Тылсым табиғат – теңдесі жоқ байлық

Тылсым табиғат – теңдесі жоқ байлық
ашық дереккөз
Тылсым табиғат – теңдесі жоқ байлық
Орайын тапса, дархан даланың табиғатын игілік көзіне айналдыруға болатындығына көз жетті. Елімізде осынау табиғаттың мол ресурстарын игеруге, «Жасыл экономикаға» бетбұрыс жасалып, ол мемлекеттен қолдау тауып келеді. Қазіргі таңда облысымызда жел мен күннен және судан энергия өндіретін 327,6 мегаваттық 17 станса жұмыс істеуде. Бұл республика бойынша 20 пайызды құрайды. Облыс аумағында орналасқан 5 күн, 6 су электр және 6 жел стансалары қалыпты жұмыс атқарып келеді. Жасыратыны жоқ, бүгінде елімізде баламалы табиғат көздерінен қуат алу мәселесі әлі де болса толық шешімін таппаған. Ал, әлем дамудың жаңа экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жолдарын қажет етеді. Міне, сондықтан да Қазақстан «Жасыл экономикаға» бет бұрды. Бұл еліміздің географиялық орналасу жағдайын, жел және күн энергиясын пайдалану мүмкіндігін, сондай-ақ, мұнай және газ ресурстарының энергетикалық әлеуетін ескерсек, жалпы қажеттіліктің орнын толтыру үшін де тамаша мүмкіндік. Жалпы, еліміздің сағатына 1 триллион киловатт энергия өндіруге мүмкіндігі бар. Ал, өңірдегі электр қуатын өндіретін стансалар санын 32 нысанға және өндірілетін қуат көзі 1251 киловатқа жеткізу жоспарланған. Бүгінде Шу ауданында баламалы энергия көздерін пайдалануда бір ғана күн электр стансасы жұмыс істеп тұрған жоқ. Бірнеше бағытта жұмыс істелуде. Мәселен, 2013 жылы Шу ауданы аумағында «Компания АТ-Энерго А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұйытқы болуымен Тасөткел су қоймасы маңынан салынған станса судан энергия өндіруде. Бұл станса былтыр су электр стансасының екінші кезеңін аяқтап, үшінші жобаны жүзеге асыруда. Ендігі кезекте аудан орталығынан шалғай орналасқан Шоқпар ауылдық округінде тәулігіне 110 мегаватт энергия өндіретін жел электр стансасының құрылысы басталған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының екінші кезеңі жүргізілуде. Жобаның жетекшісі «WINDHAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жобаның құны 71 миллиард 500 миллион теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін аудан әкімдігі шалғайдағы Шоқпар ауылдық округінен 155,8 гектар жер телімін бөліп берген. Жоба «Еуропалық қайт а құру және дамыту» банкінің «Жасыл экономикаға көшу» бағдарламасы аясында қаржыландырылуда. Мамандардың есептеуі бойынша, көмірмен жұмыс істейтін электр стансаларымен салыстырғанда, сондай қуаттылықпен жел электр стансалары жылына 109500 тонна көмір, 1031 тонна күкірт диоксиді және 934 тонна азот оксидін үнемдеп, көмірқышқыл газының шығарындыларын 289 мың тоннаға, түтін мен шаңды 322 тоннаға азайтады екен. Сондай-ақ, күл-қоқыс көлемін 32900 тоннаға төмендетеді. Қазіргі таңда адамзат өзіне қажетті электр қуатының 6-7 пайызын желден алуда. Жел энергиясы жөніндегі әлемдік кеңестің мәліметі бойынша, 2030 жылға таман жаһандық энергетикалық өндірісте жел энергиясының үлесі 20 пайызға жетпек. Жел қуатын өндіруге, әсіресе Еуропа мемлекеттері барынша мән беруде. Мәселен, Дания қазірдің өзінде жел генераторларының көмегімен барлық электр қуатының 40 пайызын, Португалия – 23, Испания – 16, Ирландия – 14, Германия 8 пайызын өндірсе, біздің елімізде бұл көрсеткіш 0,5 пайыз деңгейінде ғана болып отыр. Міне, осындай жағдайларды ескере келе, біздің ел осыдан бірнеше жыл бұрын «Жасыл экономикаға» өту жөнінде шешім қабылдап, оның тұжырымдамасын әзірледі. Мұның экологиялық жағдайдың жақсаруына үлкен әсері болары сөзсіз. – Баламалы энергия көздерін дамыту бойынша жұмыстар ойдағыдай жүріп жатыр, оған климаттық жағдайымыз да қолайлы. Өндірістік қуаты жағынан еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш бізге тиесілі. Сондықтан жұмысты жалғастыра отырып, түрлі нұсқаларды қарастырып, инвесторлар тарту қажет. Баламалы энергетика – бұл стратегиялық маңызды бағыт, оны дамыту Президентіміздің тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатқанын еске салғым келеді. Біз жаңартылған энергия көздері нысандарын салу үшін қай жерде және қандай мүмкіндіктер бар екенін нақты білуіміз керек. Менің ойымша, барлық ауданда оларды салуға мүмкіндік бар, – деді аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков. Жалпы, соңғы жылдары Әулиеата өңіріндегі күн энергиясын өндіру саласында соны серпін байқалады. Атап айтсақ, Жуалы ауданындағы сағатына 100 мегаватт қуат өндіретін «Бурное солар – 1» серіктестігі тиесілі күн электр стансасының өзі өңірдің энергия өндірісіндегі қауқарына көптің көзін жеткізіп отыр. Айта кету керек, орталық Азиядағы ең үлкен күн электр стансасы әуелгіде сағатына 50 мегаватт қуат өндіретін. Араға жылдар салып, Тұңғыш Президенттің қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір аясында Жуалыда бұған дейін жұмыс істеп тұрған стансаның екінші кезеңі басталып, өндірілетін қуат мөлшерін екі есеге арттырды. Енді міне, дәл осындай күн электр стансасының құрылысы Шу ауданы Алға ауылы жанынан бой көтерді. – Мұнда орнатылған панельдер 25 жылға дейін тоқтаусыз жұмыс істейді. Сонымен қатар, бұл жобаны дәл осы Шу ауданы аумағында орналастыруымыздың екі бірдей себебі бар. Оның алғашқысы – ауданның күн сәулесі жақсы түсетін жоғары аймақтардың қатарына жатуында болса, екіншісі – мұнда «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының соғылуы. Әлбетте, 500 гектардан аса жерді алып жатқан арнайы экономикалық аймақ толық қуатында жұмыс істегенде электр энергиясына деген тапшылық әжептәуір сезілетін болады. Сондықтан, бұл жоба біз үшін де, экономикалық аймақ үшін де өте тиімді болып отыр, – дейді француздық «Total Eren» мұнай-газ компаниясының еліміздегі өкілі және «M-Kat Green» серіктестігінің бас директоры Илья Чернодаров. Аудандағы инве стициялық жобаның жалпы құны – 60 миллиард теңге. Сондай-ақ, мұндағы құрылыс жұмыстарының бас мердігері Жуалы ауданындағы күн электр стансасының құрылысын жүргізген «METKA-EGN.KZ» серіктестігі. Электр стансасы толық қуатында жұмыс істегенде облыста электр қуатына деген тапшылық толық жойылмаса да, едәуір қысқаратыны сөзсіз. Бұдан бөлек, Шу ауданында өткен жылы тағы бір су электр стансасының құрылысы басталған болатын. Оның да құрылысын сондағы «Тасөткел» су электр стансасының мердігері «Компания АТ-Энерго А» серіктестігі жүргізуде. Жобаның қуаты сағатына 7 мегаватты құрайды. Жобаға жауапты «АНТ Энерго А» серіктестігі директоры Батыржан Қожайбайдың айтуынша, жобалық құны 5 миллиард 163 миллион теңгені құрайтын стансаға ресейлік «ЛОГИТЭК» серіктестігі инвестиция құйған. – «Тасөткел» су қоймасындағы үшінші стансаның құрылысы өткен жылдың тамыз айында басталған. Жоспар бойынша станса биыл толығымен пайдалануға беру жоспарланған. Құрылысқа жауапты бас мердігер «ПМК 46» серіктестігінің жұмысшылары жұмысты дер кезінде бастап, құрылыс қарқынды жүруде. Жаңа стансаға жергілікті әкімдіктен 4,5 гектар жер телімі берілген. Қабырғасы қаланып жатқан су электр стансасы түгелдей австриялық құрал- жабдықтармен жабдықталады. Бұл өз кезегінде энергия өндірудегі сапаның жоғары болуы үшін аса маңызды болып отыр. Бір ескеретін жайт, қазір салынып жатқан су электр стансасы біздің үшінші жобамыз. Сәтін салса, алдағы жылдары «Тасөткел» су қоймасының маңынан күн электр стансасының құрылысын бастауды жоспарлаудамыз, – дейді серіктестік директоры. «Компания АТ-Энерго А» серіктестігі Шу ауданы аумағында 2013 жылдан бері жұмыс істеп келелі. Аталған серіктестіктің ұйытқы болуымен сол жылдары бірегей жоба жүзеге асқан болатын. Атап айтсақ, «Тасөткел» су қоймасы маңынан судан қуат өндіретін стансаның құрылысын жүргізіп, пайдалануға берді. Өткен жылы серіктестік су электр стансасының екінші кезеңін жүзеге асырды. Бұл стансадан өндірілген электр энергиясын Қордай мен Т.Рысқұлов аудандарының тұғындары тұтынса, екінші салынған станса өз өнімін «KEGOK» АҚ-на өткеруде. «Компания АТ-Энерго А» серіктестігі директоры Саид Ахаев былтыр екінші жоба сәтті аяқталғаннан кейін үшінші су электр стансасының құрылыс жұмыстарын бастап кеткенін, ол жұмыстар жартысынан асқанын айтты. Оны алдағы уақытта тапсырмақ ниетте. Жоғарыдағы аталған барлық жобалардың жүйелі жұмыс істеуінің нәтижесінде бюджетке түсетін салық өсімі еселеніп, жаңа жұмыс орындары ашылып, сондай-ақ, өнеркәсіп пен құрылыс нысандарының қатары арта түсетіні сөзсіз. Мұның бәрі аудан тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайын жақсартуға септігін тигізері де анық. Жоғарыда аталған барлық жобалардың жүйелі жұмыс істеуінің нәтижесінде бюджетке түсетін салық өсімі еселеніп, жаңа жұмыс орындары ашылып, сондай-ақ, өнеркәсіп пен құрылыс нысандарының қатары артады.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Шу ауданы

Ұқсас жаңалықтар