«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ең көп оқылатын шығармалар

Ең көп оқылатын шығармалар
ашық дереккөз
Ең көп оқылатын шығармалар
Әлемде ең көп оқылатын шығармалар аз. Десек те, оқырман жүрегіне, психологиясына әсер етіп, өзіне еріксіз баурап алатын, жұқпалы вирус секілді ұрпақтан-ұрпаққа тарай беретін шығармалар баршылық. Біз жыл өткен сайын сөреде сарғаймай, керісінше өзімен «ауыратын» оқырмандар аудиториясын кеңейте беретін шығармалардың бірнешеуін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 «Шебер мен Маргарита» – Михаил Булгаков

Аты бүкіл дүниежүзіне мәлім Михаил Булгаковтың шығармасы жан-жақты әрі тылсым дүниеге толы. Осы қалыппен жазушы әлем алаңында үлкен мәртебеге ие болған. Оқырман қауым жазушы романын әлі күнге дейін сүйіп оқиды. Жазушының ең атақты романы – «Шебер мен Маргарита» кітабы. Михаил Булгаков бұл шығарманы жазу үшін он бір жылын сарп еткен. Ол өмірінің соңына дейін осы шығармасына әртүрлі өзгеріс пен толықтыруды енгізіп отырған. Алайда, роман араға отыз жыл салып қана жарыққа шығады. «Шебер мен Маргарита» – XX ғасырда жазылған ең үздік орыс шығармасы болып есептеледі.

«Джейн Эйр» – Бронте Шарлотта

Бронте шығармасы Англия елінің мәдени мұрасына кірпіш болып қаланғаны анық. Себебі, роман Ұлыбритания мемлекеті шеңберінен шыға білді. Жазушының ең таңдаулы еңбегі деп «Джейн Эйр» романын айтса болады. Роман асқан шеберлікпен және терең мазмұнмен жазылған. XIX ғасырда әлем әдебиетінде алған өзіндік орны ерекше. Шығармада үй қызметшісі болып жұмыс істейтін қарапайым қыз туралы баяндалады. Ол тағдыр тауқыметіне қарамай, өз бақытын алыстан емес, жақыннан іздеуге тырысады.

«Дориан Грейдің портреті» – Оскар Уайльд

«Дориан Грейдің портреті» – әлемдегі ең әйгілі романдардың бірі. Оның басылымы 1891 жылы ағылшындар арасында дүрбелең тудырған. Шығармада адамгершілік туралы жат қылықтар көптеп жазылған деп сынға ұшыраған. Әйткенмен, бұл туынды өз оқырмандарын тапты. Кітапта автор кез келген адамның көкірегіндегі сұрақтарды қояды. Мысалы, сұлулықтың құдіреті қандай, махаббат дегеніміз не, өмірдің мәні неде деген секілді. Оскар Уайльд шығармасы экранға 25 мәрте шыққан.

«Кішкентай ханзада» – Антуан де Сент-Экзюпери

«Кішкентай ханзада» - Антуан де Сент- Экзюперидің ең танымал еңбегі болып саналады. Ертегі таңғажайып құбылыстарға толы. Шығармада достық пен махаббат, міндет пен адалдық, сұлулық пен зұлым күшке шыдамсыздық секілді тәрбиелік мағынасы мол дүниелер жақсы баяндалған. Француз жазушысы өз сөзінің бірінде «Біз барлығымыз балалық шақтан келгенбіз» деген қанатты сөзімен оқырманды одан бетер қызықтырды.

«Желмен ғайып болғандар» – Маргарет Митчелл

«Желмен ғайып болғандар» – АҚШ елінің азамат соғысы жайлы ұлы роман. Ол алғаш рет осыдан 70 жыл бұрын басылған. Алайда, кітап осы күнге дейін оқырманын еш жоғалтпады. Бұл – Маргарет Митчеллдің осы шығармасы үшін Пулитцер сыйлығын алған жалғыз романы. Кітапта өмірге деген сезімнің махаббаттан гөрі маңызды болатын кездері барын айтады.

«Қара бидай арасындағы құрдым» – Джер Д. Сэлинджер

Классикалық жазушы мансабы енді өрге шыққан кезінде әдебиетпен қош айтысуды жөн көрген. Кейіннен автор барлығын тастап, Американың түкпіріне кетеді. Жазушының «Қара бидай арасындағы құрдым» атты жалғыз романы әлем әдебиетінде түпкілікті өзгеріс жасады. Кітаптың аты мен романның басты кейіпкері Холден Колфилд өз есімінің артынан көп нәрсе жасырады.

«Тәкаппарлық және жалған сенім» – Джейн Остин

Көпшілік оқырманға таныс ағылшын жазушысы Джейн Остин шығармасын В.Скотт, В.Вулф, С.Моэм, Д.Б.Пристли, Р.Олдингтон есімді атақты лауазым иелері сүйіп оқыған. Ол «Тәкаппарлық және жалған сенім», «Мэнсфилд саябағы», «Эмма», «Нортенгер аббаттығы» секілді кітаптар жазған. Соның ішінде жазушыға үлкен жетістік алып берген «Тәкаппарлық және жалған сенім» романы болды. Бұл роман жайлы 1980 мен 1995 жылдары сериалдар мен кино түсірілген. 2005 жылы Кира Найтлидің сомдауымен толық метражды кино шыққан.

«Фаренгейт бойынша 451 градус» – Рэй Брэдбери

Бұл – Рэй Дугласке атақ пен абырой алып келген кітап. Кітапта ағын су өз арнасымен емес, кері бағытта ақса, күнді шығыстан емес батыстан шығатындай етіп көрсетеді. Қоғамдық-моральдық шектеулерге тыйым салынбаса не болатынын айшықтайды. «Фаренгейт бойынша 451 градус» кітабында осы антиутопия жайында айтылады.  

Бетті дайындаған Нұржан ҚАДІРӘЛІ.

Ұқсас жаңалықтар