Саясат
Сауд Арабиясында өткен саммит: сенімді әрі белсенді саяси диалог алаңы
- author «Ақ жол»
- 24 шілде, 2023
- 265
Сауд Арабиясында өткен саммит: сенімді әрі белсенді саяси диалог алаңы
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сауд Арабиясы Корольдігіне екі күндік жұмыс сапары Исламда екінші қасиетті орын саналатын Медина қаласындағы Мұхаммед пайғамбар мешітіне барудан басталды. Мемлекет басшысы Мұхаммед пайғамбардың қабіріне зиярат етіп, дұға жасады. Қазақстан Президентінің келуіне орай оған ерекше құрмет ретінде Пайғамбар жерленген киелі орынның есігі ашылғанын айта кеткен жөн. Мұнан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Қос киенің сақшысы – Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазиз Әл Саудтың шақыруымен Жидда қаласына барды. Ертеңінде Қасым-Жомарт Тоқаев Жидда қаласында өткен «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» атты мемлекеттер басшыларының бірінші саммитіне қатысты.
Ынтымақтастық мәселесі қаралды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесінің» бірінші саммиті аясында Кувейт мемлекетінің Тақ мұрагері шейх Мешаль әл-Ахмед әл- Джабер ас-Сабахпен кездесу өткізді. Кездесу барысында сауда-экономика және инвестиция салаларындағы қазақ-кувейт ынтымақтастығының даму перспективалары талқыланды. Мемлекет басшысы Кувейтпен байланысты нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытуға мүдделі және барлық басым бағыт бойынша өзара іс-әрекетке тың серпін беруге дайын. Тақ мұрагері Астана мен Әл-Кувейт арасындағы достық және өзара тиімді қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға дайын екенін атап өтіп, сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік салалардағы ынтымақтастықты дамыту үшін зор әлеует бар екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, премьер-министрі Мұхаммед бен Салман Әбделазиз Әл Саудпен де кездесті. Президент Тақ мұрагеріне ілтипат білдіре отырып, «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» саммитіне қатысуға шақырғаны және қонақжайлық көрсеткені үшін алғыс айтты, Сауд Арабиясы Қазақстанның ислам және араб әлеміндегі негізгі стратегиялық серіктесі екенін атап өтті. Кездесу барысында сауда-экономика, инвестиция, энергетика, «жасыл» энергетика, туризм, ауыл шаруашылығы және көлік- логистика салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды. Өз кезегінде Тақ мұрагері Қазақстан Сауд Арабиясының Орталық Азия аймағындағы маңызды әрі сенімді серіктесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды одан әрі дамытып, нығайту үшін мол әлеует бар. Сондай-ақ, ол екіжақты қатынастарды жаңа деңгейге көтеру үшін күш салуға ниетті екенін жеткізді.Тәжікстан басшысымен жылы жүздесу
«Орталық Азия + Араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» саммиті аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен кездесу өткізді. Екі ел басшылары Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қарым-қатынастардың даму қарқыны жоғары екенін атап өтіп, Эмомали Рахмонның биыл мамыр айында Астанаға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын қарастырды. Әңгімелесу барысында сауда-экономикалық байланыстар мен мәдени- гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасып, алдағы кездесулер кестесін талқылады.Саммитте не айтылды?
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Орталық Азия мен Шығанақтағы араб мемлекеттері басшыларының бүгінгі кездесуі, ең алдымен, уақыт талабы және көпжақты ынтымақтастықты мүлде жаңа деңгейге көтеру жолында өзара түсіністік бар екенін көрсететініне назар аударды. Оның айтуынша, біздің елдеріміз екіжақты форматта берік әрі үйлесімді мемлекетаралық қатынас орнатты. Сенімді әрі белсенді саяси диалог, сауда-экономикалық ынтымақтастық дамып, мәдени-гуманитарлық байланыстарды тұрақты түрде нығайып келеді. – Жаһандық орнықты даму мәселесі бойынша мемлекеттеріміздің халықаралық аренадағы көзқарастары – ортақ немесе жақын. Жалпы, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі мақсаттары да бір. Тарихи байланыстар, ортақ рухани құндылықтар, достық пен бауырластық – қарым-қатынасымыздың берік негізі екені сөзсіз. Қазақстан бүгінгі кездесуге ерекше мән береді. Шығанақ елдерінің саяси ықпалы, экономикалық және инвестициялық әлеуеті зор. Олар – көптеген негізгі бағыттар бойынша біздің ең маңызды серіктесіміз. Орталық Азия мемлекеттерінің ішкі аймақтық ынтымақтастығын жандандырып, өңірдің жаһандық маңыздылығын күшейту қажет деп санаймыз. Бұл көпжақты ықпалдастықты тереңдету үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Осы іске «Орталық Азия +» диалог форматы елеулі үлес қосатыны сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент Орталық Азия мемлекеттерінің әлеуеті мен Шығанақ елдерінің орасан зор мүмкіндігі көпжақты серіктестікті биік белеске шығара алатынына сенім білдіріп, осы диалог форматындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарына қатысты өз пікірін ортаға салды. – Ең алдымен, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту маңызды. Соңғы жылдары біздің аймақтың ынтымақтастық кеңеске мүше елдермен сауда-саттығы қарқынды дами бастады. Мұны ерекше атап өткен жөн. Бірақ көрсеткіштер біздің әлеуетіміздің толық пайдаланылмай отырғанын көрсетеді. Тауар айналымын айтарлықтай арттыру үшін бізде барлық мүмкіндік бар. Ол үшін өзара сауда номенклатурасын ұлғайту қажет. Мысалы, Қазақстан қысқа мерзімде құны шамамен 400 миллион доллар болатын 100 түрлі тауар экспорттауға дайын, – деді Мемлекет басшысы. Президент инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру мәселесін екінші басым бағыт ретінде атады. UNCTAD баяндамасына сәйкес, былтыр Орталық Азияға тартылған таза инвестиция 40 пайызға артып, 10 миллиард долларды құрады. Оның 60 пайызы Қазақстанға тиесілі. – Тәуелсіздік жылдары Шығанақ елдері Қазақстан экономикасына 3,6 миллиард долларға жуық қаржы салды. Сондықтан, біз инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Осыған орай, экономиканы әртараптандыруға бағытталған ауқымды реформалар жүргізілуде. Шетелдік капитал үшін барынша қолайлы жағдай жасап жатырмыз. Жуырда Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында Іскерлік кеңес құрылды. Ол екі елдің сауда және инвестициялық әлеуетін арттыруға арналған маңызды алаң болмақ. Біз Кеңеске мүше мемлекеттердің барлығымен осындай ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Серіктестерімізді «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға шақырамыз, – деді Президент. Мемлекет басшысының пікірінше, көлік- транзит саласын дамыту маңызды. Қазіргі таңда мемлекеттеріміз көлік бағыттарын әртараптандыру үшін белсенді шаралар қабылдап жатыр. Түрлі инфрақұрылымдық және логистикалық жобалар қолға алынуда. Атап айтқанда, Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік дәлізін одан әрі дамытуға баса мән береді. – Біз бұл бағыт арқылы жүк тасымалын дәйекті түрде ұлғайтуға ниеттіміз. 2030 жылға қарай жыл сайын 500 мың контейнерге дейін жүк жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, Қазақстан «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамыту шараларын қабылдауда, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды келесі басым бағыт ретінде атап өтті. Орталық Азия мемлекеттерінің аумағында 30 миллиард тоннадан астам барланған мұнай қоры және 20 триллион текше метрден астам газ қоры бар. Бұл аймақтың мұнай мен газ көлемі жағынан әлемде Араб түбегінен кейін екінші орында екенін көрсетеді. –Қазақстан ОПЕК + келісімінің қатысушысы ретінде осы ұйымға мүше елдермен ынтымақтастықты жоғары бағалайды. Біз жан-жақты қарым-қатынасты тереңдете түсуге дайынбыз. Елімізде энергия ресурстарын тасымалдау бағыттарын әртараптандыру үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге Қазақстан өндіруші жаңа қуат көздерін дамытуға және жаңғыртуға баса мән береді. Геологиялық барлау және өндіру ісіне озық тәжірибе мен технологияны енгізуге айрықша көңіл бөледі. Сондай-ақ, заманауи мұнай-химия өнеркәсібін өркендетуге басымдық береді. Қазақстан Шығанақ елдерінің ірі энергетикалық компанияларымен тығыз қарым-қатынас жасауға дайын. Әсіресе, «жасыл» энергетика саласында бірлесіп жұмыс істеуге ниетті. Мысалы, Сауд Арабиясының «ACWA Power», Әмірліктердің «Masdar» және Қатар компаниялары жобаларының келешегі зор. Жуырда Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі өтті. Сол жиында мен Қазақстанда халықаралық энергетикалық форум өткізуді ұсындым. Ынтымақтастық кеңесіне мүше елдердің мұнай мен газ экспорттайтын кәсіпорындарын осы іс-шараға қатысуға шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты мәселеге арнайы тоқталды. Сондай-ақ, Қазақстан Араб елдеріне ауыл шаруашылығы тауарларын экспорттау көлемін ұлғайтып, олардың құрылымын әртараптандыруға мүдделі екенін айтты. – Еліміз – әлемде бидай мен ұн өндіретін ең ірі он мемлекеттің бірі. Араб әріптестеріміздің «органик» және «халал» өнімдерін өндіру, өңдеу және сертификаттау тәжірибесі мен мүмкіндігі мол. Сондықтан оларға сұраныс жоғары. Осы орайда стандарттарды, техникалық реттеу және сертификаттау жүйесін үйлестіру маңызды. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет деп санаймыз. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының әлеуетін пайдаланып, бұл міндеттерді тиімді іске асыра аламыз. Ұйымның қазіргі төрағасы ретінде белсенді жұмыс жүргізіп жатқаны үшін Қатар басшылығына шынайы ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ, оның қызметін жандандыруға Сауд Арабиясының зор үлес қосқанын айрықша атап өткім келеді. Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, осы саладағы ынтымақтастықты дамыту үшін Ауыл шаруашылығы министрлерінің кездесу тетігін құруды ұсынамын, – деді Президент. Бұдан бөлек, Президент аймақаралық туризмді дамытуды ынтымақтастықтың келесі басым бағыты ретінде атады. – Орталық Азияның туристік әлеуеті зор. Мұны тиімді пайдалану қажет. Сондай-ақ, туризм индустриясы – аймақ экономикасының тез дамып келе жатқан саласының бірі. Осыған орай, туризмнің мәдени-танымдық, экологиялық, спорттық, сауықтыру және іскерлік салаларын бірлесе дамытуға дайынбыз. Бұл туристік бағытты ілгерілетуге ықпал етеді. Бүгінде Қазақстан Ынтымақтастық кеңесіне мүше барлық мемлекет үшін визасыз режим енгізді. Сонымен қатар, сіздердің астаналарыңызбен тікелей әуе қатынастарын жолға қойды, – деді Мемлекет басшысы. Президент сөзінің соңында ұсынылған бастамалар Қазақстанның өзара орнықты даму мен өркендеуді қамтамасыз етуге бағытталған ынтымақтастықты нығайтуға деген ұмтылысын растайтынын жеткізді.Бірлескен мәлімдеме қабылданды
«Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесінің» бірінші саммитіне Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, премьер-министрі Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд, Бахрейн королінің гуманитарлық жұмыс және жастар ісі жөніндегі өкілі, ханзада шейх Насер бен Хамад Әл Халифа, Қатар әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни, Кувейттің Тақ мұрагері шейх Мешаль әл-Ахмед әл-Джабер ас-Сабах, Біріккен Араб әмірліктерінің вице-президенті, премьер-министрі, Дубай әмірлігінің билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум, Оман сұлтанаты премьер- министрінің орынбасары, ханзада Асад бен Тариқ Әл Саид, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Шығанақтағы араб мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің бас хатшысы Жассем Мұхаммед әл-Будауи қатысты. Бірінші саммиттің қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеме қабылданды.Саммитті тарихи кездесуге балады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» бірінші саммитін тарихи кездесуге балады. Шығанақ елдері – көптеген негізгі бағыттар бойынша біздің ең маңызды серіктесіміз екенін, саммиттің елдер арасындағы бауырластықты нығайтатынын атап өтті. – Бүгін «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесінің» жоғары деңгейдегі бірінші саммитіне қатысып отырғаныма қуаныштымын. Бұл – мен үшін зор мәртебе. Осы тарихи кездесу бәріміз үшін қасиетті жерде бірлік пен өзара қолдау жағдайында өтіп жатыр. Соның арқасында елдеріміздің бауырластығы және достығы нығая түсетіні сөзсіз, – деді Президент.Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП.
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестікке серпін берген сапарлар
- 23 қараша, 2024
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді