Арманым – баспаналы болу

Арманым – баспаналы болу
ашық дереккөз
Арманым – баспаналы болу
Мен Жамбыл облысы, Талас ауданы Үшарал ауылында дүниеге келгенмін. Отан алдындағы борышымды Чехославакияда өтеп келдім. Жамбыл зоотехникалық малдәрігерлік техникумын бітірдім. Сол білімімді ары қарай жалғастыру мақсатында Алматы зоотехникалық малдәрігерлік институтының сырттай бөліміне оқуға түсіп, ойдағыдай аяқтадым. Жоғары білімді мал дәрігерімін. Қазіргі таңда зейнеттемін. Осы уақытқа дейін 11 рет ота жасаттым, II-топ мүгедегімін. Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесімін. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қатысушысымын. Мен 2015 жылы үй кезегіне тұрған болатынмын. Сол жылдан бері барлық қала әкімдерінің қабылдауында болып, табалдырығын тоздырдым. Үй кезегінде тұрған 7 жыл ішінде кезегім 3600-ге ғана жылжыды. Шынымды айтсам, үй кезегін ұзақ күтіп жүруге күш-қуатым жетпейді. Әупірімдеп күн кешіп, дәрі алуға да шамам жетпей қалатын күндерім бар. Несием де бар, зейнетақымнан төлеп отырмын. Кезінде қала әкімі Ержан Жылқыбаев өтінішімді тыңдап, «асарлатып үй салып береміз» деп уәде берген еді. Бірақ, кейін оның қызметі ауысып кетті. Одан кейінгі әкімдердің бәріне жолығып, жағдайымды айтып бардым. Бірақ, баспаналы болу – арманым болып қала берді. Денсаулығым төмендеп, қарттық жеңген тұста, үйсіз- жайсыз күн кешіп, далада қалудан қорқамын. «Қариясы бар елдің – қазынасы бар» деп, қартын құрмет тұтқан қазақтың бір қариясы отбасымен үйсіз жүргенін естіп, жанашырлық танытар жан болса, ақ батамды жаудырар едім. Шешімін таппай отырған мәселе осы баспанамның жоқтығы. 70-тен асқан шақта пәтер жалдап, көшіп- қонып жүру оңай емес. Негізі, әйелімнің атында жер бар еді. Ең құрығанда, сол үйді салуға көмек қолын созар жан болса деймін.  

Дүйсембек ТАУАСАРОВ,

зейнеткер.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар