«Жол картасы» жүзеге асуда

«Жол картасы» жүзеге асуда
ашық дереккөз
«Жол картасы» жүзеге асуда
Соңғы үш айда «Amanat» партиясының Сайлауалды бағдарламасының «Жол картасы» аясында Жамбыл облысында бірқатар әлеуметтік нысандар іске қосылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Атап айтқанда, екі медициналық нысан басы ауырып, балтыры сыздаған тұрғындар үшін есігін айқара ашты. Оның әуелгісі, Тараз қаласындағы 200 орындық онкологиялық диспансер болса, екіншісі 250 орынға шақталған Байзақ аудандық емхана. Сонымен қатар, Қордай және Меркі аудандарында 180 орындық мәдениет үйлері де ашылып, жұмысын бастады. Бұдан өзге, облыс орталығына жақын орналасқан Жамбыл ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды. Сайлауалды бағдарламада туризмді дамытуға баса көңіл бөлінген. Осы орайда, Жамбыл ауданында құны 720 миллион теңге болатын «Almaly resort» этнотуристік демалыс орталығы ашылды. Орталықтың ашылуы арқылы 45 адам тұрақты жұмысқа орналасқанын да айта кеткен жөн. Сондай-ақ, Тараз қаласында автобус паркіне қосымша 38 дана жаңа автобус сатып алынды. Бұл да партияның сайлаушылар алдында берген уәделерінің бірі болатын. Еске сала кетейік, осыған дейін «Amanat» партиясы алдағы 5 жылға арналған cайлауалды бағдарламасының Жол картасын бекіткен болатын. Ол ел аймақтарының экономикалық және әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған. Нәтижесінде тұрғын үй және жол инфрақұрылымының өзекті мәселелері шешіліп, медициналық қызмет көрсету, білім беру және басқа да салалардың сапасы жақсарады. Осылайша, Тәуелсіздіктің төл тартуы әрі туындысы ретінде көшбасшы партия Қазақстанмен бірге жаңғырып, елімізбен бірге қуаттануда. Ол осы жылдары жетекші күшке айналып қана қоймай, әрбір қазақстандықтың мүддесін білдіретін орган рөлін атқарып келеді. Партия елдіктің міндет-мұраттарын қоғамның қажеттіліктерімен қабыстырып, қатар ілгерілетеді.  

«Aq jol»-Aqparat.

Ұқсас жаңалықтар