Тәуелсіздік күні туылған
нәрестелерге сый-тарту жасалды
Облыстық ішкі саясат басқармасы мен іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырған «Туылған күніңмен, Тәуелсіздіктің жаңа азаматы» атты дәстүрлі акцияға биыл құрамында білім беру, денсаулық сақтау мекемелері мен үкіметтік емес ұйымдар басшылары бар іскер әйелдер тобы атсалысты. Олар жаңа туылған нәрестелер мен олардың аналарын құттықтап, құрмет көрсетуді облыстық перинаталдық орталығында болудан бастады. Мұнда негізінен шалғай ауылдардан келген, тәуекел тобына жататын аналарға күтім жасалады. Ақ желеңді абзал жандар күндіз де, түнде де кірпік ілмей, аналарды аман-есен босандырып, аяқ-қолдарын тездеп бауырына алуына жан-жақты көмек көрсетеді. Өздеріндегі осындай игі істермен қысқаша таныстырған орталықтың бас дәрігері Гүлнағира Байзатова ұлық мерекенің алғашқы минуттарынан – түнгі сағат он екіден бастап бұл күні он бір сәбидің (төртеуі ұл, жетеуі қыз) дүниеге көзін ашқанын жеткізді. Сәбилер аналарымен бірге құттықтау салтанатына да «қатысты».
Тәуелсіздік күні туылғандардың аналарын «Әулиеата-Демеу» корпоративтік қорының директоры Бәтес Егембердиева, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Гүлдара Нұрымова, қауымдастық мүшелері Хадиша Оспанова, Гүлжамал Нұрлыхина құттықтап, нәрестелердің денсаулығы мықты болып, еліміздің ертеңгі күнгі толыққанды азаматы, қоғамның белсенді мүшесі болып өсуіне ізгі тілектестіктерін білдірсе, облыстық «Қызыл Жарты Ай» қоғамының төрайымы Оразкүл Тастемірова ағынан жарыла батасын берді. Жас босанғандарға жаңа туылғандарға арналған киім-кешек жиынтығы түріндегі ескерткіш сыйлықтар табысталды. Аналар атынан Мелек Чухароглы, Эльмира Иманалиева, Амангүл Сейітовалар өздеріне көрсетілген құрметке ризашылықтарын жеткізді.
Іскер әйелдердің бір тобы Тараз қалалық перинаталдық орталығында да болып, Тәуелсіздік күні өмір есігін ашқан 29 нәрестеге сый-тарту жасады.
Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді