Қоқыс мәселесі қашан шешіледі?

Қоқыс мәселесі қашан шешіледі?
ашық дереккөз
Қоқыс мәселесі қашан шешіледі?
Елімізде қоқыстың мөлшері 160 миллион тоннадан асты. Жылына шамамен 4,5 миллион тонна тұрмыстық қалдық жиналады десек, мұның тек 15 пайызы ғана өңделеді екен. Ал, біздің облыстағы 163 полигонға 6 айда 25,1 мың тонна қалдық жинақталған. Оның 2,4 мың тоннасы, яғни тек 10 пайызы ғана қайта сұрыпталыпты. Тараз қаласында, Жуалы, Сарысу, Талас және Қордай аудандарында қалдықтарды сұрыптау және кәдеге жарату үлесі төмен болғандықтан, жылдық индикаторлық көрсеткішке қол жеткізбеу қаупі туындауда. Бұл мәселе облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрғалығымен өткен аппараттық кеңесте кеңінен талқыланды. Өңірдегі қатты тұрмыстық қалдықтарды тазалау, оларды тастауға арналған полигондардың жай-күйі және санитарлық тазалық мәселелері алаңдарлық жағдайда тұр. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев полигондардың жай-күйіне егжей-тегжейлі тоқталды. Оның айтуынша, өңірдегі 8 полигонның қоршауын қалпына келтіру қажет. Тіпті, Қордай және Мойынқұм аудандарында қалдықтарды тасымалдайтын мекемелер де жоқ. – Биыл ғарыштық мониторинг нәтижелері бойынша облыс аумағында 190 стихиялық қоқыс орны анықталып, 54 кездейсоқ қоқыс орны жойылған. Қазіргі уақытта Тараз қаласындағы 15, Байзақтағы 8, Жамбылдағы 10, Қордайдағы 1, Шудағы 67 қоқыс орнын жою қажет, – деді Олжас Баққараев. Сондай-ақ, есепті кезеңде 4 461 әкімшілік құқықбұзушылық орын алып, 4 316 ескерту беріліп, 145 айыппұл салынып, 3,4 миллион теңге өндірілген. Әкімшілік құқықбұзушылық саны көп болғанымен, айыппұлдың саны өте төмен деңгейде. Басқарма басшысы құқықбұзушылық анықталған жағдайда бірден айыппұл салуға көшуді ұсынды. Мәселен, Мойынқұм және Т.Рысқұлов аудандарында дерек анықталса да тек ескертумен шектеліпті. – Облыста шамамен 3,2 миллион тонна қалдық жинақталған. Тараз қаласында – 2,6 миллион тонна. Жыл сайын қалдықтардың түзілуі шамамен 60-75 мың тоннаны құрайды. Мәселені шешу мақсатында өңірде инвесторларды тарту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Соңғы жылдары «Hasanat group» компаниясының, «Байтақ болашақ», «Инсипром», «Ecoplatform», «ТазаБиоИнвест», «Таза планета СТ» республикалық қоғамдық бірлестіктерінің және Еуропа қайта құру және даму банкінің инвестициялық жобалары қаралды. Ең өкініштісі, бұл жобалардың барлығы келіссөздер деңгейінде қалып отыр. Себебі, инвесторлардың талабы – қалдықтарды басқарудың аумақтық схемасын әзірлеу, тарифтерді көтеру, инфрақұрылымды дамыту және полигонды жекеменшікке беру болып отыр. Сондықтан, мәселенің маңыздылығын ескере отырып, облыстың экологиялық жағдайын жақсарту үшін әр қала және аудан орталықтарында қалдықтарды сұрыптауға және өңдеуге арналған кешен орнату керек. Сонымен қатар, облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына жобаларға инвесторларды тарту жұмыстарын және гранттар бөлуді, қоқыс өңдеу кешені салынған жағдайда қайта өңделген қалдықтардың көлемін ішінара субсидиялау тетігін қарастыруды да ұсынамыз, – деген Олжас Баққараев өзекті мәселелерді шешетін бірқатар ұсынысын ортаға салды. Өңір басшысы талқыланған мәселелерге жеке-жеке тоқталып, басқарма басшыларынан, аудан әкімдерінен жауап алды.   – Біріншіден, айыппұл мәселесіне тоқталсақ. Өткен жылы қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарында абаттандыру қағидаларын бірінші рет бұзғаны үшін 5 мыңнан аса ескерту беріледі. Биыл да 5 мыңға жуық ескерту берілген. Адам нанғысыз мәлімет қой. Неге тек ескертумен құтылады?! Қоқыс тастап, қоршаған ортаны ластады ма, айыппұл салынсын. Біз солай ғана бірте-бірте тазалық мәдениетін қалыптастырамыз. Сондай-ақ, айыппұл есебінен кездейсоқ күл-қоқыстар шығарылады. Себебі, заң талаптарына сәйкес күл-қоқысты шығаруға бюджеттен бір тиын бөлінбеуі тиіс. Екіншіден, тарифті бекітіп, сол бойынша кәсіпкермен келісу керек. Одан кейін кәсіпкер күл-қоқысты полигонға шығаруы қажет. Алайда, қаншама рет айтып, тапсырма берілсе де тиісті жұмыстар атқарылмаған. Сіздер тапсырмаларды тиянақты орындамаған соң тұрғындар тарапынан арыз-шағым да көбейеді, – деген Нұржан Молдиярұлы 1 қыркүйекке дейін тарифті бекітуді және екі аптада кездейсоқ күл-қоқыстарды жоюды тапсырды. Мұнан кейін аймақ басшысының Талас ауданы тұрғындарымен кездесулері кезінде, жеке қабылдауларда берген тапсырмаларының орындалуы бойынша облыс әкімінің бас инспекторы Дархан Акишевтің, облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмұхамед Ниязбековтің есептері тыңдалды. Ауданның Бостандық ауылында «Ауыл аманаты» жобасы аясында құны 120 миллион теңгеге 1 комбайн сатып алуға ұсыныс енгізілген. Бұл «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан қолдау таппай отыр. – Тұрғындар Қаратау қаласындағы «Бәйтерек» саяжайына балалар ойын алаңшасын орнатуды сұраған болатын. Алайда, аудан әкімдігі тарапынан саяжайға жақын орналасқан «Малая Греция» шағынауданына ойын алаңшасын орнату туралы шешім қабылданып, 27 миллион теңгеге жобалық- сметалық құжат дайындалған. Сонымен қатар, Тамды ауылдық округінде күрес залын ашу мәселесі көтерілген болатын. Қазіргі таңда жаңа күрес залын салуға аудан әкімдігі тарапынан шешім қабылдануда. Жалпы, сіздің аудан халқымен кездесуде берген тапсырмаларыңыздың барлығы аудан әкімдігі мен жауапты басқармалар, мемлекеттік мекемелер тарапынан іске асырылуда. Назардан тыс, бақылаусыз қалған тапсырмалар жоқ, – деді Дархан Нұрланұлы. Аппараттық жиынды қорытындылаған Нұржан Молдиярұлы берілген тапсырмалар уақытында орындалуы керектігін тапсырды.  

Гүлжан ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар