Ардагерлер арасындағы аламан

Ардагерлер арасындағы аламан
ашық дереккөз
Ардагерлер арасындағы аламан
Байзақ ауданы, Мәдімар ауылында аудандық ардагерлер кеңесі және Ынтымақ ауылдық округі әкімшілігінің ұйымдастыруымен еңбек және спорт ардагері Болат Шохайбаевты еске алуға арналған кешенді спорттық шара өтті. Турнир талабы бойынша додаға жасы алпыстан асқан ардагерлер қатысты. Ардагерлер арасындағы жарыс Болат Шохайбаевтың көзі тірісінде белсене қатысқан спорт түрлерінен, атап айтқанда волейбол, шахмат және бильярдтан ұйымдастырылды. Айтулы шараға Шохайбаевтар әулеті де демеушілік көрсетті. Айта кету керек, спорттық іс-шараға волейболдан облыстық спорт комитетінің төрағасы Т.Қарауылов, аудан әкімдігі спорт бөлімінің басшысы Е.Мамадияров, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы С.Ермеков, ардагерлер кеңесінің спорт және жастар жөніндегі орынбасары С.Кембаев қатысты. Іс-шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыстық және аудандық ардагерлер мен спорт ұйымдарының өкілдері Б.Шохайбаевтың өмір жолына және қоғамдық жұмыстарда атқарған еңбектеріне шолу жасай келе, осы іс-шараға мұрындық болған бауырлары мен ұрпақтарына алғыс білдіріп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Өз кезегінде ауыл әкімі М.Ноғаев еңбек және спорт ардагерінің ғибратты ғұмыр жолына кеңінен тоқталып, оның туған ауыл үшін істеген игі істерін, жастар тәрбиесі бағытындағы атқарған жұмыстарын айрықша атап өтіп, мұндай шара дәстүрге айналуының қажеттігін айтты. Мұнан соң спортшылар жеребе бойынша топ-топқа бөлініп, жарысқа түсті. Дүбірлі дода қорытындысы бойынша волейбол ойынына қатысқан 6 командадан бірінші орынды Тараз қаласының ойыншылары, екінші орынды Жамбыл ауданы, үшінші орынды Байзақ ауданы, Бурыл ауылының спортшылары иеленді. Шахмат ойынынан бірінші орынды сарыкемерлік Амангелді Оспанов, екінші орынды Кеңес ауылынан келген Ғалымжан Ақбердиев, үшінші орынды да Сарыкемер ауылынан ат терлетіп келген Қайымкүл Бесінбай, ал бильярд ойынынан бірінші орынды Дихан ауылынан Әзімбек Ойықбаев, екінші орынды мәдімарлық Әден Ибраимов, жүлделі үшінші орынды жетібайлық Серік Кембаев қанжығасына байлады. Жарысқа қатысқан барлық командаларға бағалы сыйлықтар мен дипломдар табысталып, жеңімпаздар қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Жарыс соңында Болат Шохайбаевтың рухына Құран бағышталды.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар