Әлеуметтік мәселелер – басты назарда

Әлеуметтік мәселелер – басты назарда
ашық дереккөз
Әлеуметтік мәселелер – басты назарда
Облысқа жұмыс сапарымен келген «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының мүшесі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Гаухар Танашева өңірдегі кәсіподақ өкілдерімен кездесті. Басқосу барысында Мәжіліс депутаты ана мен бала, әлеуметтік жәрдемақылар, Қазақстан Республикасының «Кәсіптік одақтар туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу және әлеуметтік мәселелер төңірегінде ұсыныс-пікірлерді тыңдады. Жиында кәсіподақ ұйымдары басшылары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары салалық мәселелерді ортаға салса, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері халықты алаңдатқан әлеуметтік мәселелерге қатысты сауалдарын жолдады. Аудандық кәсіподақ басшыларын алаңдатқан сұрақтың бірі – көпбалалы аналардың балалары мезгілсіз өмірден өтіп кеткен жағдайда олардың статусын алып тастауға қатысты болды. Екіншіден, қатысушыларды мүмкіндігі шектеулі адамдардың мүгедектік алу мәселесі де толғандырды. Айтуларынша, тағдыр тауқыметінен аяқ-қолынан айырылып, кемтар болған жандарды жыл сайын сандалтудың қажеті шамалы. Десек те, бұл мәселе жылда айтылғанымен әлі күнге толық шешімін таппапты. Ал, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ардагерлер мен көпбалалы аналарға жекеменшік медициналық клиникаларда жеңілдіктер қарастырылмай жататынын, мүмкіндігі шектеулі жандардың отбасын құрып, бала сүю бақытына бөлену үшін перзентханаларда лайықты қызмет көрсетілмейтінін, сонымен қатар, қазіргі таңда қоғамда резонанс тудырып отырған педофильдерге қатысты заң жүзінде қатаң шараның жоқтығына қатысты сұрақтарын жолдады. Басқосу барысында Гаухар Шәймерденқызы аталған әрбір мәселеге жеке-жеке жауап беріп, міндетті түрде ел билігіне жеткізетінін атап өтті. – Өзім көпбалалы ана болғандықтан, әрбір ананың жағдайын жақсы түсінемін. Осы уақытқа дейін де ана мен балаға қатысты мәселелерді зерделеп, нақты ұсыныстар дайындап келеміз. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселесі де маған жіті таныс. Ол азаматтарды ортаға бейімдеу, медициналық мекемелерде қажетті ем алуына жағдай жасау мәселесі де назардан тыс емес. Ал, педофильдерге қатысты қатаң шара қолдану мәселесі күйіп тұрғаны жасырын емес. Қателеспесем, бала өміріне балта шапқандарға қатаң шара қолданатын заң жобасы мәжілісте үш жыл бойы қаралмай жатыр екен. Елімізде орын алған соңғы қайғылы жағдайға орай, бұл мәселе кезек күттірмей шешіледі деген сенімдемін. Кәсіподақ заңнамасына қатысты көтерген мәселелеріңіз де орынды. Әрбір ұсыныстарыңыз осы жерде қалып кетпейді. Алдағы уақытта оң шешілуіне ықпал етуге атсалысамын, – деді Мәжіліс депутаты.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар