«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Наурызбек Сарша

Наурызбек Сарша
ашық дереккөз
Наурызбек Сарша

Саябақта

Келмегелі көп болды-ау бұл маңды ықтап, Келдім бүгін… ып-ыстық мұңнан ұрттап. Бұрнағы жылылықтың жұрнағы жоқ, Мені суық қарсы алды сұрланып бақ.

Кең еді ғой көңілің кем қылма бақ, Құшағыңды мен тағы келдім қалап. Өзгермепті талдар да, жолдар да анау, Барлығы тұр көзіме «менмұндалап».

Ескі жыл есіңде ме, жетімегім, Бір «бұрымға» тым ынтық «кекіл» едім. Бұрымды кеткен еді бұрылмастан, Қайрылмай мен де сонда кетіп едім.

Содан бері дертіме қонбады ем де, (Сор татпауым мүмкін бе ед сорлы әлемде). Күнәсіз біз сезімді жерлегенбіз, Кінәсізбіз, алайда, Ол да, Мен де.

Түсінбейтін мен бе екем өмір заңын, Өмір заңы дегенің – менің зарым. Шерлі бағым сездің бе содан бері, Сорым – қалың, санам – сыз, көңіл – жарым.

Мендегі күлкі – күннің кілті кімде, Жүрегімнің бір мұз бар кірпігінде. Гүл түбінде жерленген сезіміме, Бір дұға бағыштайын жыр тілінде…

Төгілші тиылмастан, Әрбір тамшың түзілген түйір жастан. Гүр-гүр етіп күрсінер кей кездері, Менің де сен секілді күйім қашқан.

Бүркеніп ішке тықпа өксігіңді, Қарды емес өзіңді жер көп сіңірді. Мен де шертем мұңымды сен де маған, Алдыма тамшылатып төк сырыңды.

Тамшысымен төгілген сор мұңдары, Толқытып көңілімді қор қылғаны. Адасқан сол жылауық жауындай боп, Мен де таппай жүрмін-ау орнымды әлі.

Биылғы жыл шатасып дауланған жыл, Қаңтарда қар көрмедім ауламнан бір. Келер жылы тағы да келер ме екен? Қыс кезінде адасып жауған жаңбыр… Жыла жаңбыр, тағы да жыла жаңбыр…

 Жетім бақ

Сен кеткенсің Дендеген дертім қалған, Еліктей қыз, қайдасың еркімді алған? Мен тұрған маң мұңыма масаңданып, Салтанатын табатын сен тұрған маң.

Жеңілтек жел басылмас желігі ептеп, Жаныңды жүруші еді төңіректеп. Сағасынан үзілген жапырақ та, Аяғыңа құлайтын еңіреп кеп.

Сығып алып көз жасын сыралғы бақ, Біз жоқпыз ғой… Булығып тұрар жылап. Барар едім… бетім жоқ, Сыртта жүрем Жалғыздықты жаныма сыңар ғып ап.

Біз сондаймыз, Сезімге сараң жанбыз, Мен де кетем, Жетім бақ қалар жалғыз. Жолыңды қарамауға серт еткенмін, Жанымды жаралауға жаралған қыз.

 Жыла, жаңбыр

Бәлкім, сірә, адасқан мына жаңбыр, Бойжеткенге ұқсайды жылаған бір. Жүрегімнің көз жасы секілденіп, Жыла жаңбыр, тағы да жыла жаңбыр. Жыла жаңбыр!

Шайырлар өлімі

Өтті ақындар өмірден дарыны үстем, Өтті ақындар заманның зәрін ішкен. Патшасы боп өтті олар өлең сөздің, Ал, тағдыры аумай бір дәруіштен.

Құлақ тоспай арынды ағын үнге, Мезетінде білмейміз қадірін де.. Барында бағаламай, алайда, біз, Жыр оқуға құштармыз қабірінде.

Біздің басқа сор болды бағасыз бақ, Бақ ұшқанда жатамыз шарасыз қап. Аузымызда біздердің күндеп-мінеу, Ал, олардың аузында жара сыздап…

Мейлі, тіптен, болмасын сыйы мүлде, Мейлі, заман салмасын зейінін де. Иінін де иілтпей солар мәңгі, Өздерінің тұрады биігінде.

Тағдырлары аумай бір дәруіштен, Өтті ақындар заманның зарын ішкен. Өтті ақындар… Өтеді… Біз де өтеміз, Өкінішті қосақтап сағынышпен.

Ұқсас жаңалықтар