«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қайырбек Асанов – «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері»

Қайырбек Асанов – «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері»
ашық дереккөз
Қайырбек Асанов – «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері»

4Талантты ақын Қ. Асанов 1945 жылы 19 ақпанда Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданындағы бұрынғы «Қызыл орақ» қазіргі Асқар Тоқмағамбетов ауылында қызметкер жанұясында дүниеге келген. 1953-64 жылдары орта мектепті бітіріп, әскер қатарына шақырылады. Әскерден оралған соң Тереңөзек ауданында мәдениет бөлімінің автоклуб меңгерушісі, «Қараөзек» совхозы комсомол комитетінің хатшысы, аудандық тұтынушылар одағының кадр жөніндегі инспекторы болып қызмет атқарды. Бала кезінен әдебиетке құштар Қ. Асанов 1968 жылы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне түсіп, соңғы курсында оқып жүріп-ақ «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне жұмысқа орналасты. Осы кезеңнен бастап ол жастар өмірінің сан-саласынан көркем очерк, публицистикалық мақалалар жазып, оқырмандар назарына іліге бастайды. Оның «Шәкира», «Бағлан», «Шиелі шынарлары», «Береке бастауы», «Бақыт баспалдақтары», «Оның жұлдызы биік» т.б. очерктері осы кезеңнің студент-жастарын отансүйгіштікке, еңбекке, имандылыққа тәрбиелеуге ықпал еткені сөзсіз. Осы газетте бөлім меңгерушілігіне дейін көтеріліп, жемісті еңбек етті. Бұдан кейін «Қазақ әдебиеті» газетінде жауапты хатшының орынбасары, жауапты хатшы болып он төрт жылдай қызмет атқарды. Осы жылдарда ол әдеби өмірге белсене араласып, мерзімді басылымдарда оның өлеңдері мен проблемалық мақалалары жарық көрді. Газеттің 50 жылдығына орай 1984 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталады. 1991 жылы Тәуелсіздігімізді ең алғашқылардың бірі болып мойындаған Түркия мемлекеті екені белгілі. 1994 жылы Қ.Асанов сол түрік бауырларымыз Қазақ елінен ашқан «Заман-Қазақстан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары болып қызмет жасады. Газет беделін көтеруге, екі ел арасындағы достықты нығайтуға үлкен үлес қосты. Бұдан кейін ол Қазақстан Жазушылар Одағындағы Әдеби қордың директоры, Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер министрлігі жанындағы дипломатиялық академияның бөлім меңгерушісі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің салалық «Отан» атты саяси-қоғамдық журналының Бас редакторы қызметтерін атқарды. Сондай-ақ, Алматы технологиялық университетінде «Қазақ тілі» қоғамы төрағасының орынбасары және «Престиж», «Талапкер» атты көп тиражды газеттердің редакторы болып та қызмет атқарды. Қ.Асановтың өлеңдері аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарда 1960 жылдан бері жарық көре бастаған. Бүгінде ол «Тұңғыш», «Сүйемін сені», «Ғашық ғұмыр», «Сен жанымда жүрсең», «Ағайынға ақ тілек», «Күннің нұры қуатым», «Махаббат», «Адалдық – асыл мұратым» атты жыр жинақтарының авторы. Оның шығармашылығы туралы әр жылдарда жазушы Шерхан Мұртаза, ақын Кәкімбек Салықов, әдебиетші-ғалым Сәрсенбі Дәуітов, ақын Сейфолла Оспанов, сыншы Сайлаубек Жұмабеков, ақын-жазушылар Сәбит Баймолдин, Әділғазы Қайырбеков, Қайрат Жұмағалиев, Болат Бодаубаев, Шәкизада Құттыаяқов, Сейілғазы Әбдікәрімов, Қатира Жәленова, Көпен Әмірбеков, Жұмабай Құлиев т.б. өз пікірлерін білдірген. Абайдың 150 жылдық мерейтойына арналған жыр мүшәйрасында жүлделі орындардың бірін иемденсе, жыл сайын өткізілетін Абай оқуларының 2003 жылғы бас жүлдегері атанып, Алматы қаласы әкімінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. «Тәуелсіздікке 20 жыл» мерекелік медалінің иегері. Жақында Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы желтоқсанның 5-дегі Жарлығы бойынша ақын, журналист Қайырбек Асановқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Бүгінде Асекең жұбайы, белгілі ақын, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының және республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Күләш Ахметова екеуі Тараз қаласында тұрып жатыр.

Ұқсас жаңалықтар