Канал құрылысының кешігуіне кім кінәлі?

Канал құрылысының кешігуіне кім кінәлі?
ашық дереккөз
Канал құрылысының кешігуіне кім кінәлі?
Ауыл шаруашылығымен айналысатын өңірлер үшін өзекті мәселелердің бірі – су тапшылығы. Өз өңіріміздегі шаруалар да басқосуларда егіндік алқапқа ағын суды қажетінше жеткізе алмайтындарын жиі айтады. Ал, бұл салаға жауапты мамандар өзен, тау суларын егіндікке керегінше жеткізе алмаудың себебін каналдардың тозғанынан деп түсіндіреді. Биыл Байзақ және Жамбыл аудандарындағы Сәмбет, Байзақ, Белқожа, Қуат каналдарына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Алайда, жұмыс бекітілген мерзімнен кешіккен. Бұл диқандарға өз салдарын тигізбей қоймайтыны белгілі. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Шәкір Момынқұловтың айтуынша, аталған каналдардың құрылыс жұмыстарының уақтылы орындалмауынан су айналма каналдар арқылы беріліп, су шығынының артуына себеп болып отыр. – Қазіргі уақытта егіс алқаптарын суармалы сумен қамтамасыз етуде бірқатар мәселелер туындап отыр. Біріншіден, трансшекаралық өзендерден судың тұрақсыз берілуі. Соңғы жылдары Қырғыз тарапының Шу және Талас трансшекаралық өзендерінің ағындарын бөлу туралы ережелерде көзделген су бөлу шарттарын, сондай-ақ, вегетациялық кезеңде су берудің бекітілген кестелерін сақтамауы басты мәселе болып отыр. Жалпы, соңғы жылдары Қырғыз Республикасы жағынан трансшекаралық өзендер арқылы су жеткізілмеу көрсеткіш бекітілген кестенің 25-50 пайызын құрайды. Екіншіден, каналдарды реконструкциялау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың бекітілген мерзімінде аяқталмауы. Облыста Халықаралық қаржы институттарының несиесі есебінен («Еуропа қайта құру және даму банкі», «Халықаралық қайта құру және даму банкі») 69,1 мың гектар алқапта жалпы құны 40 миллиард теңгені құрайтын 2 жоба жүзеге асырылуда. Ол суару арналарын, дренаждық жүйелері мен құрылыстарын реконструкциялау бойынша жүргізілуде. Жобалар аясында жалпы ұзындығы 876 шақырымды құрайтын 361 су нысанын қалпына келтіру көзделген. Бүгінгі күнге 498,1 шақырымды құрайтын 169 су нысандарында жұмыстар аяқталып, 33,9 мың гектар суармалы алқап қалпына келтірілді. Қайта жаңғырту жұмыстары 46 пайызға орындалды. Қалған 35,2 мың гектар жерді қалпына келтіру каналдарда қайта жаңғырту жүргізіп жатқан мердігерлердің құрылыс жұмыстарын бекітілген мерзімінде орындамауы салдарынан жыл соңына дейін тағы шегеріліп отыр, – дейді Шәкір Мадиярбекұлы. Облыста 181 мың гектар суармалы жер бар. Соның 94 мыңнан астам гектары келісімшарт бойынша «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорыны арқылы суғарылады. Қалғаны бастаулардан, тау суларынан, ішкі өзендерден су ішеді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Шәкір Момынқұловтың айтуынша, каналдарда жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту құрылыстарының кешігуі «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының ұйымдастыру жұмыстарын уақтылы атқармаудан орын алған. Су бетондалған канал арқылы жеткізілмегендіктен бар су ысырап болып жатыр екен. Ал, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының жергілікті өкілдері қайта жаңартылатын каналдардың құрылысы кешіккенімен, диқандар қосалқы каналдардан егінін суғарып отыр дейді. Жамбыл ауданындағы ұзындығы 12,9 километрді құрайтын Қуат каналының құрылысын жүргізіп жатқан «Толағай – 2050» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас инженері Бақыт Тұрсанов 2-3 күнде құрылыс аяқталып, бетондалған каналмен су жіберілетінін айтты. Яғни, жамбылдық шаруаларды қуантатын күн де алыс емес.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар