Сенатор депутаттармен жүздесті

Сенатор депутаттармен жүздесті
ашық дереккөз
Сенатор депутаттармен жүздесті
Жуырда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков Байзақ және Жамбыл аудандарында болып, аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті. Халық қалаулысы өз сөзінде Сенат жұмысының жаңа сипаты және палата қабылдаған заң жобаларына кеңінен тоқталды. Әуелі Байзақ ауданына атбасын бұрған сенатор «Аmanat» партиясының аудандық филиалында аудандық мәслихат депутаттарымен жүздесті. – Сенат депутаттары қазіргі уақытта ел өмірінде ерекше орын алатын маңызды заңдарды қарастыруда. Өздеріңіз білетіндей, жақында өткен Сенаттың жалпы отырысында палата төрағасы Мәулен Әшімбаев сессия жұмысын қорытындылады. Сегізінші шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясы наурыз айының соңында ғана басталды. Осы уақыт ішінде жоғарғы палата Мемлекет басшысының елімізді жаңғыртуға арналған реформаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыстар атқарды. Үш ай мерзімде 25 заң қабылданды. Оның ішінде жалпыға бірдей декларациялау бар. Қолыңыздағы мүліктің бағасы турасында мемлекет алдында есеп беру – азаматтардың заң алдындағы міндеті. Одан бөлек, 2024 жылдан бастап 18 жасқа дейінгі балаларға арнайы есепшоттар автоматты түрде ашылады. Мұның өзі ел тұрғындары үшін көптен күткен қуаныш болмақ. Сондай-ақ, елімізде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында да біраз тірліктер атқарылып келеді. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Құжат аясында электр самокаттармен жолда жүру тәртібі реттеледі. Палата сонымен қатар, бұрын қабылданған заңдарға да түзетулер енгізеді. Қабылданатын заңдардың сапасын қамтамасыз ету мақсатында біз халықпен белсенді қарым- қатынас жасап келеміз. Заңдардың жүзеге асу барысын өз көзімізбен көру үшін шалғай жатқан елді мекендердің тұрғындарымен кездесулерге барамыз. Биылдың өзінде облыстан 87 өтініш келіп түсті. Жеке өзіме 25 өтініш келді. Мәселен, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 12 жұмысшысы менімен жолығып, қаржы мәселесіне қатысты шешілмей жүрген мәселелерін айтты. Өтінішті тыңдап, сол 12 адамның мәселесін заң жүзінде шешіп бердік, – деді Б.Орынбеков. Кезек сұрақ-жауап кезеңіне берілгенде депутаттар өздерін толғандырған сұрақтарын жолдап, нақты жауаптар алды. Аудандық мәслихат төрағасы Бақтияр Ақбаев аудандық полиция бөлімі қызметкерлері жаңа қызметтік көлік сұрайтынын және бейнебақылау камералары қажеттігін сұрап, өтініш жолдап отырғанын айтты. Ал, аудандық мәслихат депутаты Құралай Үкібаева Бурыл ауылы қалаға жақын болғандықтан, халық саны жылдан жылға артып келетіндігін, сондықтан «Жайлы мектеп» жобасы жалғасын тапса, жаңа мектептер салынса деген тілегін білдірді. Аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Мырзали Мәдімаров жаңа соғылған заманауи ауруханада медициналық аппарат толық қамтылғанымен, маман тапшылығы қатты сезілетінін жеткізді. Ондағы басты себеп – баспана мәселесінің шешілмеуі. «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен жас мамандарға тиісті қаржы қаралғанымен, ол қаржы баспана алуға жеткіліксіз болып тұрғанын айтты. Депутаттардың талап-тілектерін назарға алған сенатор бұл түйткілді мәселелерді тиімді шешудің жолдарымен бөлісті. Әрі қарай сенатордың жергілікті мәслихат депутаттарымен кездесуі Жамбыл ауданында жалғасты.  

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар