Сыбайластықтың алдын алу тиімді

Сыбайластықтың алдын алу тиімді
ашық дереккөз
Сыбайластықтың алдын алу тиімді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің өркендеуіне орасан зиянын тигізетін сыбайлас жемқорлықты жою жөнінде сала мамандарымен өткізген кеңесте: «Сыбайлас жемқорлық жөнінде жүйелі түрде ескертіп отыруға ерекше мән берген жөн», деген болатын. Халықта «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген жақсы нақыл бар. Сондықтан, жемқорлықты жоюдағы ең ұтымды жол – қоғамдағы індетпен алдын ала күресу. Президенттің де тапсырмасы осы. Бұл тұрғы да Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті түрлі саладағы мекеме қызметкерлерін заң бұзып, жазасын өтеушілермен жүздестіруді қолға алған. Ондағы мақсат – сыбайлас жемқорлық қылмыс үшін жазаның қалай өтелетінін көзбен көрсету арқылы жемқорлықтың жолын кесу. Осындай іс-шаралардың басы- қасында жүретін департаменттің бас маманы Айбек Әжібаев жыл басынан бері облыстағы көптеген ұжымдардың басшылары мен жауапты мамандарын түзету мекемелеріне арнайы апарып, ондағы жағдаймен таныстырғандарын айтады. – Жақында ғана «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №67 түзету мекемесінде болды. Мекеме қызметкерлері сотталушылардың темір тордың аржағындағы жағдайын өз көздерімен көріп, түзету мекемесінің тіршілігімен танысты. Сонымен қатар, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыс бойынша филиалымен бірлесіп, қызметке алғаш кірген мемлекеттік қызметшілерді «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет және парасаттылық» тақырыбы аясында Тараз қаласында орналасқан №67 тергеу изоляторы мекемесіне профилактикалық экскурсияға алып бардық. Экскурсияда қызметшілердің бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық қалыптастыру, өз лауазымын заңсыз қолдануға жол бермеу, санасын уландыратын қасиеттерден арылту көзделді. Мұндай шаралар елімізде құқықтық мемлекеттің іс жүзінде орнауына, заңның үстемдігін, тұрақты дамуды қамтамасыз етуге өз үлесін қоса отырып, сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін мемлекеттік қызметшілердің сауатсыздығын жою, құқықтық түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру жолындағы нақты қадам болары сөзсіз. Мұндай экскурсияны білім беру, денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен де жүзеге асырдық, – дейді А.Әжібаев. Д е п а р т а м е н т м а м а н ы н ы ң айтуынша, әр саланың өкілдерімен ж е м қ о р л ы қ т ы ң ж о л ы н к е с у негізінде кездесулер де тұрақты түрде өткізіліп тұрады екен. Оған қатысушылар өздері кездескен кедергілерді айтып, мәселелерді бірге талқылайды. Жуырда облыстық кәсіпкерлер палатасының алаңында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің төрағалығымен бизнес өкілдерімен кездесу өтті. Жиынға кәсіпкерлер палатасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың кәсіпкерлік саласына жауапты сала мамандары және өңірдің бір топ кәсіпкерлері қатысты. Кездесу барысында туризм, сауда және қызмет көрсету саласындағы мәселелер сөз болды. Жамбыл туристік индустрия қауымдастығының өкілі В.Батуева өңір кәсіпкерлері үшін өзекті мәселелерге тоқталып өтті. Мәселен, Шу ауданының аумағында орналасқан археологиялық ескерткіштерге қатысты проблемалық сұрақ қойылды, онда лайықты инфрақұрылымның болмауына байланысты туристердің археология ескерткішіне баруы қиын екендігі қозғалды. Тараз қаласында жастар туризмін дамыту барысында балалар мен жасөспірімдер туризмі стансасының жоқтығы да көтерілді. Одан бөлек, «Қаралма» ЖШС директоры Б.Махатова туристік нысан – «Тобышақты» этноауылын құру мәселесін көтерді, ол кешеннің ерекше туристік орынның біріне айналуы мүмкін екендігін, оны Жуалы ауданында облысымыздың ең әдемі жерлерінің бірі, тау шаңғысы базасымен қатар жүзеге асыруға болатынын ұсынды. Облыс әкімінің орынбасары отырыс барысында келіп түскен ұсыныстар жіті зерделенетінін жеткізді. Бизнес жүргізу барысында мемлекеттік органдар тарапынан қандай да бір әкімшілік кедергілер немесе бюрократиялық әрекеттер, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері орын алса, дереу уәкілетті органдарға хабарласу керектігін ескертті. – Бизнесті қорғау мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті 11 шілде мен 21 тамыз аралығында облыстағы мемлекеттік кірістер департаментінің салықтық әкімшілендіру және бақылау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстарын жүргізуде. Осыған орай, аталған мекеменің қызметіне қатысты ұсыныстар мен пікірлер болса, dapk08@mail.ru электрондық поштасына жолдауды сұраймыз. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бірыңғай сall- орталығы жұмыс істейді, оған тәулік бойы 1424 нөмірі арқылы хабарласуға болады. Еліміздің әр азаматының пікірі біз үшін маңызды. Барша отандастарымды елімізде сыбайлас жемқорлықты жоюда азаматтық белсенділік танытуға шақырамын, – дейді А.Әжібаев. Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыс әкімдігінің қаржы басқармасының қызметкерлерімен өткізген кездесуінде департаменттің бас маманы А.Әжібаев сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру, яғни құндылықтарды өзгерту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен мемлекеттік аппараттың парасаттылығын арттыру жөнінде мәлімдеме жасаған. Сыбайлас жемқорлықтың мүмкіндіктерін болдырмау, бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау тәуекелдерін және сатып алуда сыбайлас жемқорлықты азайту, сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын анықтау және жою құралдарын жетілдіру, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жетілдіру сынды тұжырымдамада көрсетілген негізгі міндеттер айтылған. Кездесу аясында қатысушылар тақырып бойынша туындаған сұрақтарды талқылап, өзара пікір алмасты. Облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасында өткен кездесуде департамент мамандары ағымдағы жылдың 3 қаңтарында заңға енгізілген соңғы өзгерістерді түсіндіріп, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды қорғау шаралары күшейтілгенін жеткізді. Түзетулер осындай адамдардың еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған. Бұл адамдар тәртіптік комиссияның немесе өзге алқалы органның ұсынымдарынсыз тәртіптік жауаптылыққа тартыла алмайды, лауазымынан босатыла алмайды. Басқа лауазымға да ауыстырылмайды. Бұл ретте мемлекеттік орган немесе ұйым алқалы органның отырысына қатысу үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілін шақыруға міндетті болады. Мұндай ақпаратты жария еткені үшін қылмыстық жауаптылықты енгізу арқылы осы адамдар туралы құпия ақпаратты қорғау шаралары күшейтіледі. Кездесуге басқармаға қарасты аудандық бөлімдердің қызметкерлері онлайн форматта қатысып, сұрақтарын қойды. Сыбайластықтың алдын алу шаралары мұнымен тоқтамайды.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар