Күтімі кеткен көне шаһар

Күтімі кеткен көне шаһар
ашық дереккөз
Күтімі кеткен көне шаһар
Тарихы тасқа таңбаланған Тараз – жасыл желегімен көпті сүйсінткен қала. Саябақтарындағы алуан гүлдері де көздің жауын алатын. Бірақ, биыл көктемнен бері қаланың саябақтары мен көшелері сол сәнінен айырылғандай күйде. Жылда отырғызылатын гүлдер биыл әдеттегісіндей емес. Мәселен, Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында таспен ою-өрнек салынып, соның аралығына алуан түсті гүлдер отырғызылатын. Төле би көшесі мен әл-Фараби көшесінің қиылысында құлаған құмырадан түрлі түсті гүлдер төгіліп тұратын. Биыл ол жерде де гүл жоқ, орнындағы түбектері ғана тұр. Тараз қаласының көшелері мен саябақтары тек гүлден ғана емес, тазалықтан арылып бара жатқандай. Жоғарыда аталған саябақтың көгал шөптері көптен тегістеліп шабылмай тұрғаны жан ауыртады. Арасындағы бойы серейген қамыстар көзге оғаш көрінеді. Біз арнайы көруге барғанда «Жасыл ел – Тараз» мекемесінің жұмысшылары гүл көшеттерін отырғызып жатқанын байқадық. Шіліңгір шілденің ми кептірер ыстығында гүл отырғызып жатқандарына таңданып, жұмысшыларды басқарып жүрген маманға «Шілдеде де гүл отырғызыла ма, ол өсіп кете ала ма?» деген сауалымызды қойған едік. «Иә, шілдеде де отырғызыла береді, біз бірден су құйып жатырмыз, өсіп-өніп кетеді» деген ол ары қарай сөйлескісі келмейтінін аңғартып, тек бастықтарынан сұрауымыз керегін ескертті. Біз бірден аталған мекемеге қоңырау шалғанымызда, сұрағымызға агроном жауап бере алатынын жеткізді. Ол көктемде «Жеңіс» саябағына отырғызылған гүлдер аптап ыстыққа шыдамай қурап қалғанын, қазір қосымша қайта отырғызылып жатқанын айтты. Біз өзіміз қатысқан бір агрофорумда агроном маманнан өсімдікті ауа температурасы жоғары көтерілетін түскі мезгілде, жалпы ыстық кезде суғаруға болмайтынын естігенімізді алға тарттық. Аптапты кезде суғарылған өсімдіктің жапырақтары дымқылданып, ыстық күннен тез буланып, тығыздығын жоғалтып, шіріп кетуі әбден мүмкін екен. Гүл егілген аумақты кешкісін немесе таңертең суғарған дұрыс. Суды гүлдің бетіне бүркіп емес, тамырына бағыттау қажет. Себебі, мұндай жағдайда гүлдер күн көзін көтере алмай, күйіп кететін көрінеді. Осылай өз пікірімізді жеткізген бізге әлгі агроном қызметтік куәлігімізбен мекемеге барып қана жауап ала алатынымызды айтып, жауаптан жалтарды. Оның үстіне «алдын ала жазылыңыз, қазір бос емеспін» дегенді қосып қойды. Ал, шындығында саябақта 18 шілдеден бастап республикалық үлкен іс-шара өтетіндіктен шілденің аптап ыстығына қарамастан тал түсте гүл отырғызылып жатқанын білдік. Бұл мекеме қызметкерлерінен тиісті жауап ала алмағандықтан, сұрағымызды гүл өсірумен айналысатын биолог маманға бағыттадық. – Мүмкін, гүлді жаз айларында егуге болатын шығар, бірақ тек таңертеңгі немесе кешкі салқын кезде ғана. Өз тәжірибемде жазда гүл егіп көрмеппін. Қазіргідей аптап ыстықта түс мезгілінде гүл отырғызғанды құптамас едім. Гүл де бала секілді, үлкен күтімді қажет ететін нәзік жаратылыс. Оны суғарудың өзіне зор мән берген жөн. Шілдеде отырғызылған гүлдің жайқалып кетеріне сенбеймін, – дейді Мавлюда Конурбаева. Біз саябақтан кездестірген қала түрғыны Шалқар Тұрабек: «Қаламыздың көшесі түгілі саябақтарынан сән кетті. Түсінем, жаздың апшыны қуырған аптабы, күннің қыздырған сәулесі өсімдіктерді сарғайтып жіберді. Дегенмен гүлдерді, ағаштарды бабын жасап, күтіп ұстауға болады деп ойлаймын. Тым болмаса, тазалық сақталса екен. Көрінген жерде шашылған қоқыс. Кейбір жерлерде қоқыс жәшіктері босатылмағаннан асып-тасып жатыр. Қазір саябақтарда сауда жасайтындар, балаларға арналған көліктер, велосипедтер, паровоздар, аттракциондар көбейіп кеткен. Саябақ жаяу серуендеп, демалуға арналған орын емес пе, ал мұнда әлгіндей көліктер жол бермейді, тыныш тыныға алмайсың. Адым аттам жерден балмұздақ, жүгері, түрлі сусын сатып алғандар, ішіп-жеп болған соң қалдығын тастап кете береді. Оларды күнде таңертең арнайы мекеме жұмысшылары ертелетіп жинастырып әкетсе болмас па еді», – деп налыды. Расында да «Жеңіс» саябағындағы кейбір көріністер көңіл көншітпейді. Ағаштардың түбі дәретханаға айнағандай, былғанған қағазмайлықтар, құлаған бұталар, саудагерлерден қалған тақтай да жатыр мұнда. Абай даңғылының бойындағы «Депутаттар аллеясында» да көгалда бейберекет ұшып жатқан целофан қапшықтар, балмұздақ пен шоколадтың қағаздары... Қаланың Төле би көшесінің бойындағы облыстық аурухананың қасында бөтелкелер жиналып қалған. Назарбаев зияткерлік мектебінің алдындағы жаяу жүргінші жолымен жүрсеңіз, әр орындықтың жанындағы қоқыс жәшіктерінің көптен тазартылмағанына көз жеткізесіз. Жайқалған жасыл желектерімен, көкмайсасымен, көздің жауын алатын әсем гүлдерімен мақтанатын қаламыздың қазіргі сәні осындай күйге түскені жанымызға батады. Дегенмен, қала әкімшілігі, жауапты мамандар жағдайды қолға алар деген үміттеміз.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Тараз қаласы

 

Ұқсас жаңалықтар