Нотариалдық қызмет электронды түрде қолжетімді

Нотариалдық қызмет электронды түрде қолжетімді
ашық дереккөз
Нотариалдық қызмет электронды түрде қолжетімді
Енді қазақстандықтар сенімхаттарды нотариалды куәландыруды электронды түрде рәсімдей алады. Еліміз нотариаттық іс-қимылдың бұл түрін цифрлық форматқа аударған әлемдегі алғашқы мемлекеттердің бірі. Бүгінде мұндай қызмет түрі тек Франция мен Литвада онлайн режимінде қолжетімді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен Жамбыл облысы әділет департаментінің осы жылдың I жартыжылдығында атқарған жұмыстары жөніндегі баспасөз брифингінде департамент басшысы Нұрғали Андасов мәлімдеді. Бұрын сенімхатты рәсімдеу үшін құжатқа қол қою және нотариус куәландыру үшін клиенттің жеке қатысуы талап етілсе, енді нотариаттық сенімхатты eGov Mobile қосымшасы арқылы ала алады. Болашақта ол бірқатар банктік қосымшаларға да енгізіледі. «Цифрлық сенімхат» деп аталатын онлайн режимде клиенттің нотариуспен бейнебайланысы арқылы орындалады. Айта кетерлігі, 2022 жылдың 10 шілдесінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігімен сенімхаттарды нотариалды онлайн куәландыру бойынша пилоттық жоба іске қосылған болатын. 2023 жылдың 1 жартыжылдығында нотариат және адвокатура саласында бірқатар жаңашылдықтар орын алды. Биыл маусым айында Әділет министрлігімен республикалық нотариаттық палата бірлесіп eGov Mobile қосымшасына «Нотариаттық онлайн консультация» сервисін енгізді. Бұл сервис білікті заңгерлік көмекке мұқтаж адамдар үшін тиімді құрал болмақ. Онлайн кеңес беру арқылы азаматтар үйден немесе кеңседен шықпай-ақ нотариаттық қызметке байланысты құқықтық сұрақтарға жауап ала алады. Нотариустар нотариат саласы бойынша кез келген сұрақтарға жауап береді. – Бүгінде облыстағы адвокаттардың жалпы саны – 241. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазір облыс халқының саны 1 222 100 адам болса, 1 адвокатқа орташа жүктеме 5070 адамды құрайды. Алдыңғы кезеңде адвокаттар мен заң консультанттарының мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуі бойынша ақысы минутпен төленсе, енді олардың ақысы сағаттық жүйеде есептеледі. Сондай-ақ, биыл жеке сот орындаушылары, нотариустар, адвокаттарды автоматтандырылған режимде аттестаттаудан өткізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Биыл 7 мыңнан астам азамат мемлекет кепілдік берген заң көмегін алды. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 50 пайызға артық. Жартыжылдықта азаматтарға электронды форматта 675, қағаз жүзінде 1783, барлығы 2458 мемлекеттік қызмет көрсетілді, – деді Нұрғали Есіркепұлы. Сондай-ақ, биылғы 6 айда алимент бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін 132 ұсыныс жолданып, оның ішінде 98 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қаржылық міндеттемелерге сұраныс көп болғандықтан, келіп түскен өтініштердің көпшілігі атқарушылық іс жүргізу мәселелеріне қатысты. Осыған байланысты, департамент өңірлік жеке сот орындаушылар палатасымен бірлесіп атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру және сот орындаушыларының іс-әрекеттерін бақылауды күшейту жөнінде жан-жақты шаралар қабылдайтынын айтты. Осы жартыжылдықта алимент өндіру бойынша облыс аумағында борышкерлерді жұмысқа орналастыруға қатысты 13 жәрмеңке өткізілген. Аталған жәрмеңкелерге 308 борышкер қатысып, оның 153-і жолдама алса, 79 борышкер жұмысқа орналастырылған.

Назерке СӘНДІБЕК.

Ұқсас жаңалықтар