Ене тәлімін алған епті келін

Ене тәлімін алған епті келін
ашық дереккөз
Ене тәлімін алған епті келін
Қарасай ауылындағы іскер жастың бірі – Гүлнұр Сәрсенбаеваның шаңырағына округ әкімі Күлжахан Елемесованың бізді бастап келуі бекер емес екен. Гүлнұр өзге жастар секілді жобасын қорғап, мемлекеттен 380 мың теңге қайтарымсыз грант алған. Қуантарлығы, алған қаржысын тиімді мақсат жолына жұмсап, қажетті техникалық жабдықтар алып, тігін цехын ашқан. Цехта аяқ киім машинасы да тұр. «Бұл – енемнің көзі. Ол кісі де ісмер адам болатын. Кейіннен бес жыл төсек тартып жатты. Осынша уақыт өзім қасында болып, күтіп, қарадым. Марқұм болып кеткен енемнің ерекше қасиеттері көп еді» деп елжіреп еске алды Гүлнұр. Енесі Нұргүл Шаяхметова ауылға мейірбике болған жаны ізгі кісі болған екен. «Бастау» жеке кәсіпкерлігі негізінде ашылған Гүлнұрдың тігін цехы жұмысын сәтті бастаған. Кәсіпкер қазіргі таңда көрпеше, ат көрпе секілді, көрпелердің түр- түрін тігеді. Оларға салатын зерлі оюлары да әртүрлі. Қошқар мүйіз, ши құрақ, кестелі құрақ, дестелі құрақ дейсіз бе, бәрі бар. Қыз жасауына тапсырыс беретіндер де шығып жатыр. Дегенмен, Гүлнұрдың айтуынша, цех әзірге өзін-өзі ақтап тұрған жоқ. Оның түрлі себептері бар. Көрпеге қажетті мақта қымбат. Матаның да бағасы арзан емес. Сонда да тауы шағылып жатқан Гүлнұр жоқ. Ісінің өркендеп, дамып кететініне сенеді. Келешекте жас кәсіпкер келіншек цехын ұлғайтып, жұмысын жолға қоюды, 5-6 адамды жаңа жұмыс көзімен қамтуды жоспарлап отыр. Ауласындағы 20 сотық жерде бау-бақша жайқалып тұр. Мұнда алмұрт, алма, шие, қияр, қызанақ, қауын-қарбыз, күнбағыс, бәрі де тұр. Ал, бұл – отағасы Бақыт Кешубаевтың іскерлігі. Еңбек десе білектерін сыбана кірісетін Бақыт пен Гүлнұрдың әрбір күні бақытқа толы екенін аңғардық. Бақыт ауылдық әкімдіктің ақылы қоғамдық жұмысына тартылған екен. Алақандай ауладағы ұқыпты жұмысына қарап Бақыттың қандай жұмыстың да көзін табатынына сендік. Мемлекеттің қайтарымсыз гранты осындай ынталы жастар үшін үлкен көмек екеніне көзіміз жетті.  

Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ.

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар