Президент құттықтаған балуан

Президент құттықтаған балуан
ашық дереккөз
Президент құттықтаған балуан
Әулиеата өңірі, оның ішінде Талас топырағы балуандарға кенде болған емес. «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің үш дүркін чемпионы Бейбіт Ыстыбаев, ел чемпионы Айдос Теңгебаевты айтсақ та жеткілікті. Міне, осы балуандардың ізін жалғаған 17 жасар Нұрдәулет Қалтай республикалық деңгейдегі жарыстарда топ жаруда. Нұрдәулет 8 жасынан боз кілемге шыға бастаған. Жаттықтырушысы – Серік Қапалбаев. Кезінде Олимпиаданың күміс жүлдегері Елдос Сметовты жаттықтырған танымал жаттықтырушының тәжірибесі Нұрдәулетке де үлкен серпін берері анық. Нұрдәулет Сабырұлы Алматы облысының Іле ауданында батыр Райымбек Түгелұлына арналып өткен республикалық турнирде күміс жүлдені иеленіп, мерейімізді өсірген болатын. Ерекше айта кетерлігі, биыл халықаралық балаларды қорғау күніне орай еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жас балуан Нұрдәулет Қалтайға құттықтау жіберіпті. Ол құттықтауда: «Айналайын, Нұрдәулет! Сені халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймын. Өскелең ұрпақ – ел болашағы. Өрендеріміздің терең білім, өнегелі тәрбие алып, отаншыл әрі еңбекқор болып өсуі өте маңызды. Біз жастарға сенеміз. Саған зор денсаулық, бақ-береке тілеймін», – делінген. Осындай ерекше қолдаулар серпін берген болар, жақында Нұрдәулет Семей қаласында өткен республикалық «Жас сарбаз» турнирінде алтын медальға ие болды. Бұл жамбылдықтар үшін үлкен қуаныш. Республикалық «Жас сарбаз» турнирінің жеңімпазы Нұрдәулет Қалтайды ауыл азаматтары қарсы алып, құрмет көрсетті, жас балуанның астына ат мінгізді. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Пантай Рахманбердиев ақ батасын берді. Мұнан соң чемпионның құрметіне жиын өтіп, Ойық ауылдық округінің әкімі Қайрат Ошақбай жас балуанның алдағы жарыстарына да сәттілік тіледі. Жиында Талас ауданының Құрметті азаматы Болатжан Дуанбеков ақ тілегін білдірсе, ауыл тұрғыны Әбілхан Мұсаев жас жеңімпазға арнаған өлеңін оқып берді. Іс-шараны Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының актері Абзал Дәулетбақов жүргізіп, көпшіліктің алғысына бөленді. Жиын соңында чемпион Нұрдәулет Қалтай: «Құрметтеріңіз үшін рақмет! Туған жердің ықыласына ерекше толқып тұрмын. Алдағы уақытта да жарыстарға жақсы дайындықпен барып, баршаңыздың үміттеріңізді ақтай бергім келеді. Осы мақсат жолында барлық күш-жігерімді жұмсаймын», – деді.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар