Ынтымақ пен бірліктің бастауы

Ынтымақ пен бірліктің бастауы
ашық дереккөз
Ынтымақ пен бірліктің бастауы
Әділетті Қазақстанның азаматтық қоғамын құруда өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының қосып отырған үлесі зор. Аймақта бірлік, бейбітшілік пен келісімді нығайтуды көздеп отырған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Жалпыұлттық азаматтық бірегейлік – қазақстандық қоғамның жаңа моделінің іргетасы» атты ХXVІ сессиясы өтті. Оған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов, облыстың ҚХА хатшылығы мен аймақтық құрылымдар, этномәдени және басқа да қоғамдық бірлестіктер, ұйымдар өкілдері қатысты. Сессия облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінде еліміздің Гимнімен ашылды. Сессияны облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев ашып, алғашқы сөзді баяндама жасау үшін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры, ҚХА мүшесі Мұхтар Байжұмановқа берді. Ол «Ұлттың мәдени кодын сақтаудағы қазақ мәдениетінің рөлі» тақырыбында сөз қозғап, университет пен өндіріс, ғылым мен экономика саласында атқарылып жатқан және Ассамблея іргесінен ашылып, жұмысын жаңа бастаған жастар қоғамдық бірлестігінің жұмысына да тоқталып өтті. Сондай-ақ, сессияда Виктория Хан сөз алып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту арқылы бірлік пен өзара түсіністік құндылықтарын қалыптастыруға болатынын айтты. Ол жастарды Президентіміздің үш тұғырлы тіл идеясын қолдайтынын сөз етіп, ел жастарын бірінші кезекте мемлекеттік тілді үйренуге шақырды. «Мемлекеттік тілді үйрену менің қолымнан келді, сіздердің де қолдарыңыздан келеді» деп жастарға үндеу тастады. Ал, «Ордабасы» топтық ойыны РҚБ Қазақстандық федерациясының» президенті, ҚХА мүшесі Р.Исмазов қазақ халқының спорт түрлері мен спорттағы жетістіктері туралы айтып, спорт халықтар достығын нығайта түсетінін жеткізді. Қорытынды сөз облыс әкімі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұржан Нұржігітовке берілді. – Менің алдымда үш адам ауқымды баяндама жасап, жақсы ұсыныстар айтты. Сіздердің тараптарыңыздан ұсыныс айтылып жатса, біз оны әрдайым қолдауға дайынбыз. Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы – жалпыұлттық келісім мен бірлікті нығайту, бейбітшілікті сақтау, мемлекеттік саясат пен жүргізіліп жатқан реформаларды жүзеге асыру жөніндегі маңызды мемлекеттік миссияны атқарады. Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблеяның ХХХІІ сессиясында «Ассамблея – елді саяси жаңғыртуда, ұлттық бірлікті нығайтуда маңызды рөл атқарады. Ассамблея реформаларды, қоғамдық қолдауды кеңейтуге, мемлекет дамуының стратегиялық міндеттерін шешуге барлық этностарды тартуға ықпал етті» деп әділ бағасын берген еді. Сондай-ақ, Түркістан қаласында өткен құрылтайда да Әділетті Қазақстан құруда ынтымақ пен бірліктің қаншалықты маңызды екенін айтты. Бүгінде ұлттар мен ұлыстар арасындағы ынтымақ пен достықты ұстануда облыстық Ассамблея өзіне жүктелген талаптан шығып келеді, – дей келіп, Нұржан Нұржігітов Ассамблеяның бүгінге дейін атқарылған жұмыс барысына тоқталды. Келесі кезекте облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасарлары таныстырылды. Соңынан сессия шешімінің жобасы ұсынылып, қабылданды. Іс-шара соңында облыстағы ҚХА жұмысына атсалысып жүрген Ассамблея мүшелері «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен және облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар