«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қамшының қасиетін білеміз бе?

Қамшының қасиетін білеміз бе?
ашық дереккөз
Қамшының қасиетін білеміз бе?
Әр қазақтың баласы айналаны таныған күнінен бастап қолына қамшы ұстағаны белгілі. Өмірге ұл бала келсе «Қамшыұстар келді» деп қуанатынымыз бар. Бір сөзбен айтқанда, қамшы – қазақтың қасиеті. Бір ғана қамшының айналасында қаншама құндылық, салт, ізгі жол, өнер, тағылым жатыр.

ӨЛЕҢ БОЛЫП ӨРІЛГЕН...

Қазақ ақын халық болғандықтан, қара сөзден гөрі жыр жолдарына бейім болған. «Ақынға қара сөзден өлең оңай» дегендей, қазақта өлеңін қамшымен байланыстырмаған ақын аз. Жұмекен Нәжімеденов бала күнінен сыр шертіп, анасы қиын-қыстау кезеңде үйіндегі құнды жәдігер қамшыны нанға айырбастап жібергенін, сол үшін түн баласы көз ілмей қиналғанын жырға қосады. Бертін келе шешеміз сөзден гөрі, Түйер болды түсінде сезгендерін. «Қамшы осады күн сайын, – дейді арқамды, Сол қамшыдан айырылған кезден бері» – дейді ақын. Ал елге ардақты ақынның бірі, Жүрсін Ерман: Ағатай қамшы өріп бер сегіз өрім, Шіркіннің шабандозы-ай дегіземін. Әзірге мінер атым жоқ болса да, Жүйріктен күдерімді неге үземін? – деп жырлапты. Көрдіңіз бе? Астында мінерге аты жоқ кедей баланың өзі сегіз өрім қамшыға мән беріп тұр. Қазақтығымыз осы болса керек. Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет: «Аулақта ирек салып от қамшылар, Сызады түннің бетін ақ тамшылар» деп жырлапты. Ақынның махаббатқа толы мөлдір сезімінің өзі қамшыдан алшақ кетпеген. Ал ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ескен Елубаев «Қамшы» атты өлеңінде: Қолға ұстап көруге, Қызыққандай бар кісі. Ілулі тұр төр үйде, Атасының қамшысы, – деп толғанады. Қазақтың қасиетті қамшысын жырға қосқан ақын өте көп. Сондықтан, оқырман керегін өзі іздеп табар деп, өлең шумақтарын осы жерден тізгіндедік.

МАҚАЛДА – МӘН, ЖҰМБАҚТА – «ЖАН» БАР

Қазақтың әр сөзі құнарлы ғой. Қамшы халқымыздың өмірімен біте қайнасып кеткендіктен, барлық жанрларда қамтылған. Мақал-мәтелде де көп кездеседі. Мысалы, «Қамшы – қанат, құйысқан – мұрат» деген мәтел бар екен. «Арық атқа қамшы ауыр» немесе «Қатының тентек болса, қамшың жуан болсын» деген мақалдардың мәні тереңде жатыр. Қамшы қазақтың бүкіл болмысына дендеп кіріп кеткенін міне осындай сөз астарларынан аңғарамыз. Қамшыға қатысты жұмбақтар да аз емес. Мәселен: Сегіз тарам қайыстан, Өрімі бар бұзау тіс. Жұмсақ жағы майысқан, Айнымаған жылан түс, немесе: Жалғасқан алыс –жақыннан, Салмағын бізге батырған. Алыстан әрбір адамды, Қасиетіне шақырған, – деп келетін жұмбақтардың жауабы – қамшы. Ал, қамшы айтылған жерде жүйрік желмен жарысқан тұлпарлар, ат әбзелдері қоса айтылады. Мысалы: Алдымда бар нар қамыс, Артымда бар нар қамыс . Отырған жерім ой темір, Басқан жерім бай темір, Оң қолымда – тең қайыс, – деген жұмбақтың жауабы ретінде ат, үзеңгі, қамшы қатар алынған. Әрине, қамшы жайлы мақал-мәтел, жұмбақтар өте көп. Біз басты- бастыларын ғана айтып өттік.

БАБАЛАРДЫҢ ТАҒЫЛЫМЫ

Қамшының қасиеті жайлы өңірімізге танымал біраз кісілерден пікір сұраған едік. Әуелі тарих ғылымдарының магистрі, Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев қамшы туралы айтып берді. – Қамшының қасиетін зерттеу – біле-білген кісіге ғылым. Қамшыны ең алғаш Шоқан Уәлиханов зерттесе, атақты ғалымдар Әлкей Марғұлан да, Халел Арғынбаев та қамшыны зерттеуден жалықпаған. Қамшы жалпы түркі халықтарына тән құндылық. Оның ішінде қазақ пен қырғыз халқы баса назар аударған. Қамшыны іліп қоюдың да өз қағидасы бар. Бұл қастерлі затты атам қазақ салбыратып ілмеген. Екі бүктеп, жинақы ұстаған. Қамшыны ұстап кірудің де мағыналары көп болған. Бұл құндылықты салбыратып кіру дауласудың белгісі. Қамшыны бойжеткен қызы бар үйдің керегесіне іліп кетсе, құда болайық дегенді білдіреді. Егер қыз құдаласуға ниеттенген жақтағы жігітті қаламаса, қыздың әкесі ұсыныс білдірген жаққа «Қызымның қалауына сай келмеді» деп, қамшыны кешірім сұрап қайтарып отырған. Ал, үйдің төрінде қамшы салбырап тұрса, сол үйдің ер азаматы бақилық болғанын білдіреді. Қамшыны мықты ұсталар өгіз терісінен таспа тіліп өрген. Сабын көбінесе тобылғы ағашынан жасаған. Тобылғы қатты ағаш. Кепкен кезінде сіресіп қалады. Оңайлықпен сынбайды. Қамшының түрі сәндік қамшы, үлкен мәмілелі жиындарға арналған қамшы, малға, шаруаға ұстауға қолайлы қамшы болып бірнеше түрге бөлінеді. «Шаңырақ» атты энциклопедияның екі беті толық қамшыға, оның қасиеттеріне арналған. Осыдан да қамшының қазақ халқының өміріндегі рөлін танып-білуге болады. Қамшы жайлы айтылар сөз көп. Болашақта да зерттеуді қажет етеді, – деді. Белгілі қоғам қайраткері Масат Берік те өз пікірін айтты. «Үйімізден жылқы малы арылған емес. Бала күнімізден тай жуасытып өстік, есейдік. Қамшының ата-бабамыздың өмірінде алатын орны ерекше. Ердің бес қаруының біріне саналған. Қазір қамшының қасиетін көпшілік қауым жете білмейді. Мән-маңызына терең бойламайтыны ащы шындық. Бұл құндылықтарымыздың құлдырап, салтымыздың сансырап бара жатқанын байқатады. Әйтпе се, бір қамшының айналасынан бүтін бір ұлттың болмысын, көзқарасы мен ұстанымын аңғаруға болады. «Қамшы – ұл болсаң қолыңда ойнайды, құл болсаң төбеңде ойнайды» деген. Аталарымыз қамшымен бір ұлтты тәрбиелеген. Қамшы – мал бағу, жан бағу, қорғану және батылдық пен биліктің белгісі. Халқымыздың тұрмысында қамшының қолдану аясы өте кең болған. Ер бала өмірге келсе, бесігіне қамшы ілген. «Қамшының қысқа сабындай» деп өткінші өмірді бейнелеген. Қазақтың қамшысыз тіршілігі жоқ. Бұл да қазақтың асыл қасиеті», – деді. Ал, Мойынқұм ауданын ширек ғасыр басқарған Айтбай Назарбековтың қызы, Тараз қаласының Құрметті азаматы Күләш Айтбайқызы «Қамшыда құндылық көп. Әкем қазақтың салт-дәстүрін көп білетін. Малшыларды көп аралап тұрды. Олармен малдың жайынан бөлек, ат пен қамшының қасиеті туралы да әңгімелесіп жүретін. Біздің үйде де қамшы қасиетті зат ретінде ілініп тұрды» деп пікір білдірсе, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайни Әлімбекқызы: «Осыдан 20 жыл бұрын Көкшетауға журналистік іссапармен барғанымда, естелікке қамшы сатып алып, марқұм әкеме сыйлық ретінде ұсындым. Әкем әлгі қамшыны көріп, ерекше қуанды. «Менің қызымның Көкшетаудан әкелген қамшысы» деп қолынан тастамады. Әкем құрметпен ұстаған сол қамшы үйімде әлі күнге сақталып тұр. Болашаққа да құнды мұра ретінде кете беретін жәдігер» деді. «Мен өзім көкпар тартып тұрамын. Жақсы аттар ұстаймын. Қолымнан да, үйімнің төрінен де қамшы түспейді», – дейді танымал айтыскер Бекарыс Шойбеков. Қазақ халқының өмірін басқа да құндылықтармен бірге қамшыдан бөліп-жарып қарауға болмайды. Қазақта «Қамшы салдырмады» деген сөз де бар. «Бәрінен озды. Жеке-дара келді. Қарсылас шыдатпады. Айтқызбай түсінді», деген мағыналарды береді. Қамшының қасиеті жайлы сөз алдағы уақытта да таусылмайтыны, айтыла беретіні анық.

Ұқсас жаңалықтар