«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Руды емес, ұлтты ойлайтын кез

Руды емес,  ұлтты  ойлайтын  кез
ашық дереккөз
Руды емес, ұлтты ойлайтын кез

Тәуелсіздік мерекесі жақындаған сайын бірер жыл бұрын болған бір жәйт ойыма орала береді. Қала емханаларының бірінде жасы жетпістен асқан қарт әжені жолықтырғаным бар. Қасындағы замандастарымен емен-жарқын әңгіме құрып, өте көңілді отырды. Әңгіменің майын тамызып отырған апайдың сөзіне еріксіз құлақ түрдім. «Студент немереме қарау үшін қартайған шақта қалаға келдім. Балаларға үйді бесінші қабаттан алыңдар дедім. Қиналсам да мініп-түсемін. Есесіне, бір замандарда біздің рухымызды жерге тыққан екі-үш коммунистің төбесінен қарап отырамын» деп апам бір күліп алды. Сөйтті де, жас кезінде тіл білмей, содан көрген қиындықтарын тізбелей жөнелді де:

– Мені қазір ешкім кемсітпейді, кекесінмен қарамайды. Ұрпағым бақытты өмір сүруде, – деп әңгімесін аяқтады. Мен, бүгінгі жас, сөйтіп Тәуелсіздіктің қадірін сол әжейдің әңгімесі арқылы түйсіндім. Мереке қарсаңында Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуын сөз еткеніміз абзал деп білемін. Жұрт біліп жүрсін,Тәуелсіздіктің біздің ұлтқа қаншалықты қымбатқа түскенін. Қолда бардың қадірін біліп, жан-жағымызға қарап, жағдайымызды бағамдауды үйренейік. Ал оған қол жеткізу үшін талай жылдардың қатпарында тапталып келген ұлттық намысты оятуымыз керек. Қазақ деген сөздің аясында барша қазақстандықтарды топтастырайық. Бүгінде қазақ деген ұғым ру деген тар түсініктің көлеңкесінде қалып бара жатыр. Сондықтан, ру емес, қазақ деп мақтанатын болсақ, біздің ұлтты дау да, жау да ала алмайды. Өйткені, өжет ұлдарымыз бен намысты қыздарымыз ата-баба аманатына қашанда берік!

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар