Жаңа бағдарламаның жаңалығы көп
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Дүниежүзінде жүріп жатқан дағдарысқа қарсы жоспар да, тығырықтан шығудың жолдары да Елбасының жаңа Жолдауында толық қамтылған. Елорда төрінде жарияланған мемлекеттің басты құжатын нұрлы болашаққа бастайтын бағдар десек, қателеспейміз. Жалпы, барлық жолдың бастауы, жеткізер мұраты болады емес пе?! Елдігімізді бекемдеп, ендігі ісімізді нақтылаған Президентіміздің «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауындағы жағымды жаңалықтарды жұртқа жеткізу мақсатымен Астанадан шыққан республикалық ақпараттық-насихаттық топтың жолына Жамбыл жұртшылығының үмітпен қарағаны да, сондықтан. Әлемдегі дағдарыс жағдайына қарамастан, Жамбыл жұртшылығының келер күннен күтері көп. Себебі, Елбасы Жолдауында орын алуы мүмкін қиындықтардан шығу жолдары нақты көрсетілген. «Мемлекеттің басты құжаты еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде айрықша орын алады. Сондықтан, облыс жұртшылығы Президент Жолдауын ыстық ықыласпен қабылдап, кең көлемде қолдау көрсетуде. Өйткені, бұл құжат тікелей ел өміріне, қоғамның дамуына, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған», - деді облыс әкімі «Баласағұн» орталық концерт залында өткен актив жиынында. Елбасы биылғы Жолдауында алдымызда тұрған сын-қатерлерге жауап бере отырып, Қазақстанның «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатын жариялады. Елдің дамудың жаңа ауқымды бағдарламасында елдің әлеуметтік хал-ахуалын көтерудің жолдары қарастырылған. «Жаңа экономикалық саясатты жүргізу тәжірибесі әлемде көптеп кездеспейді. Өткен ғасырдың оныншы жылдары АҚШ президенті Франклин Рузвельт жаңа экономикалық саясатын жариялап, бұл бағдарламаны «Жаңа бағыт» деп атады. Ол бағдарламаның негізгі мақсаты қосымша жұмыс орындарын даярлауға мемлекеттік шығынды ұлғайту, азаматтардың әлеуметтік ахуалын жақсарту арқылы әлеуметтің әлеуетін арттыру болған. Ал «Нұрлы жол» Жолдауының ерекшелігі неде? Алдымен мемлекеттің басты құжаты әлеуметтік салалардағы ірі реформаларды жалғастыруға бағытталып отырғанын айта кету керек. Мемлекет басшысы дағдарыстың алдын алу, экономиканы ары қарай дамыту үшін орасан қаржы ресурстарын Ұлттық қордан бөлінетінін айтты. Бір кездері Ұлттық қорды құрудың қандай қажеті бар дейтіндер де табылған. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында еліміз халықаралық институттардан, дүниежүзілік банктердің көмегіне мәжбүр болса, қазір ұлттық қордың арқасында мемлекет халықаралық ұйымдардан қаржы алып отырған жоқ», - деді Мәдениет және спорт министрі, республикалық ақпараттық-насихаттық топтың жетекшісі Арыстанбек Мұхамедиұлы. Иә, Ұлттық қордың қаржысы әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталмақ. Елбасы келер жылы шағын және орта бизнесті дамытуға қордан 100 миллиард теңге, экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуды қолдау және басталған жобаларды аяқтау, аса өткір мәселелерді шешу үшін 500 миллиард теңге көлеміндегі екінші транш қаржысы бөлінетінін айтқан еді. Министр жиында Жолдаудан туындаған бағдарлы жұмыстар аясында «Ұлттық индустриялық мұнай химиясы технопаркі» арнайы экономикалық аймақтары инфрақұрылымдарына жұмсалатын 81 миллиард теңгенің бір бөлігі Тараздағы мұнай-химия технопаркін жаңғыртуға қарастырылып отырғанын жеткізді. Жолдау аясында жасалатын жақсылықтар туралы Инвестиция және даму министрлігі Индустриалды дамыту және өндіріс қауіпсіздігі комитеті төрағасының орынбасары Мақсұт Ордабаев пен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов та кеңінен баяндады. Соның ішінде жамбылдықтарды да қуантатын жаңалықтар бар. Атап айтсақ, келер жылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралі құрылысы аяқталады, Астана – Алматы бағытында 4 жолақты дәліз салынады екен. Сондай-ақ, Жаңа жылдан бастап зейнетақы және жәрдемақы мөлшері 7-9 пайызға өсірілмек. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бастаған ақпараттық-насихаттық топ жеткізген қазақ хандығының 550 жылдығы Тараз топырағында тойланатындығы туралы хабар жамбылдықтар үшін қуанышты жаңалық болды. Елбасының көне шаһардың 2000 жылдық тойында «Тараз –тарихымыздың темірқазығы» дегені барша жұрттың жадында. Бұл тұжырым негізсіз айтылмағаны белгілі. Бес ғасырдан астам уақыт бұрын Керей мен Жәнібек сұлтан Шу бойында қазақ хандығының шаңырағын көтергені тарихтан мәлім. Мемлекет басшысының осы тарихи ақиқаттан айнымай, ұлы той Әулиеата өңірінде өткізілетінін мәлімдеуі облыс тұрғындарын бір серпілтіп тастаған еді. 2015 жыл еліміз үшін елеулі кезең болғалы тұр. Келер жылы Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 70 жыл, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына және Ата Заңымыздың қабылданғанына 20 жыл, қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толады. Айтулы мерейтойлардың әрқайсысының маңызы жоғары. Ал Жамбыл жерінде өткелі отырған тойдың тарихи мәні ерекше. «Бұл тойдың мемлекетімізде туризмді дамытуға, ішкі әлеуметтік-экономикамызды жақсартуға серпін береді. Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту туралы мәселенің көтерілгеніне біраз болды. Көпшіліктің көкейінде «ол тойды қашан және қайда өткіземіз?» деген сауал да жүрген. Оның жауабын Елбасымыз берді», – деді ақпараттық-насихаттық топтың жетекшісі Арыстанбек Мұхамедиұлы. «Қазақ хандығының 550 жылдығы Тараз қаласында өтеді деген ұйғарым жасалды. Мұны Әулиеата өңірінің 1 миллионнан астам тұрғынының ниеті, ақ тілеуіне қарай берілген сый деп білемін», – деді облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев. Иә, бұл жаңалықтың өңір тұрғындары үшін мәні зор әрі үлкен мәртебе.
Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бастап келген топ құрамындағы мүшелер қазір әр сала бойынша мекемелерде болып, жұртшылықпен кездесу өткізіп жатыр. Осы топ құрамындағы Инвестиция және даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Мақсұт Ордабаев пен «Қазфосфат» ЖШС Жамбыл филиалы – «Жаңа Жамбыл фосфор зауытының» қоршаған ортаны қорғау бөлімі басшысының орынбасары Арман Қарағалиев «Қазфосфат» ЖШС-ның «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» мен «Минералды тыңайтқыштар зауытында» және «Тараз энерджи» ЖШС-ында болып, ұжым мүшелерімен кездесті. Алғашқы кездесу «Жаңа Жамбыл фосфор зауытында» өтті. Кездесу барысында Мақсұт Ордабаев Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өндіріс саласына айтарлықтай көңіл бөліп, жан-жақты қолдау білдіріп жатқанын айтып өтті. Бұл саланың ұлттық экономикамыздың негізгі құрамдас бөліктерінің бірі екенін де тілге тиек етті. – Өздеріңізге белгілі, 11 қараша күні Елбасымыз өзінің халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауын жолдады. Одан бөлек 15 желтоқсан күні қосымша үндеуін жариялады. Мемлекет басшысы сырттағы халықаралық күрделенген жағдайларды, көршілеріміздің арасындағы кейбір түсініспеушіліктерді ескере келе халықты сабыр мен бірлікке шақырып, экономикамызға да қыруар қаржы құйдырды. Бұны халықтың жағдайын әлсіретпеу үшін емес, одан әрі жақсарта түсу үшін жасалған қадам деп түсінгеніміз жөн. Біздің қазіргі ең басты мақсатымыз – ел тыныштығын сақтау. Ал, тыныштық, бірлік болмаған жерде береке де болмайды. Ондай жерден бақыт та, байлық та жоғалады, – деді М.Ордабаев. Сондай-ақ, ол өз сөзінде біздің облыстың да экономикалық әлеуетіне тоқталып, қолға алынып, нәтиже беріп жатқан жобалардың баршылық екенін атап өтті. «Қазфосфат» ЖШС Жамбыл филиалы – «Жаңа Жамбыл фосфор зауытының» қоршаған ортаны қорғау бөлімі басшысының орынбасары Арман Қарағалиев Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауының барлық бағыттары мен басымдықтары бойынша баяндама жасады. Республикалық бұл АНТ мүшелерінің жұмыс сапары «Минералды тыңайтқыштар зауыты» мен «Тараз энерджи» ЖШС-ында да жалғасын тапты. Барлық кездесулер соңында зауыт жұмысшылары үшін шағын қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырылды.
* * * Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».
Бейсенбі күні Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауын халық арасында насихаттау және түсіндіру мақсатында республикалық ақпараттық-насихаттық топтың бір топ мүшелері Талас ауданының орталығы – Қаратау қаласы мен бірқатар елді мекендерде болып жұртшылықпен жүздесті. Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайылов қаладағы Өнер мектебінде жұртшылықпен кездесіп, Елбасы Жолдауының маңызын жан-жақты түсіндірді. Халық қалаулысы қала халқын күні кеше ғана аталып өткен Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Жолдаудың жаһандық дағдарыстың алдында жолданғандығын және оның Қазақстан халқының әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін әкелетін маңызды құжат екендігін нақты мысалдармен түсіндірді. Мәңгілік Ел құрып жатқан Қазақстанның жаңа биіктерді бағындыруға қабілеті мен қарымы жетеді, – деді. 2015 жылы логистік-көліктік, энергетикалық, тұрғын үй, шаруашылық, су, жылу инфрақұрылымдарын жаңарту мен шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қаржы, қажетті нәрсенің барлығы жетеді. Осындай жиын Ақкөл және Ойық ауылдарында да өтті. Алғашқы ауылдағы кездесу О.Иманалиев атындағы Мәдениет үйінде өтіп, онда Ұлттық экономика министрлігі Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің төрағасы Асқар Сәдуов Елбасының Жолдауын тәптіштеп түсіндірісімен жиынға қатысушылар өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, оған тиісті жауаптарын алды. Ақкөл халқының «ауруына» айналған ауыз су мәселесі келер жылы толықтай шешімін табатын болды. Облыс басшысының тікелей араласуымен облыстық бюджеттен 347 миллион теңге бөлінген, келер жылы «Бөріқазғаннан» Ақкөлге дейінгі су торабы түгелге жуық алмастырылады. Бұл – бір. Ақкөлге көгілдір отын 2016 жылдары жеткізіледі. Ол туралы нақты жоба бар. Қаратау қаласында газ бекетінің құрылысы басталған. Біткен кезде қаладан Ақкөлге, Қызыләуіт, Саудакент, Жаңатас бағытына қарай газ магистралі тартылмақ. Бұл – екі. Келер жылы орталық аурухана күрделі жөндеуден өткізіліп, 301 адамды жұмыспен қамтитын жүйке аурулары емханасы іске қосылмақ. Бұл – үш. Ақкөлдің тірек ауылдар санатына жатқызылуынан келер жылдан бастап көшелерінің асфальтталатыны белгілі болып отыр. Бұл – төрт. Ауылдағы №2 кәсіптік техникалық колледжінің жылу жүйесін қайта жайластыру үшін қажетті жобалық-сметалық құжаты жасалынған. Оның да құрылысы келер жылдың еншісінде. Бұл – бес. Қысқасы, мемлекет елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту үшін барлық жағдайды жасайтындығына жұртшылықтың көзі жетті. Тек, жұртшылықтың кәсіпкерліктің сан түрін дамыту үшін жұмыс істеулері тиіс екендігі де айтылып қалды. Еңбек ардагері Ә.Құйқабайұлы әлеуметтік салада еңбек ететіндердің жалақысының мардымсыз екендігін сөз етті. Оған жауап берген облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов Елбасының тапсырмасымен бұл мәселенің де оң шешімін табатынын, 2015 жылдың шілдесінен сол санаттағылардың жалақысының 26-30 пайызға көтерілетінін хабардар етті. Еңбек ардагері Б.Рахманбердіұлын демографиялық ахуал, көптеген адамдардың отбасын құра алмай, жалғызілікті қалатындығы алаңдатады екен. Қазақ үшін өте ауыр, қасіретті нәрсе. Қарттар үйін аша бергеннен не ұтпақпыз? Сірә, тәрбие жұмысына ерекше мән беру керек шығар деген пайым айтылды. Ойық ауылындағы кездесуде де жұртшылық өздерін толғандырып жүрген сауалдарына, көңілдеріне қонымды жауаптарын алып, қанаттанып қайтты. – Жолдау қазірдің өзінде жүзеге асып жатқан жоқ па?! – деді жиында Асқар Сәдуов, оған өз сөздеріңіз куә. Елбасы Мәңгілік Ел құру идеясын алдымызға қойды. Оны Сіздер мен біздер бірлесіп, жүзеге асыруға тиістіміз, – деді ол. Жиналғандар Елбасының Жолдауын жүзеге асатынына еш шүбә келтірмей тарасты.
Талас ауданы.
Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы еліміздің бүгінгі экономикалық бағдарын болашақтағы мүмкіндіктермен байланыстыра отырып, дамудың жүйелі бағыттарын айқындап берді. Әлемнің өркениетті мемлекеттерімен терезе теңестіруді басты мақсат деп түсінгендіктен, білім, ғылым, технология және басқа да салалардағы ізденіс пен еңбек дамыл көрмеуі керек. Қазақстандықтар үшін ілгерілеу жолында іркіліп қалуға әсте болмайды. Ел Президентінің биылғы Жолдауының әдеттегіден ерте жариялануы да уақыттан ұтылмаудың бір көрінісі болса керек. Бүгінде бұл құнды құжаттың мән-маңызын халық арасында кеңінен насихаттап, түсіндіру жұмыстары басталып кеткені белгілі. Ағымдағы аптада республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Қожахан Жабағиев Шу ауданына атбасын бұрып, Елбасы Жолдауын халыққа жан-жақты түсіндірді. Халық қалаулысы апта ішінде Бірлікүстем және Жаңажол ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, сапар мақсатын жүзеге асырды. Ал, бейсенбі күні аудан орталығы – Төле би ауылы мен Шу қаласында жиын өткізіп, Жолдаудың негізгі мазмұнынан бастап, ондағы міндеттер мен жоспарларды аталмыш ауданның тыныс-тіршілігімен, келешегімен байланыстыра отырып, тарқатып айтып берді. Қожахан Көкірекбайұлы экономикалық әлеуеті тұрғысынан Шу ауданы болашағының зор екендігін атап өтті. Бұл ретте құрамында бірнеше зауытты қамтитын алып құрылыс «Тараз химиялық паркіне» ерекше тоқталды. Инфрақұрылымының өзіне қыруар қаражат бөлініп, мемлекеттің назарында тұрған маңызды жоба шулықтарға мол мүмкіндіктер әкелмек. Жаңа жұмыс орындары ашылып, шағын кәсіпкерліктің бойына қан жүгіртетініне сенім кәміл. Депутат дамудың негізгі тетіктерінің бірі саналатын орта және шағын бизнес мәселесінен айналып өтпеді. Бұл ретте аудандағы әр қадам сайын салынған мейрамханалар туралы сөз етіп, көңіл толмастық көзқарасын білдірді. Кәсіптің, өндірістің түр-түріне қолайлы аймақта бір күннің қамымен емес, болашағы бар, халық игілігіне жарайтын тірлікпен айналысудың анағұрлым дұрыстығын түрлі дәлелдермен түсіндірді. Сонымен қатар, ол өз сөзінде көпшілікті сауаттылыққа, ұлттық құндылықтарды сақтап, қастерлеуге, ынтымағымызды қашанда берік ұстауға шақырды. Жиын соңында Қ.Жабағиев аудан тұрғындарымен қоғамдық қабылдау өткізіп, азаматтардың жеке сұрақтарына жауап берді.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі медициналық және фармацевтикалық қызметтерді бақылау комитетінің төрағасы Назарбек Бейсен осы күні облыстық балалар ауруханасының мәжіліс залында аталған мекеме ұжымымен, облыстық, қалалық ауруханалар мен емханалардың бас дәрігерлерімен кездесіп, Елбасының жуырдағы Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға байланысты байыпты әңгіме қозғады.
– Бүгінде еліміздің азаматтары бақуаттылық пен молшылық жағдайында тіршілік етуде. Киім-кешектен, азық-түлік өнімдерінен, басқасынан болсын ешқандай кемдік көріп отырған жоқпыз. Сауда орындары сөрелерінде бәрі де тұр. Мұның барлығы да Мемлекет басшысының көрегендігінің, сарабдал саясатының, ауызбіршілігіміздің арқасы. Ел-жұртымыздың берекесі артқандығының нақты дәлеліндей. Келер жыл, Елбасы атап өткендей, ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы болғалы тұр. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтетін боламыз. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы мына Жамбыл жерінде өтетін болып ұйғарылды. Осының барлығына да жаңашыл да жасампаз еңбектерімізбен атсалысуға тиіспіз,– деген Назарбек Есіркепұлы сала қызметкерлерінің өтініш-тілектерін де мұқият тыңдап, айтылған мәселелердің оң шешімін табуына ықпал ететінін жеткізді. Аймақтағы бірқатар емдеу-сауықтыру мекемелерінің басшылары облыстағы емдеу мекемелері ғимараттарының салынуы, қажетті медициналық қондырғылармен жарақтандырылуы жоғары деңгейде екенін, тек ішінара болса да дәрігер мамандар жетімсіздігі, сапасыздығы мәселелері сақталып отырғандығын жеткізді. Дәрігерлердің қайсыбір санаттарының айлық жалақыларын көтеру, сыйақы беру секілді ынталандыру шаралары қолға алынып, сала қызметін басқару мен ұйымдастыруға байланысты басқа да ерекшеліктер енгізіліп жатқаны жөніндегі жаңалық жиынға қатысушыларды бір серпілтіп тастады. Медицинаның дамуы, шет мемлекеттермен білікті дәрігерлер алмасу, кіші аудит енгізу, санитарлық авиация қызметін жетілдіру тұрғысында қойылған сұрақтарға да тиісінше жауаптар қайтарылды.
Шу ауданы.
Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді