих. Ол Еуразия құрлығының ұлы өркениетінің жылнамасына өшпес қолтаңбасын қалдырды. Тарихи тамырымыздың бірлігі бізді түркітілдес халықтармен ешқашан іргесі бөлінбейтін бауырлас етті. Ұлы Түркі елі қазіргі заманауи мемле­кеттер – Қазақстан, Әзербайжан, Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Түркия елдерінің ортақ тамыры. Біздің мыңжылдықтарға ұласатын шежіреміз бір. Мақтаныш тұтатын бабаларымыздың тарихи ерліктері бір. Бөле-жара қарау мүмкін емес рухани қазынамыз бір. Осының бәрі – баршамызға ортақ мұралар. * * * Біздің Ресеймен ұзақ тарихи жолымыз бар. Қазір біздің ортақ тарихымыз Еуразиялық эконо­ми­калық одақ шеңберіндегі интеграция үшін берік негіз қалыптастыруда. Мен осыдан 20 жыл бұрын ілгерілеткен осы идеяны заңдық ресімдеу аяқталды. Ол 2015 жылдың 1 қаңтарынан, ЕАЭО қызметі басталуымен шындыққа айналады. Қазір онда Қазақстан, Беларусь, Ресей, Армения бас біріктіріп отыр. Жаңа экономикалық одақ басқа елдер үшін де ашық. Уақыт жылнамасы бізді көп­мың­жылдық Қытай тарихымен байланыстырады. Қытай Халық Республикасымен достық және стратегиялық әріптестік жыл өткен сайын нығая түсуде. Бүгін біз Шанхай ынтымақтастық ұйымы өңірін Еуразияның көліктік және сауда көпіріне айналдыра отырып, Ұлы Жібек жолын қайта түлетудеміз. Біздің Азия елдерімен тарихи рухани және мәдени байланыстарымыз Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің табыс­ты жұмысы арқылы байи түсуде. Осы жылы біз оның арқауында Азиядағы қауіпсіздік және даму жөніндегі ұйым құруды ұсындық. Тәуелсіздіктің жиырма бес жылға жуық кезеңінде біз АҚШ-пен, Еуропалық одақпен және көптеген басқа да елдермен ынтымақтастықтың бірлескен беттерін аштық. Бұл – біздің бейбітшілік пен тұрақтылық жолында бірлесе жұмыс істейтін достарымыз және стратегиялық әріптестеріміз. Бұл – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, Ядролық қарудан азат Орталық Азия аймағын құру, ЕҚЫҰ-ның Астана саммиті, «Бей­бітшілік жолындағы серіктестік» бағдар­ламасы, ондаған бірлескен экономикалық және мәдени жобалар. Осы жылы біз Қазақстанның ЕО-мен ұзақ мерзімді әріптестігі туралы келісім жобасын дайындауды аяқтадық. Қазақстанның ДСҰ-ға ену үдерісі аяқ­талуға жақын. Бізге әлі бірлесіп, Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің Бүкіл­әлемдік Тарихының «алтын параграфын» жазу міндеті тұр. Қазақстанның ұлттық тарихы қашан­да біздің қоғамды біріктіру, көрші елдермен достық және өзара түсіністік қағидаттарына негізделетін болуы тиіс. Біздің тарихшыларымыз осы бағытта жұмыс істесе, ғылыми-зерттеулер, сон­дай-ақ, мектептеріміз бен ЖОО-лардағы білім беру үдерістері де осы бағытта жүргізілуі тиіс. Менің бата дарыған халқым! Қазақтардың бүкіл тарихы, тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихы – бұл тұтастық пен бірлесудің тарихы. Бірлікті сақтау мен нығайту – ең жоғары ізгілік. ХХІ ғасырда бірлігі күшті, еңбегіне қуанатын, адамдары дос ел ғана бақытты өмір сүре алады. Біз, қазақстандықтар, мұны өзіміздің жүрегімізбен сезіндік. Тәуелсіздік жылдарында біз шың­далып, рухани тұрғыдан беки түстік. Біз – БҰҰ-ға кіретін 193 мемлекеттің біріміз. Олардың әрқайсының өз жоспары, өз болашағын болжау бар. Адам өмірі оңдаған жылдармен шек­теледі. Халық өмірі оның келесі ұрпа­ғымен жалғасып отырады. Сондықтан Ха­лық Мәңгілігі туралы арманнан жо­ғары арман жоқ. Мәңгілік Ел – бұл ертеңгі күнге есік ашатын, болашаққа сенім арттыратын идея, бұл – кері қайтпайтын және берік тұрақтылықтың символы. «Қазақстан-2050» Стратегиясы – бұл біздің ұрпағымыздың көптеген буыны жүру маңдайына жазған миллиондар жолы. Біз белгілеген тарихи датаға дейін 36 жыл бар. 2050 жылы 1991 жылы туған Тәуел­сіздіктің құрдастары сол кезде үл­кен өмірге қадам басатын жас қазақ­стан­дықтар үшін аға буын болады. Тәуел­сіз­діктің құрдастары шамамен 60-қа келеді. Олар ақсақалдар буынына айналады. Қазақтарда «Елу жылда – ел жаңа» деген ұғым бар. Бұл сөздер не ғылыми-техникалық прогресс, не инновациялық технологиялар болмаған ерте кезеңде айтылған. Біздің дәуіріміз – жылдамдықтар уа­қыты. ХХІ ғасырда қоғам әрбір бес жыл сайын түбірінен өзгеріп отырады. Сондықтан басты екі қағида халық тағ­дырын айқындайды. Бірінші. Бұл ұрпақтар мен құн­ды­лықтар сабақтастығы. Екінші. Ұлттың серпінділігі, жас­тардың инновациялылығы. Біз өзіміздің тарихымызды батыл жә­не лайықты жүзеге асыруға тиіспіз. Біз егер біртұтас болсақ, күштірек бола түсе­міз. Біздің жалпыұлттық идеямыз – Мәң­гілік Елдің мыңжылдық мәні, міне, осында. * * * Халқымыздың қастерлі Тәуелсіздігі мен Мәңгілік Еліміздің болашағы мені үнемі толғандырады. Тәуелсіздіктің өмірлік философиясы қандай болуы қажет деген сауалды мен өзіме сәт сайын қоямын. Осы жайлы ой орамдарын қағазға түсіріп, «Тәуелсіздік толғауы» деп атадым. Ол азат еліміздің күллі азаматтарына, жалынды жастарға, бүгінгі буынның ерен істерін лайықты жалғастыратын ертеңгі ұрпаққа арналады. Тәуелсіздік толғауы Заман ағымы бізді Қазақстан Рес­пуб­ликасы тұңғыш рет Тәуелсіз Ел ретінде әлемге әйгіленген тарихи дата – 1991 жылдың 16 желтоқсанынан алыстатып барады. Біз жыл өткен сайын сол бір тарихи таң­даудың сарқылмас құдіретін жан жү­регімізбен түсінеміз. Ол – егемен мемлекетте бейбітшілік пен келісімде, өзара сенімде азат өмір сүру таңдауы. Ол – туған жеріміздің қазынасы мен қазба байлығына дербес иелік етіп, барша қоғамның игілігі үшін өз қалауымызбен жұмсау таңдауы. Ол – өз тағдырымызды өзіміз ай­қын­дау, болашағымызды өз қолымызбен жасау таңдауы. Біздің жаңа Қазақстанымыз жарық жұлдыз болып дүниеге келді. Баршамызды Тәуелсіздіктің Ұлы рухы жебейді, біріктіреді, бойымызға қуат беріп, сенімімізді нығайтады. Ол алтын күні жарқырап, алтын қыраны қалықтаған Қазақ елінің ашық аспаны астында дүниеге келген әрбір сәбидің жүрегіне орнайды. Ол әрбір азаматтың жүрегінде, әр шаңы­рақтың төрінде, елімізде бой көтерген әрбір үйде, әрбір қала мен ауылда салтанат құрады. Ол біздің эконо­микамыздың өсімімен, әрбір жаңа өндіріс орнымен, ұлан-ғайыр Отаны­мызға төселген әрбір күре жолмен, дала төсіне өнген әрбір тонна ал­тын дәнмен нығаяды. Тәуелсіздік – сан буын бабалардың қасиетті жеріміздің әрбір қадамын қорғау үшін төгілген өлшеусіз қаны мен терінің өтеуі. Тәуелсіздік – кешегі батыр бабалар өсиет еткендей Қазақстанды қасық қаны қалғанша қорғау жөніндегі әрбір азаматтың қайсар шешімі. Біз жүргізіп отырған сыртқы және ішкі саясат – халықтың даналығы. Қазақстанды өркендету жолындағы күллі жауапты шешімдердің даналығы. Халқымыздың асқақ абыройының, қонақжайлылығы мен кең пейілінің даналығы. Тәуелсіздік дегеніміз – жалпыға ортақ еңбек. Ғылым қуып, білім іздеген оқу­шылар мен студенттердің еңбегі. Еліміз­дің ұлттық байлығын еселей түсетін барша мамандық иелерінің еңбегі. Әрбір жас буынның жүрегіне Отанға деген шексіз сүйіспеншілік дарытатын қазақстандықтардың еңбегі. Оның көкжиегін жаһандық деңгейге жайған сан қырлы мәдениеті бар. Оның ғылымға, инновациялар мен прогреске әрдайым айқара ашық есігі бар. Оның көздеген межелеріне қалайда жететін мақсаткерлігі бар. Мәңгілік Ел – Тәуелсіздіктің өмірлік философиясы. Бұл қағидаларды мүлтіксіз сақтай отырып, біз Отанымыздың көк байрағын нық ұстаймыз, оны Қазақстан дамуының жаңа биіктерінде асқақтата беретін боламыз. Бұл – біздің мәңгілік ұстанымымыз! Құрметті халқым! Тәуелсіздікті өз қолымен жасаған буын­ның болашаққа жолдаған сәлемі мың­жылдықтар бойы Еліміздің өмірлік философиясы болып қала беретініне сенемін. Біздің халқымыз – ешқашан мыз­ғы­майтын, жыл өткен сайын нығайып, беки түсетін Мәңгілік Тәуелсіздіктің иесі. Тәуелсіздік толғауы ұрпақтың жадында жаңғырып, Тәуелсіздік Рухы әрбір азаматтың жүрегінде тербелсін! Мәңгілік Еліміздің мәртебесі биік болсын! Азаттық рухы асқақ болсын! Көк байрағымыз көгімізде желбірей берсін! Қазақстанның жұлдызы жоғары, жолы нұрлы болсын! Тәуелсіздік күні құтты болсын! * * * Бұл күнгі салтанатты шара өнер шеберлерінің мерекелік концертіне ұласты. («Егемен Қазақстан» 16 желтоқсан 2014 жыл).

Ұқсас жаңалықтар